Жаңалықтар Жергілікті

ОРАЗА АЙТҚА ҚАТЫСТЫ АЙТЫЛДЫ

Ораза айтқа бір күн қалды. 23-ші мамыр оразаның соңғы күні.

Мешіттерде Айт намазы оқылмайды. Үйде айт намазын оқу тәртібін мына сілтемеден біле аласыздар.

АЙТ НАМАЗЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ҚМДБ МӘЛІМДЕМЕСІ

Бүгін осы мәселе бойынша аудан, қала, ауыл имамдарымен онлайн мәжіліс өтті. Облыс имамы Мұсабек Ақтамберді әріптестеріне мешіттерде карантин режиміне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Жамағаттардан сан сұрақтың жауып жатқаны ақиқат. Әрқайсысына тұшымды жауап беру керектігі айтылды.

Сондай-ақ, бұйырып жатса айтқа арнап қайырымдылық шарасын ұйымдастыру қажеттігі сөз болды. Рамазан айында мол сауап жинағысы келген жамағаттардың алдағы уақытта қалай қылатыны белгісіз.

Ал, мешіттерге карантин басталғалы көмек сұрап келушілер көбейіп кетті. Жамағат жылу жимаса, Алланың үйлерінің жай-күйі мәз емес.

Десе де мешіттерді жетімсіретпей тазалығы мен басқасына көңіл бөліп, айлық-шайлықсыз азанның үнін өшірмей отырған имамдарға ризашылығымызды білдіреміз. Ал, карантин кезінде бір төбесін көрсетпеген имамдармен әңгіме бөлек болады.

Мәжіліс барысында “Жүрек жылуы”, “Рамазан сыйы” сияқты қайырымдылық шараларының қорытынды есебі тыңдалды. Сондай-ақ, мешіттер тарапынан Мақтааралға берілген көмектің көлемі есептелді.

Апат орын алған күннен бастап 5 мыңнан астам адамға ас беріліпті. 22 тонна азық-түлік жеткізілген.

Екі мыңдай киім-кешек, аяқ-киім, көрпе-төсек пен төсеніш, гигиеналық заттардың көлемі де қомақты. Ал, қаржылай 51 миллион теңге берілген.

Облыс имамы Мұсабек Ақтамберді бастаған имамдардың баршасы жомарттық еткен азаматтарға алғыс айтады. Алла Тағала баршасына разы Болсын деп тіледі.

Ойы-қыры не керек, Айт намазы мешіттерде оқылмайды. 25-ші мамыр күнінен бастап мешіттердің іске қосылуын зор үмітпен күтудеміз.

Бұл сынақтың созылуы өзімізден. Сондықтан да халықты имандылық пен тақуалыққа шақыру үздіксіз жүргізілуі керек.

Онлайн насихатты көбейту қажеттігі айтылды. Сөз соңында имамдар мешіттердің ашылуы үшін дұға етті.

Дін насихаты тоқтаған жерде қайыр болмайды. Азғындық пен жамандық жайлайтыны айтылған.

Түркістан облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікір жазу