Жаңалықтар Жергілікті

СЫЙЛЫ ҚОНАҚТАРҒА БЕРДІ

Шариғат шарқы бойынша кез-келген дастарханның сыйлы қонағы – кедей, қарны аш міскіндер, ғаріп-қасерлер болмағы ләзім. Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафа с.а.у байлар шақырылып, кедейлер тыс қалған дастарханды ең жаманы деп атаған.

Нәбиіміздің с.а.у өзі ашқұрсақ жүрсе де, бұйырған дәм-тұзды міскіндермен бөліспей жемеген. Оларсыз ас та батпаған, тамағынан артық ас та өтпеген.

Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафа с.а.у жарты құрмамен болса да ауызашар беруге шақырған. Шүкіршілік, қазір құрманы Меккеден алдырып жейтін тоқшылық заман болып тұр.

Ауызашар берген адам оразашының сауабындай сауап алады. Ауызашар беру де қайырымдылықтың бір түріне жатады.

Рамазан айында мешіттер жабық болса да қолы ашық азаматтар жақсылық жасаудан шет қалмады. Зекет пен ауызашар қоржындарын тұрмысы төмен отбасыларға таратты.

Жетісай аудандық орталық мешітінде жастар ісі және зекет бөлімі жетекшілерінің ұйымдастыруымен 80 отбасыға жамағаттың жүрек жылуы берілді. Алла Тағала баршасына разы Болсын, берекесін Берсін!

Жетісай аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі

Пікір жазу