Жаңалықтар Жергілікті

ЖАҢА ҒИМАРАТТАҒЫ АЛҒАШҚЫ МӘЖІЛІС ӨТТІ

Түркістан облысы әкімдігінің жаңа ғимаратында алғаш аппарат мәжілісі өтті. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев құттықтау сөзбен жиналысты ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Мәжілістің күн тәртібінде өңірдегі құрылыс саласы мен Түркістан қаласының дамуы, тұрғын үй құрылысы және экологиялық мәселелер қаралды.

Түркістан облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, мемлекеттік – жекеменшік әріптестік (МЖӘ) аясында жүзеге асып жатқан жобалар бойынша Түркістан облысы елімізде көш бастап келеді. Атап айтсақ, Түркия кәсіпкерлері халықаралық әуежай құрылысы мен денсаулық сақтау саласына тиесілі кешендерді жүзеге асырмақ.

Жиын барысында басқарма тарапынан облыста МЖӘ датыму жөнінде ұсыныстар берілді. Олар: табиғи газ нысандарын сенімгерлік басқаруға беру, Түркістан қаласында тұрғын үй салу, жеке әріптес анықталмаған жобалардың есептеулерін қайта қарау, аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен ішкі көшелерді серіктестікке сеніп тапсыру, елді – мекендердегі санитарлық-тазалау жұмыстарын сервистік қызметке беру.

Облыс басшысы бюджет шығындарын жеңілдету үшін мемлекеттік – жекеменшік әріптестік тетігін тиімді әрі белсендірек қолдану қажет екенін атап өтті. Бизнес пен биліктің арасындағы көпірге айналатын тәжірибеге тоқтала келе, инвесторларға қолайлы ұсыныс жасап, әлеуметтік маңызы бар салаларға басымдық беру керектігін талап етті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Пікір жазу