18.5 C
Turkestan
Сәрсенбі / 20 Наурыз 2019 / 13 Раджаб 1440
Таң:
Күн:
Бесін:
Екінті:
Шам:
Құптан:
Сәрсенбі / 20 Наурыз 2019 / 13 Раджаб 1440
Yassi.kz – Діни-танымдық порталы
Сұрақ - Жауап

“Хайыр иншалла” сылтаудың бір түрі емес пе?

 

С: Ісі ойлағанындай аяқталмаған кісінің «хайыр иншалла» (мұнда Алланың хайыры бар шығар),- деп айтатынын естіп жүрміз. Сол нәрсе өзімізді алдау немесе жауапкершіліктен қашу емес пе?

 

Ж: «Құдайды күлдіргің келсе, жоспарла»,-деп, аталарымыз адамның қалауының әрдайым орындала бермейтінін қалжыңмен тұспалдаған. Алла Тағала бақара сүресінің 216 аятында мұсылмандарға былай дейді:

 «…Қайдан білесіңдер, бәлкім, ұнатпаған нәрселерің түбінде өздерің үшін қайырлы болар. Сондай-ақ, ұнатқан нәрселерің түбінде өздерің үшін зиянды болуы бек мүмкін. Ақиқатын Алла біледі, сендер білмейсіңдер».

Жоғарыдағы аяттан алатын тағылымыз сол, кейде адамның “зор” деп білгені шын мәнінде маңдайына сор боп тиетіні. Ал, “бәлекет”
деп білгені шын мәнінде берекет әкелуі.

Берекет келсе, хош! Ал ісіміз зейнетін емес бейнетін әкелсе оған біз қаншалықты жауаптымыз? Оның хайыры болуы мүмкін бе?

Әрине мүмкін. Бірақ, ол үшін кейбір алғышарттар орындалуы тиіс;

Біріншіден: әрбір ісімізіді “бисмилләмен” бастаймыз. Ол деген сөз: арам немесе адалдығы күмәнді болған істерді істеу былай тұрсын, маңына да жоламаймыз. Себебі күнәлі істе “бисмилләні” айту мазаққа жақын болады. Мысалы: “бисмиллә” айтып, арақ ішу немесе арақ ішілетін отырыстарға бару сияқты.

Екіншіден: “бисмилләдан” кейін сол ісімізге қатысты бар білгенімізді ортаға салып, керек болса басқалардан көмек сұрай отырып, істің ойдағыдай бітуі үшін шариғат шеңберіндегі барлық себептерді қолданамыз. Мысалы ҰБТ-дан сүрінбей өтуді мақсат қойған оқушы жыл бойы сабақтарға толығымен қатысып, ұстаздарының айтқанын көңілге тоқып, түсінбей қалғанын мұғалімінен не, басқа сыныптастарынан қайта сұрап, аталмыш мақсатқа жетуге барын салуы керек. Ал, сабаққа бармастан, кітап бетін ашпастан, Алладан жәрдем сұрау – жер бетіндегі Алланың қойған заңдылығына қайшы келеді. Бұндай жағдайда Алланың көмегінің келуі екі талай.

Тек осыдан кейін ғана, яғни ісімізді “бисмилләмен” бастап, қолдан келген мүмкіншіліктердің бәрін қолданғаннан кейін бізге қалған нәрсе – әлсіздігіміз бен мұқтаждығымызды мойындап, Аллаға жалбарынып, одан хайырлы нәтиже сұрау.

Бұлардың бәрін ықыласпен риясыз жасағаннан кейін, нәтиже не болса, ол болсын оның біз үшін хайырлы болатынына еш зәредей күмәнсыз сенеміз. Бәлкім емтиханнан төмендеу балл жинап, қатардағы қарапайым университетке түсу – бір талапкер үшін ең жоғары балл жинап, өзі қалаған оқуға түсуінен әлдеқайда хайырлы болуы мүмкін. Оны біз біле алмаймыз.

Мысалы: әлгі талапкер жоғары балл жинап, түскен оқуында танысатын дос-жарандары немесе өмірлік жары оны имани тұрғыда әлсіздікке апарып, тозаққа сүйреуі мүмкін болғаны сияқты төмендеу баллмен өзі қаламай түскен оқуында оған кезігетін жандар оның екі дүниедегі бақытына себеп болуы мүмкін.
Сөзімізді түйіндей кетсек, қандай да бір істі Алла атымен бастап, оның жандануына барымызды салғаннан кейін, тәуекелмен нәтижені Алладан күтеміз. Ойдағыдай болса, “шүкір” дейміз. Болмаса, “хайыр” дейміз. Ал қойылған мақсат үшін саусағымыздың ұшын да қозғалтпастан «көмек Алладан» деп жата берсек, бұл – өз өзімізді алдау немесе жауапкершіліктен қашу болып табылады.


“Түркістан-Ахмет Яссауи” орталық мешітінің
наиб имамы: Еркебұлан Сейітжанұлы

                                                                                                  

Ұқсас жазбалар

Екіжүзді іргеңде жүруі мүмкін….

Yassi.kz

Мұхаррам және Сафар айларында үйленуге болмайды деген рас па?

Yassi.kz

Құранды басыма жастап жатсам не болады?

Yassi.kz

Пікір қалдыру