Жаңалықтар Жергілікті

ДІННЕН БАСҚА…

Алла жолында күресетін адам діннен басқасын діттемеуі керек. Ол үшін соғысу шарт емес, не өзіңіздің нәпсіңізбен күресіп, не иманды болсаңыз өзгелерді насихат немесе көркем мінезбен тақуалыққа тартсаңыз, дінге жәрдем берсеңіз болады.

Соғыспен дінге кіргізетін дәуір әлдеқашан өтіп кеткен. Сондықтан діннің атын жамылып, халифаттық құруға әрекет ету – құйтырқылық әрі бос әурешілік.

Сағым қуып Сирияға барып, ажал құшып сан соғып жатқандар қоғамға сабақ болуы тиіс. Алла Тағала қасиетті Құранда “Дінде зорлық жоқ” деген.

Абай хакім айтқандай, мұсылманның міндеті – иманды болу, ғибадат қылу. Бұл екеуінен бөлек, атқаратын амалдар жетіп артылады.

Аллаға иман келтіріп, намаз оқып, ораза тұтып, шамаңыз жетсе қажылыққа барып, зекет беріп бес парызды өтесеңіз, адамдармен ауызбіршілікте болсаңыз, ғылым-білімді игеріп елге адал қызмет етсеңіз, иманды ұрпақ тәрбиелесеңіз, зұлымдық қылмасаңыз адамгершіліктің шыңына шығасыз. “Тек жүрсең тоқ жүресің” деген, бабаларымыз.

Дін үйренгіңіз келсе, мешітке барыңыз. Діни сауат ашу курстары сіздер үшін жұмыс істеп тұр.

Оны қиын көрсеңіз, сабағыңызды жақсы оқып, елге пайдаңыз тисін. Пайдаңызды тигізе алмасаңыз, жалпы ешкімге зияныңыз да тимесін.

Түлкібас ауданының бас имамы “Саяхат және бизнес” колледжінің студенттерімен осы тақырыпта сұхбаттасып, жастарды ел мен дінге қызмет етуге, адал болуға шақырды. Мағаз Серік білімді болудың артықшылығын айтып, ата-ананың үмітін ақтауларына дұға етті.

Түлкібас аудандық орталық мешіті

Пікір жазу