Жаңалықтар Жергілікті

БАЛАҚАЙЫМ…

Алла Тағала қасиетті Құранда Лұқман хакімді мақтаған. Оның бойына ерекше данышпандық пен даналық, имандылық пен тақуалық дарыған.

Сол Лұқман хакімнің өз баласына айтқан өсиеттері Құранда баяндалған. Ол баласын ең алдымен Алла Тағалаға серік қоспауға шақырып, тақуалық пен тазалықты, адамгершілік қасиеттерді өсиет еткен.

Бір аятта: “Балақайым! Тарының салмағандай болса да, бір жар тастың ішінде болса да, көктерде немесе жерде болса да Алла Тағала оны (қиямет күні) алдыңнан шығарады. Расында Алла Тағала өте жұмсақ әрі толық білуші”,- делінге. Сондай-ақ, “Балақайым! Намазыңды толық орында. Жақсылыққа шақырып жамандыққа тыйым сал. Басыңа түскен ауыртпашылыққа сабырлық ете біл. Негізінде бұлар маңызды істерден”,- дегені жазылған.

Данадан дара туады, ата жолын қуады. Баланың жақсы-жаман болмағы ата-анасына байланысты.

Перзент алдындағы міндеттің бірі имани тәрбие беру, ілім-білім үйрету. Шүкіршілік, ұл мен қыз оқитын мектептер бар.

Баланың білім алуына барлық жағдай жасалса игі. Қысқа жібі күрмеуге келмей жүргендерге, бұл да бір қиындық.

Мектеп формасы да, оқу құралдары да жылдан жылға қымбаттап жатыр. Осындайда шын мұқтаждарға “Мектепке жол” акциясы тәп-тәуір демеу болады.

Бұл қайырымдылықтан мешіттер де шет қалмайды. Имамдардың ұйымдастыруымен жомарттар сауапқа, зәрулер қажетті затқа ие боп келеді.

“Көмешбұлақ” мешітінде 20 балаға оқу құралдары таратылды. Акцияға Қасымбек Датқа ауылының 2006 жылғы мектеп түлектері атсалысты.

Мешіт имамы Қуаныш Шамсуллин балақайларға білімді әрі Лұқман хакімдей данышпан болудың пайдасын айтып, демеушілерге ризашылығын білдірді. Алла Тағала баршасына разы Болсын, қайырын Берсін, ұрпақты иманды, білімді Етсін!

Сайрам аудандық орталық мешіті

Пікір жазу