Жаңалықтар Жергілікті

ЖАНТ: ҰЯДА БӘРІ ДҰРЫС ПА?

Жарық дүниеге келген бала перзентханадан шығарылған соң, қайда барады? Тілі шығып, өз қолы өз аузына жеткенше, қайда болады?

Әлбетте, үйінде болады. Демек, алғашқы тәрбиенің негізін өз отбасында ата-анасынан алады.

Дана халқымыз “балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі” дейді. Ал, ұяда бәрі дұрыс па?

Балаға бұрыс қылықтарды кім үйретеді? Тәрбие көрмеген ата-аналар үйретеді.

Қоршаған ортаны кінәлау бекершілік. Ол ортадағы адамдар да кезінде өз ұясынан ұшып шыққан балалар.

Тәрбиенің бірінші мектебі – жанұя. Отбасы құндылықтарын ошақ басында дұрыс тәлім алған жас сақтайды.

Әке-шешесінен іліп алар үлгісі жоқ, ұл мен қыз қандай болады? Олар сол айналасындағы игі жақсыларға қарап бой түзеуі тиіс.

Үйде мектепті, мектепте үйді кінәлаумен іс бітпейді. Бізде жастар тәртібіне қатысты проблеманың бары рас.

Салдарын іздей бермей, мәселені шешуге көшу керек. Қазір үйде ата-ана айналыспаған тәртіп мәселесімен ұстаздар мен имамдар, психологтар айналысуда.

Балаға жауапты – ата-ана. Бағып-қағудан маңыздысы әдепті, иманды ұрпақ өсіру.

Әдептен жұрдай баланың алдында құрдай жорғалай берсеңіз, екі дүниеде де күйікке айналатынын ұмытпаңыз. “О дүниеге бара көрерміз” десеңіз, балалары шалыс басып шаштары ағарып жүргендерге қарап, “Құдай сақтасын” деп қоя салмай сақтанған жөн.

Перзенттерді пұшайман күйге түсірмеу үшін тәрбиесін түзеу керек. Т.Тоғысбаев атындағы мектепте отбасы құндылықтарын сақтауға қатысты жиын өтті.

ЖАНТ мүшесі Үсен Саурбеков жас өскіндерге жақсы адам болудың, бақытқа жетудің жолдарын айтты. Отанды сүюдің – иманнан, ал, Отанның отбасыдан басталатыны еске салып, жауапкершіліктерін сөз етті.

Төлеби аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі

Пікір жазу