Жаңалықтар Жергілікті

ОЗЫҒЫН КӨРСЕТТІ…

Сіз білесіз бе? Қазақта қыздың тұсауы кесілмеген, ұлдың бесігі сатылмайды. Ал, қыздың бесігін сатады, ұлдың тұсауы кесіледі.

Созақ орталық мешітінде “Дін мен дәстүр егіз ұғым” тақырыбында семинар өтті. Бұл жолы теорияға емес, практикаға негізделді.

Анығын айтсақ, балаға қатысты жөн-жоралғының жөні көрсетілді. Имамдар дәстүрдің озығын дәріптеді.

Өмірге келген нәрестеге дұрыс есім беру әрі азан шақыру шарт. Облыс имамы Еркебұлан Қарақұлов кеше туған баланың құлағына азан шақырып, атын қойды.

Әжелер тобы бесікке бөлеу тәртібін үйретті. Ұлдың бесігін сатып алуға болмайтынын айтты.

Облыстың наиб имамы Самат Анарбаев ұлдың тұсауын үш түрлі нәрсемен кескеніне жеке-жеке тоқталды. Қойдың тоқ ішегімен ұл бай-бақуатты болсын, көк шөппен өсіп-өнсін, көсегесі көгерсін, ала жіппен ешкімнің алажібін аттамайтын адал әрі әділ болсын деген ырыммен кеседі екен.

Сөйтіп Алланың үйінде бір ұл баланың тұсауы үш түрлі затпен үш рет кесілді. Ақсақалдар мен ардагерлер ақ батасын берді.

Осылайша көршілес екі ауданның имамдарына арналған дәстүр танымдық әрі таныстық семинар жоғары деңгейде өтті. Облыс имамы Еркебұлан Қарақұлов атсалысқан және қатысқан азаматтардың баршасына ризашылығын білдірді.

Созақ аудандық әкімдігіне жобаға қолдау білдіргендері үшін алғыс айтамыз. Алла Тағала баршасына разы Болсын, ынтымақты Етсін!

Түркістан облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікір жазу