Жаңалықтар Жергілікті ЗЕКЕТ

ЕТ АЗ, СҰРАУШЫ КӨП БОП ТҰР

“Qurban2020.kz.” сайты арқылы онлайн тапсырыс бергендердің саны аз, ал ет сұраушылар өте көп. Ұйымдастырушылар бір адамның бірнеше рет өтініш бергенін айтады.

Ет сұрағандардың мұқтаждығы түгел тексеріліп үлестіріледі. Өйткені құрбандықтың сауабы Хақтың құзыретіне барады.

Сондықтан шариғат үкім еткендей шын мұқтаждарға бұйыруы тиіс. Сонымен облыста құрбандық малдары сойылып жатыр.

Сұраушылар көп болғандықтан құрбандық малына онлайн тапсырыс беру әлі де ашық. Ал, өтініштерді қабылдау жабық.

Мысалы Түркістан облысы бойынша 40 малға тапсырыс берілсе, ет алуға 1241 адам өтініш білдірген. Бүгін рұқсат етілген аудан-қалада қасапханалар жұмыс істеді.

Атап айтсақ, Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Жетісай, Сайрам, Сарыағаш аудандарында мал союға рұқсат берілді. Барлық санитарлық талаптар сақталды.

Құрбандық еті таратыла бастады. Айт үш күнге жалғасатындықтан құрбан шалудан шамасы жеткендерді шет қалмауға шақырамыз.

Құрбандықты тек байлар шалмайды. Үйінде бір малдың ақшасынан артық қаражаты барларға да бұйырылған амал.

Алла Тағаланың алдына құрбандық бармайды. Сауабы құрбан шалушының өзіне сақталады.

Алла Тағала құрбандықтарды қабыл Етсін! Айт құтты болсын!

Түркістан облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікір жазу