Жаңалықтар Жергілікті

Абылайханға еңселі ескерткіш орнатылды

Әз Наурыз қарсаңында киелі Сайрам өңірінде тарихи күн болды. Арыс өзенінің бойындағы Ханқорған ауылында қазаққа қастерлі Абылай ханның ескерткіші бой көтерді.

Рухани жаңғыру жолындағы игі істің Ханқорғанда жүзеге асуы тегін емес. Халқымызды бір Тудың астына жинаған даңқты қолбасшы, кемеңгер хан Абылайдың осы жерде демі үзіліп, сүйегі Түркістанға қойылған.

“Қазақ ханы” деп аталатын ескерткіштің биіктігі – 3.5 метр, салмағы – 11 тонна. Оны елімізге белгілі мүсіншілер дайындаған.

Жобаға жетекшілік əрі демеушілік еткен, осы ауылдың тумасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, ҚР ҰҒА академигі – Лесбек Тәшімов. Салтанатты іс-шараға облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев, ҰҒА академигі Бауыржан Байтанаев және аудан әкімі Бақтияр Мамаев арнайы қатысты.

Имамдар бабалар рухына бағыштап Құран оқыды. Əжелер шашу шашты. Бұл істің өскелең ұрпаққа тигізер пайдасы зор.

Сайрам аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі

Пікір жазу