Жаңалықтар Жергілікті

ЖАРДЫҢ ЖАҚСЫСЫ БОЛУ ҮШІН…

Пайғамбарымыз с.а.у әйелдің жақсысы – діндары екенін айтқан. Ерлер – түздің адамы болғандықтан, үй ішіндегі шаруаның бәрі отанасының мойнында.

Лағынеті шайтан алдымен әйелді азғыратыны айтылған. Отбасы-ошақ қасында туындайтын кикілжіңдердің дені тілді тартпаудан басталады екен.

Қыз баласын кішкентайынан имандылыққа баулып, азаматын ардақтайтындай етіп тәрбиелеу керек. Ерінің айтқанын екі етпейтін жар жәннаттық болады.

Одан да бұрын қияметте әрбір әке қызына берген өнегесінен жауапкер болады. Ата-ана үшін көргенді қыз жәннаттың бір кілті.

Қазір еліміздегі көптеген мешіттерде қыз-келіншектер бөлімдері жұмыс істеп тұр. Онда тек діни сауат ашып, Құран жаттап қоймай, мұсылман әдебін үйреніп шығады.

Кентау қалалық орталық мешітіндегі қыз-келіншектер бөлімінде интелектуалды сайыс өтті. Шәкірттер сенім, міндет, хадис, Құран ережелері мен Пайғамбар с.а.у өмірбаянынан, қазақи салт-дәстүрден білімдерін сынады.

Қаланың бас имамы Ғалымжан Айекеев қатысушыларға сәттілік тіледі. Білім алудың артықшылығын айтты.

Жарыс тек сұрақ-жауап форматымен шектелмей, тағылымы мен тәлімі мол сахналық қойылымдармен де өрілді. Жеңімпаз топтарға діни сауат ашу курсының сертификаты мен арнайы сыйлықтар берілді.

Кентау қалалық орталық мешітінің баспасөз қызметі

Пікір жазу