Жаңалықтар Жергілікті

Түркістан облысында аттестаттау басталды

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы биылғы сараптаудың тәсілін өзгертті. Аттестаудың «әупірімі» басталғаннан «құлатты, сұлатты» дегендейін әңгімелер желдей есетіні бар. Артық сөзге қалмау үшін тестілеуде ашықтықты қалыптастыру басталды. Бес жылда бір өтетін сынақты дін қызметкерлері электронды нұсқада тапсыратын болады.

Комиссия мүшелері Жамбыл облысы мен Алматы, Шымкент  қаласының дін мамандарына жаңа тәсілдің ұнағанын айтты. Өйткені тестілеуде адам араға түсе алмайды. Кімнің қалай тапсырғаны жөніндегі мәліметтің бәрі компьютер базасында сақталады.

Сарыағаш медресе-колледжіндеТүркістан облыстық өкілдігі бойынша сараптаудың ашылу рәсімі өтті. Бүгін мұнда Шардара, Жетісай, Мақтаарал, Қазығұрт аудандарының дін қызметкерлері тапсырды. Ертең аттестаттауды Сарыағаш, Келес имамдары жалғастырады.

Облыс бойынша сегіз жүзге жуық имам, молда, азаншылар білімдерінің деңгейін таразылайды. Олар Ақида, фикһ, заң бойынша 20-20 сұрақтан, 60 сауалға жауап беруі тиіс. Әр сұраққа 20 минуттан уақыт бөлінген.

Діни басқарманың бөлім меңгерушісі Нұрбек Әуезханұлы жаңа жүйенің ерекшеліктерімен және ережелерімен таныстырды.  Қажетті балды жинай алмағандардың қайта тапсыруға мүмкіндігі бар екенін айтты. Сондай-ақ, жауаптарды қателесіп қайта түзегенде сақ болуға шақырды.

Бұл сынақтан сүрінгендер бір айдан кейін қайта тапсыра алады. Ол кезде де өте алмаса не қызметінен шеттетіледі, не төмендетіледі.

Бұл білім сынағы. Ең үздік көрсеткішке ие болғандары «500 зияткер имам» жобасының тізіміне тіркеледі. Олар арнайы дін насихатшысы дәрежесіне жеткен соң, РАНТ қатарына қосылады.

Комиссия Төрағасы наиб Мүфти Алау Әділбаев аттестаттауға қатысушылардың баршасына сәттілік тілеп, дінге сіңіріп жүрген қызметтеріне алғыс білдірді. Пайғамбарымыздың с.а.у имамдар тұрмақ, жай адамдардың өзі бір күнін босқа өткізбеу керектігін, яки, ілім жинап, білім жетілдіруді үзбеу қажеттігі жайында айтқан хадисімен сөзін түйіндеді.

Облыс бойынша аттестаттау сенбі күні аяқталады деп күтілуде. Ол күні Арыс, Отырар, Созақ аудандары мен Кентау, Түркістан қаласының дін қызметкерлері сынақ тапсырады.

 

 

Түркістан облыстық мешітінің баспасөз қызметі

 

Пікір жазу