Әр түрлі Мақалалар

Төлеген Талдыбаев: СИРИЯДАН ОРАЛҒАНДАР ҚОҒАМҒА ҚАУІПТІ МЕ? ЖОҚ ПА?

“Жусан” операциясының аясында елімізге Сириядан жүздеген адам оралды. Оларды ол жаққа өз еріктерімен кетсе де, мемлекет зор күш салып елге қайтарып жатыр. Радикалданып кеткендермен теологтар мен психологтар жұмыс істеп жатыр. Десе де, экстремистік топтар жасаған терактілерден зәрезап болған жұртшылық оларға сенбейтінін жасырмайды. Ішінде болса да аласы, олар да адам баласы. Біздің көгенкөз қандастарымыз екені рас…

Ақтөбелік теолог Төлеген Талдыбаев “Сириядан келгендер қоғамға қауіпті ме? Жоқ па?” деген сауал тастапты әрі үн қатқан екен. Сіз не дейсіз?

Төлеген Талдыбаев:

“- Сириядан оралғандар қоғамға қауіпті ме? Жоқ па?

Ағымдағы жылдың 24 маусымы мен 10 шілдесі аралығында «Жусан» операциясы аясында оралған азаматшаларға бағытталған ақпараттық-түсіндіру, қайта тәрбиелеу және оңалту шараларын жүргізу арқылы қоғамға бейімдеу жұмыстарына арнайы шақырылған болатынмын. Жоғарыда көрсетілген мерзім ішінде «Жусан-3» және «Жусан-4» бойынша елге әкелінген азаматтарға Ақида (Әл-Фикһул Әкбар), әдеп (Мин Адабил Ислам), хадис методологиясы (Шарху Манзуматул Байқуния) пәндерінен жалпы саны 29 дәріс оқыдым.

Дәрістер толықтай араб тілінде жазылған кітаптардың түпнұсқалық мәтіндерінен аудару арқылы жүргізілді. Ал, Сирия-Ирак аймағынан келтірілген азаматшаларға дәлелдердің шынайылығын жеткізу мақсатында қолданылған мұндай әдістеме нақты нәтижесін көрсетті.

Сабақ өткізу барысында жалған діни ағымдардың ақидаларын дәстүрлі (Аһлу сунна уәл жамағат) сеніммен салыстырмалы түрде оқыту көзделді. Нәтижесінде, олардың бұрын соңды оқыған «Үш негіз», «Төрт қағида», «Исламды бұзатын нәрселер» атты кітаптарда кездесетін қателіктерді барынша көрсетуге тырыстым.

Өздері дәлел ретінде қолданып келген хадистерінің қуаттылығы жағынан дәрежесі әлсіз немесе негізге сай емес екендігін хадис методологиясының өлшемі тұрғысынан дәлелдеуді дұрыс санадым. Сонымен қатар, зайырлы мемлекеттің принциптерін құрметтеу мен қоғамда өзін-өзі ұстау мәселелеріне қатысты көзқарастарын кеңейтуге септігін тигізетін әдеп сабағын қоса беруді жөн көрдім.

Алғашында сыңаржақ пікірлерін алға тартып, сөз таластырған қаракөз қарындастарымыз аз уақыттың ішінде сабаларына түсті. Дәріс үстінде кез-келген сөзге шүйлігіп дәлел-дәйектер сұрай бергендіктен, фикһ және хадис әдістемесінен терең тақырыптар төңірегінде түсіндіруге мәжбүр болдым.

Соңында тыңдаушылар қолдарына дәптерлерін алып, ережелер мен қағидаларды жарыса жаза бастады. Сабақтың соңғы күні өткізіліп, жоғарыда жүргізілген дәрістердің қаншалықты қабылдағандықтарын анықтау мақсатында оқытылған тақырыптар мен кітаптардың аясында интеллектуалды сайыс ұйымдастырылды.

Нәтижесінде, қатысушылардың 83,3 пайызы оқылған дәрістерді жоғары деңгейде меңгергендіктерін байқатты. Барлық дәріске үзбей қатынасушыларға дерлік көңілім толды. Араларында ілімге деген шынайы құлшыныстары бар екендіктерін танытқандар болды. Нұр-Сұлтан, Тараз, Қордай, Шымкент және Орал қалаларының имамдары мен теологтарына қарындастарымызды аманат ретінде тапсырамыз.

Адам баласы қателеседі, аяғын шалыс басады. Ал солардың ішіндегі қайырлылары өз қателіктерін түсініп, түзелгендері жақсырағы болып табылады. Бұл заңдылық. Кез-келгеніміз пенделікпен шатасуымыз әбден мүмкін. Сондықтан сырттан жамандап, сұқ саусақты шошайтудан гөрі бір-бірімізге қамқорлық көрсетейік.

Бейімдеу орталығында тәрбиеленгендердің орнында «менің жақыным немесе қарындасым болса қандай күйде қалар едім?!», – деп ой жүгірткеніміз абзал. Екі апта бойы жұмыс жүргізген кезімде әрқайсысының тағдырымен жеке танысуыма тура келді. Олар бастарынан ауыр тағдырлар мен шыдау мүмкін емес небір зұлымдықтарды өткерген. Осыдан кейін бұл азаматшалар табалаудан гөрі, сіз бен біздің мейірім-шапағатымызға қаншалықты мұқтаж екендіктерін сезінсек екен.

Қоғамда түрлі алып-қашпа әңгіме таратудан бір сәт тыйылып, тәубе еткендерді өзімізге тарту арқылы қоғамның толыққанды мүшесі болуына ықпал етуге міндеттіміз. Әсіресе олардың туыс-туғандары мен қаны жақындарына үн қатып отырмыз”. Сириядан қайтқандар Төлеген Талдыбаевқа алғыстарын айтыпты.

Бұл жазба теолог Асқар Сабдиннің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Пікір жазу