Жаңалықтар Жергілікті

ХАНЫМДАРЫН ТАРТПАҚШЫ…

Имамдардың тұлғалық келбеті – діннің келбеті. Ал, дін тазалық пен әсемдікті сақтауға шақырады.

Өйткені адам баласы бүкіл жаратылыстың ішіндегі – ең көркемі әрі көріктісі. Иманның жартысы тазалықтан тұратындықтан, имамына қарап иманын таниды.

Өкінішке қарай, шапаны мыж-мыж, жейдесінің жағасы кір боп жүретіндері жоқ емес. Ердің олақтығына қазекем әйелдің салақтығын салық қылған.

Себебі, еркек түздің адамы. Үйде отырып кір жуып, киім үтіктеу үшін жаралмаған.

Кей имамдардың тұлғалық келбетіне сын айтатындар көп. Төлеби ауданының бас имамы келелі істі қолға алыпты.

Самат Анарбаев ауданға қарасты 60 мешіттің имамдарының тұлғалық келбетін талапқа сай қылу үшін олардың ханымдарын оқытпақ екен. Арнайы семинарлар ұйымдастырылып, қыз-келіншектер бөлімінің ұстаздары оларға әйелдерге қатысты түрлі тақырыпта дәріс өтетін болады.

Жаға-жеңнің кір-қоңы үйдегі жеңгейлер мен келіндердің міні. Қазақ олақтан салақтың жаман екенін айтқан.

Самат Анарбаев талай игі істерге ұйытқы болып, аудан жұртының сауапқа кенелуіне себепкер болып жүр. Жылдық есепте еңбегі ескерілді.

Тың идеялары мен креативті бастамалары үшін облыс имамы ризашылығын білдірді. Онша-мұнша кем-кетікті түзеу тапсырылды.

Түркістан облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікір жазу