Жаңалықтар Жергілікті

Отырар: АРЫСТАН АЯМАҒАН…(ЕСЕП)

Арыстағы апаттан қашқан тұрғындардың дені ең бірінші аяғы жеткен жердегі мешіттерді сағалаған. Отырар ауданына 600-ден астам арыстық барған.

Олар Арыс қаласы мен Дермене, Теміржолшы, Шағыр ауылдарының тұрғындары еді. Мешіттен Ө.Жәнібеков лицейі мен Д.Құрманбеков атындағы колледжге көшірілген арыстықтарға имамдар мен жамағат қарайласып тұрды.

Темір ауылының жастары “Ықылас” мешітінің имамы Төрехан Әлжанның ұйытқы болуымен Ө.Жәнібеков атындағы мектепте тұрақтаған арыстықтарға ас беріп қарасты. Тіпті әжуә құрмасына шейін үлестіріп, жылы-жұмсағын аямады.

Сол сияқты, “Арыстан баба” мен “Абад” мешіттерінің имамдары кезекшілікке түсті. Олардың ұйымдастыруымен жергілікті азаматтардың демеушілігімен киім-кешек пен ойыншықтар берілді.

Жастар ісі бөлімінің жетекшісі Қалдыбай Жүсіпов ауыл жастарын жақсылыққа жұмылдырды. 1988 жылы туған Отырардың тумалары арыстықтарға қаржылай қолдау көрсетті.

Отырар ауданының мешіттері мен жамағаттары тарапынан 1 миллион 190 мың теңге жұмсалды. Аудан имамдары – 120 мың теңгеге заттай; имамдардың ұйытқы болуымен ауыл азаматтарынан 700 мың теңге: ет, сүт, айран, ұн, сары май, жұмыртқа және т.б (150 000 теңге); қарбыз, қызанақ, қияр, өрік, алма, шабдалы және т.б (100 000 теңге); кір және ыдыс-аяқ жуатын ұнтақтар, сүлгі, сұйық сабын, тіс пастасы, ерлер мен әйелдерге арналған жеңіл аяқ-киімдер және т.б(120 000 теңге) болды.

Қиындыққа тап болған арыстықтарға жәрдемдескен отырарлық жомарттарға ауданның бас имамы Серғали Байниязов алғыс білдірді. Алла Тағала баршасына разы болсын!

Отырар аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі

Пікір жазу