Жаңалықтар Жергілікті

ЕСЕПТЕН ЖАҢЫЛМАДЫ…

Есеп жоқ, демек жұмыс жоқ. Атқарған жұмыстың есебі берілмегеннің ұпайы есептелмейді, тәртіп солай.

Жылдық жиналыста есептен жаңылмағандар да болды. Өкілдіктің сұрақтарына нақты жауаптарын айтқандары баршылық.

Жалпы есептен Төлеби, Кентау, Жетісай, Арыс, Сарыағаш, Келес, Түлкібас, Созақ, Сайрам жаңылмады. Бұл басқалары жығылып қалды деген сөз емес.

Имамдары жаңадан тағайындалған аудандар бар. Олардың есебі тыңдалып, бірқатар тапсырмалар берілді.

Жалпы 16 аудан-қала имамдарына кемедегінің жаны бір екені, команда кері тартса тірліктің алға басапайтыны ескертілді. Бұл жалпы жұмысқа зиянын тигізетіні айтылды.

Сондықтан ешбір тапсырма кешеуілдемеуі тиіс. Облысты оңдырмай жатқаны діни оңалтудың оңалмай тұрғаны.

ЖАНТ пен АТК басты бағыт болғандықтан, халықты діни сауаттандыру әрі адасудан сақтандыру міндет. ЖАНТ-қа облыс бойынша имамдар резерві жасақталмақшы.

Ол үшін имамдардың білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыратын жоба жүзеге асырылады. Жұма намазының тоқтап тұрғаны жұртқа зиянын тигізуде.

Ауыспалы уағыз тоқтап қалды. Енді онлайн уағыздың барлық аудандарда жүргізілуі қадағаланады.

Дін – жеке бастың емес, Алланың қызметі. Сондықтан бір Алланың разылығы үшін жұмыс істеуді жалғастыру қажет.

Облыс имамы бұдан қиын кезеңде де аянбай еңбек еткендерін еске салды. Карантин кезінде мойымауға шақырып, баршасының қызметтеріне ризашылығын білдірді.

Имамдардың еңбегі зор. Елде қандай тосын апаттар болса да, барлық жерде көмектері тиіп жатыр.

Бас Мүфтидің тапсырмасымен Мақтааралдағы су тасқында қомақты көмек көрсетілді. Одан бөлек “Ел үлесі – пәтерге”, “Өмірге үміт сыйла”, “Жүрек жылуы”, “Мектепке жол”, “Қайырымдылық керуені” тағысын тағы акциялардың аясында баспана беріліп, мұқтаждардың керек-жарағы жеткізіліп жатыр.

Мұның бәрінде Түркістан облысы бойынша имамдардың бәрінің үлесі бар. “Алла Тағала баршасына разы Болсын” деген тілекпен жылдық жұмыс қорытындыланды.

Түркістан облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі

 

Пікір жазу