Жаңалықтар Жергілікті

БІРГЕ ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ ШАҚЫРДЫ

Созақ ауданына арнайы сапары барысында  ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы екінші кездесуді дінге қатысы бар әкімдік мамандарымен өткізді. Ұстазбен сұхбатқа аудандық Ішкі саясат бөлімі мен Жастар ресурстық орталығының теологтары қатысты.

Ұстаз дінге жанашырлық таныту – елге жаны ашумен пара-пар екенін айтып, ауызбіршілікте жұмыс істеуге шақырды. Түптеп келгенде бәріміздің мақсатымыз – ел мүддесі екенін атап өтті.

Өйткені әртүрлі ағымдағылар белгілі және белгісіз ұйымдардың пұшайман пиғылдары үшін жанын аямайды. Олар айрандай ұйыған елге іріткі салып, мемлекет ретінде жоюды көксейді.

Олардың жетегінде ергендер шын мәнісінде ақиқат діннен бейхабар болып, адасып кетеді. Бұқараны имандылыққа тартып, дінін сатудан сақтандыру қажет.

Адам баласының ең асылы – иманы болса, дінді білмеу – иманы мен отанын сатуға итермелейді. Жиһад, теракт деп сенделгендер осының бір мысалы.

Алла Тағала қасиетті Құранда жер бетінде бейбітшілік сақтап, отаны мен иманын сатпауға, діни сауат ашуға бұйырған. Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафа с.а.у “Отанды сүю – иманнан” деп бекер айтпаған.

Жас мамандар Сансызбай Құрбанұлына ризашылықтарын білдіріп тарқасты. Алла Тағала ел мен дін дұшпандарынан аман Сақтасын!

Созақ аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі 

Пікір жазу