Жаңалықтар Жергілікті

ҮРЕЙ САЛАТЫНДАЙ, ҮМІТ ОТЫН ЖАҒАТЫНДАЙ…

Жер бетінде түрлі апаттар орын алып, Алла Тағала жаңбыр мен желмен сынап жатыр. Еліміздің түстігінде де екі күннің бірінде жауын жауып, аспанды бұлт торлап жүр.

Қасиетті Құранда базбіреулер табиғи катаклизмге теліп жүрген күн райының құбылыстары жайында жазылған аяттар жетерлік. Алайда қуантатын да, қайғыртатын да жағдайлар екеніне мән беру керек.

Жалпы жел тұрса да, жаңбыр жауса да әрбір істің қайырын тілеген абзал. Жел мен жаңбырды сөгуге, налуға болмайды, өйткені олар тек Алла Тағаланың әмірімен нөсерлетеді, құйындатады.

Алла Тағала қасиетті Құранда: “Ол сендерге найзағайды һәм үрей салатындай, һәм үміт отын жағатындай етіп көрсетеді әрі қорғасындай ауыр сауын бұлттар жаратады”,- деп, азапты және қайырлы жаңбырлардың болатынын айтқан. Сондай-ақ: “Күннің күркірі Оны мінсіз, кемшілік атаулыдан ада һәм ұлы екенін айтып мадақтайды. Сондай-ақ, Ол қалағанының үстіне жай түсіреді. Сонда да олар Аллаға қатысты мәселелерде сөз таластыруда. Анығында Оның жазасы тым қатты”,- деп ескертеді.

Хақ Тағала Өзінің ескертулерін ескеруге бұйырған. Ескермейтін елдерді елеусіз қалдырмайтынын осындай аяттарда айтқан.

Жел тұрып, жаңбыр жауса жаман айтпай, жақсы тілекте болуға шақырамыз. Шүкіршілік етіп, имандылыққа жақындаған жөн.

Рахман Иеміз тәубешіл пенделерін сүйеді. Жаңылысқанды тура жолға түскенше күтеді.

Жаратқан Жаббар Иеміздің мейірімі шексіз, рақымы мол. Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафа с.а.у пенделер күнәсіз жүрмейінше, сынала беретінін ескерткен.

Сынақтардан бүтін қауымдар да өтетіні Құранда баяндалған. Алла Тағала дін насихатшылары бар ортада имандылық пен тақуалықтың сақталуын талап етеді.

Мың айдан да қайырлы Рамазан айы аяғына таяды. Хақтан хабар түскен айда Құран қатым ету үзілген жоқ.

Түркістан облыстық мешітінде Сүлеймен Моллатілеуұлы бастаған қарилар мен имамдар Құран батасын қайырды. Сауабын марқұмдарға, қайырын елімізге бағыштады.

Түркістан облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікір жазу