Жаңалықтар Жергілікті

ЕГЕР ТӘУБЕ ЕТПЕСЕ…

Қылмыстың бәрінің түбі қорлық болмауы үшін адам тәубе етіп, жөнге келуі тиіс. Дәніккеннен құныққан жаман.

Бір затты рұқсатсыз алып үйренген адамның ұрыға айналмасына кепіл жоқ. Сол сияқты “ә” десе “мә” деп, төбелесе беретіндердің залым болмасына да кепіл жоқ.

Тәрбие – тал бесіктен. Адам боп келіп өмірге, надан боп өтуден сақтану керек.

Әрбір ата-ана бала тәрбиесіне мән берсе игі. Баласын “бұзығым” деп еркелетіп жүріп, бұзақы қылып қоймасын.

Тентекті тезге салатын тағдыр бар. Алла Тағала қасиетті Құранда адам баласының бәріне жақсылық жазғанын, ал жамандықты күнә мен қателіктердің салдарынан көретінін баяндаған.

Қылмыстың түрі көп. Зорлық-зомбылық, нашақорлық, жемқорлық, ұрлық, қарақшылық, алаяқтық, қаскөйлік ауыр қылмыстар.

Бұларды адам өзімен-өзі емес, өзгеге зиян шектірумен жасайды. Ал, кісіге қиянат қылу – адамгершілікке жатпайды.

Мысалы, басбіреулер адамдардан немесе қазынаның қаржысынан мәдениетті түрде ақша алуды – қылмыс емес, күнкөріс көзі санайды. Шынтуайтында мұның күнә және қылмыс екенін кеш түсінеді.

Осыған байланысты әркім әртүрлі пікір айтады. Біреулер еңбекақысы жетпегендіктен десе, біреулер жемқорлықты кәсіпке айналдырып алғанын айтады.

Бизнесте табысқа жеткендер бір айлыққа қарап отыратындарды кедейлердің қатарына қосады. Жан-жақты еңбек етіп, бір емес бірнеше адал кәсіп ашып қосымша табыс табу – бай болудың жолы екенін айтады.

Жастарға жан-жақтылық керек. Жігітке жеті өнер де аз.

Сегіз қырлы, бір сырлы болу – бойға жамандықты жинап, ұры, нашақор, парақор, қылмыскер болу емес, керісінше, жеті жұрттың тілін біліп жеті түрлі ғылым игерсе, нағыз адам болғаны. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүру – шын жақсылыққа жеткізбейді.

Қасиетті Құранда қандай да бір қоғамның өзін өзгертпейінше, Алла Тағала өзгертпейтіні айтылған. Өмірінде оңды өзгеріс күтетіндерді, алдымен өздерін жақсы жағына өзгеруге шақырамыз.

Жайлыбаев ауылының жастарымен жүздесуде “Асар” мешітінің имамы Нұржан Мұсабек қылмыс пен жаза, жақсы мен жаман, қайырлы амал-әрекеттер жайында насихат айтты. Алла Тағала жастарға иман, бақ-береке Берсін!

Мақтаарал аудандық орталық мешіті

Пікір жазу