Әлем Жаңалықтар

Түркияда қазақстандық студенттердің жиыны өтті(ФОТО)

300-ден аса қазақ жастары діни білім алатын Түркия Республикасында 20-21 сәуір күндері тұңғыш рет «Түркияда оқып жатқан Қазақстандық дінтанушылар құрылтайы» өтті. Оған елімізден ҚМДБ-ның бірінші төраға орынбасары, наиб  мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев, Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев, Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысхан арнайы қатысты.

Келелі жиынды Түркиядағы Қазақстан елшілігі, Түркия шет елдік түріктер және туысқан халықтар министрлігі, «Түрік бурслары» мемлекеттік мекемесі және Эрджиес университеті бірлесіп ұйымдастырды. Түркия дін істері басқармасының, Түркияның 12 қаласындағы ЖОО-ның профессорлары, имам-хатиб лицейлерінде, дінтану факультеттерінің бакалавр, магистратура, доктарантурасында, білім жетілдіру және қайта оқыту курстарында білім алып жатқан 200-ге жуық дінтанушы жас мамандар Қайсери қаласында бас қосты.

Құрылтай барысында сөз алған Наурызбай Тағанұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың сәлемін жеткізді. Өз баяндамасында отандық ислами білім ошақтарын дамыту, асыл дінімізді насихаттау, ұлттар мен ұлыстар арасындағы достық, сыйластық пен рухани үндестікті нығайтуда, көрші мемлекеттермен қарым-қатынасты жақсартуда ел мүддесі мен болашағын ойлайтын білімді де білікті мамандардың маңызы жайында сөз қозғады.

Елдегі діни білім және кадр даярлау саласында қол жеткізген жетістіктердің жалпы қорытынды есебіне тоқталып, жоғарғы және орта діни білім ордалары мен мешіт, медресе жұмыстарын жандандыру бойынша біраз ауқымды жоспарлардың қолға алынып жатқандығын баяндады. «Жастар жылы» аясында жастарға рухани тәрбие беру, жастар арасында діни экстремизм мен радикализм идеяларының таралуының алдын алу,  ҚМДБ өкілдерімен бірлесе жұмыс жүргізу мақсатында шет елдік діни оқу орындарында білім алып жүрген Қазақстандық студенттер үшін ҚМДБ жанынан құрылған «Талаба» қауымдастығының ережелерімен таныстырып өтті.

«Нұр-Мүбәрак» университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев өз сөзін бауырлас елге алғыс білдіруден бастады. Қазақстанның Ислам мен дін танымына Түркияның қосқан үлесі бар. «Нұр-Мүбәрак» университетіндегі PhD докторлардың алғашқы легі Түркияда тәмамдап келгендер екенін қуанышпен жеткізді. Қазірдің өзінде қазақстандық исламтанушы студенттердің басым бөлігі Мысыр мен Түркияда білім алып жатқанын айтты.

Сондай-ақ, Қайрат Құрманбаев Қазақстанда 6 ЖОО-да дін саласының мамандарын даярлайтын бөлімдер барын тілге тиек етті. Оның ішінде «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің алар орны ерекше. Әрі бұл оқу ордасының түлектері тек дін емес, мемлекеттік қызметте де еңбек сіңіріп келеді. Ислам әлемінің мәртебесі жоғары «Әл-Әзһар» университетінен 18 доктор келіп дәріс беретінін атап өтті. Сөз соңында құрылтайдың жалғасты болуына тілектестік білдірді.

Түстен кейін жалғасын тапқан секциялық отырыстарда ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Б.Мырзагелдиев пен ҚМДБ Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерішісі А.Ұтысхандар да баяндама оқып берді.

Дереккөз: Мuftyat.kz

Пікір жазу