Жаңалықтар Жергілікті

САНСЫЗБАЙ ҚҰРБАНҰЛЫ: – ИМАМДЫҚ – КӘСІП ЕМЕС…

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы Созаққа барды. Жергілікті имамдармен “Білімді мыңды, білекті бірді жығар” тақырыбында семинар өткізді.

Қазір қоғамда атеистер мен тәңіршілдер мәселесі өзекті болып тұр. Екі жақты талас-тартысты тамашалағанша, оларды дәстүрлі дінге тарту бір міндет екені даусыз.

Алла Тағала дін қызметін артқан құлдарынан айналасындағы қауымдардың имандылығы мен тақуалықтары үшін жауап алады. Руханияттың жаңғырмай жатқанынан ұялу керек.

Имамдарды жұрт арасында атқаратын діни рәсімдерден бұрын діннің жайы алаңдатуы тиіс. Ал, бізде әлеуметтік әлеуетін алға тартып қызметке келмейтіндер де бар.

Рахманның разылығы үшін қызмет етсе, Алла Тағала нәсіп пен нәпақасыз қалдырмайтынын түсінетін уақыт жетті. Ондай сеніммен жұмыс істеу үшін жұмысқа жүрдім-бардым қарайтын имамдардың санасын шаю қажет.

Ағымдар жан-жақтан анталап жатқанда білекті сыбанып “күреске” кірісу керек. Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафа с.а.у дін насихатын бір күрес деген емес пе?

Дін дұшпандарына дес бермеу үшін әдебиет, тарихтан да хабардар болу керек. Бүгінгі күні имамдарға зияткерлік тән құбылыс болып тұр.

Сансызбай ұстаз ауыл имамдарын жан-жақты әрі жауапкершілікті болуға шақырды. Діннің сарқылмас – қазына, өмір бойы ізденсе де таусылмайтын білім-ғылым екенін еске салды.

Сансызбай Құрбанұлы:

“Имамдық – ол кәсіп емес, Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафаның с.а.у жолы. Имам мешітте де, көше де, үйде де имам болып қалуы керек. Елдің бәріне имам болу міндет емес, алайда иманды болу парыз. Ал, жұрт иманды болуы үшін имамның өзі ілімді болу керек”,- деді.

Семинар барысында ақида, фикһ, пәтуа бойынша дәрістер оқылды. Имамдарға жанынан үкім шығармай Ғұламалар кеңесі бекіткен пәтуаларды насихаттау қажеттігін ескертті.

Созақ аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі

Пікір жазу