Жаңалықтар Жергілікті

100 ҚАТЫМ ТҮСІРДІ

Құран – Хақтың сөзі, жанның нұры, бақыттың есігі. Құранның сауабы мен шапағатына тірі де, өлі де зәру.

Алла Тағала қасиетті Құранда Кәләм-Шарифін оқыған жанға беретін жақсылықтары таусылмайтынын баяндаған. Жалпы кім оқыса да қайырлы болады.

Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафа с.а.у: «Қай уақытта болмасын адамдар Алланың үйлерінің бірінде жиналып, онда Алланың Кітабын оқыса, оларға, әлбетте, тыныштық түседі (орнайды), сондай-ақ, оларды мейірім орап, жан-жақтарынан періштелер қоршайды және Алла оларды Өзінің алдарындағылардың ішінде еске алады»- деген. Алла Тағала Құранды оқып қана қоймай, оған амал етуге бұйырған.

Жер дүниедегі жайсыз жағдаяттар күнәлардың кесірінен орын алады. Алланың әмірін орындамайтын қауымдарға қатысты азапталатыны баяндалған аяттар баршылық.

Соның бірінде Жаратқан Жаббар Иеміз былай дейді:«Ал, кім Менің Еске салуымнан (Құраннан) теріс бұрылса, оған тар өмір болады әрі қайта тірілу күні оны соқыр күйде тірілтеміз. Ол: «Раббым! Мені не үшін соқыр күйде тірілттің?! Мен көретін едім ғой» дейді. Алла айтты: «Міне осылай. Саған аяттарымыз келген еді, бірақ, сен оларды ұмыттың. Сол секілді бүгін сен де ұмытыласың» дейді».

Карантин басталғалы имамдар Құранды үздіксіз қатым етіп келеді. Сауабы марқұмдар мен еліміздің қайырына бағышталып жатыр.

Індет дендеп кеткелі иманға берік жұртшылық нәзір садақасына атап құрбандық шала бастады. Мешіттерге асыққанымен карантинге байланысты есіктері жабық тұр.

Жамағаттар мен діни сауат ашу курстарының шәкірттері Алланың үйін сағынып жүр. “Бұл сынақ қашан бітеді” деген сұраққа жауап жоқ.

Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафа с.а.у “адамдар күнәсіз жүрмейінше сынақтан көз ашпайды” деген. Аурумен апат қабаттасып, жығылған үстіне жұдырық боп жатқан жайттар жоқ емес.

Тығырықтан түпкілікті шығаратын негізгі тетік – имандылық пен тақуалық екенін еске саламыз. Құран, намаз оқып, құлшылық қылып жақсылыққа жетуге шақырамыз.

Кентау қаласының бас имамы Ғалымжан Айеекевтің тапсырмасымен “Аза тұту” күнінен бастап Құрбан айтқа дейін 100 қатым түсіру межеге алынған.

Имамдар мен қари шәкірттер бірігіп Құранды 100 рет қатым етті. Сауабы аурудың жойылып, мешіттердің ашылуы мен тіршіліктің жандануы бағытталды.

Алла Тағала қабыл Етсін, қайырын Берсін!

Кентау қалалық орталық мешітінің баспасөз қызметі

Пікір жазу