29.7 C
Turkestan
Сейсенбі / 18 Маусым 2019 / 15 Шәууәл 1440
Таң:
Күн:
Бесін:
Екінті:
Шам:
Құптан:
Сейсенбі / 18 Маусым 2019 / 15 Шәууәл 1440
Yassi.kz – Діни-танымдық порталы
Әр түрлі Мақалалар

ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ – МҰСЫЛМАННЫҢ МІНДЕТІ

Салауатты өмір салтын сақтап, әлеуетті өмір сүрудің бір негізі қоршаған ортаға көңіл бөліп, бай табиғатымызды қорғай білуде. Адам ата мен Хауа ана жаратылғандағы табиғаттың табиғи мүсіні мен саф ауасының адамзат өркениетке ұмтылып, озық технология ойлап тауып жатқан бүгінгі заманда әбден тозып кеткені өкінішті-ақ. Әсіресе, қалалар көптеп тұрғызылып, қағаз өнімдерін тұтыну көбейген қазіргі уақытта бұл орман шаруашылықтарына айтарлықтай кері әсерін тигізуде. Нәтижеде бір жағынан жасампаздықпен алға ұмтылған адам баласына табиғат ананы да қамқорлыққа алу міндеті еселене түсуде. Осы табиғат ананы қорғап қалу мәселесінде ағаштарға көңіл бөлудің, тал, шыбық отырғызуды ұмыт қалдырмаудың мәні зор. Өйткені ағаш егудің адамзат баласына тигізер пайдасы, жалпы қоршаған ортаға жақсы әсері бар екені баршаға белгілі. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) көптеген хадистерінде бұл мәселе де қалыс қалмаған. Мәселен, мына бір хадисінде сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

إِنْ قَامَتْ السَّاعَةُ وَفي ِيَدِ أَحَدِكُمْ فَسِيلَةٌ ،فَإِنْ اسْتَطَاعَ أَنْ لَا يَقُومَ حَتَّى يَغْرِسَهَ فَلْيَغْرِسْهَا       

«Кімде-кімнің қолында бір құрма ағашының көшеті (тал шыбығы) болса, соны қиямет қайым басталып кетсе де дереу отырғызып үлгерсін[1]», – дейді. Бұл жерден ағаш егудің өте маңызды екеніне көз жеткіземіз. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұны тек айтып қана қоймай, іс жүзінде де дәлелдей білген. Оған тарихтан дәлел ретінде айтар болсақ Алла елшісі (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға көшіп келген кезінде Мәдинаның батпағын кетіру үшін айналдыра ағаш еккізгені баршаға мәлім. Міне осы секілді ағаш батпақты ғана кетіріп қана қоймай ауаны да тазартады, оның саясында демалған адам кең тыныс алып, жаны жай табады. Күнделікті қолданып жүрген материалдарымыздың көбі осы ағаштан жасалады. Кітаптар, қағаздар, үйіміздің есігі, терезесі, үстелдер мен тақталар, мектеп парталары т.б.

Жаңадан өмірге келген сәбидің бесігі де, өміріміз біткеннен кейін қабірге апаратын табыт та сол ағаштан жасалады. Ағаштардың арқасында табиғат көз тартарлық жап-жасыл кейіпке бөленеді. Ауаны тазартып, суықта үйді жылытатыны да өз алдына.

Бір қызығы, жеміс берсін-бермесін кез келген ағаштың адамзатқа тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Адамға тіршілік үшін ең керегі ауа болса, сол ауаны жасайтын, тазалайтын, сүзгіден өткізетін, яғни ауадағы газдарды, түрлі ластықтарды өзіне тартып алып, орнына оттегі бөліп шығаруда орасан қызмет атқаратын да осы ағаш. Халық даналары «Ауа адамсыз өмір сүре алады, Адам ауасыз өмір сүре алмайды» деп тектен тегін айтпаған. Адамзат өз тарихында осы күнге дейін әлі ағаштан артық ауаны тазартатын бірде-бір қондырғы ойлап таба алмады. Ағаштың ауаны тазартумен қатар ауаны реттеп, шудың азаюына да айтарлықтай пайда тигізеді. Әсіресе қаладағы ағаштардың шуды азайтуға еңбегі орасан. Яғни шудың деңгейін едәуір төмендететін бірден бір құрылғы.

Табиғи тепе-теңдікті сақтап тұрған да айналамыздағы ағаштар. Бұған қоса, ыстықты, аязды басып, ылғалдылықты сақтап, жаңбырлардың уақытында және табиғи тәртіппен жаууын реттейді, топырақтың құнарлылығын сақтайды, дауылдардың екпінін азайтады, т.б. Айта берсе ағаштың адамға берер пайдасы мол[2].

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Адамдардың ең жақсысы басқаларға пайдасы тигені» дегенін де жадымыздан шығармаған дұрыс. Тағы бір хадисте: «Бір адам бір ағаш отырғызса, дәптеріне отырғызған ағашының жемісіндей сауап жазылады», – дейді. Осы тұста мына бір ғибратты әңгімені айта кеткенді жөн көрдік.

Аббаси халифаларынан Һарун Рашид бір қарт адамның кішкене жеміс ағашының көшетін (тал шыбығын) отырғызып жатқанын көріп, оған:

  • Уа, қария, сен енді қартайдың. Отырғызып жатқан ағашыңның жемісін көре де алмасың белгілі, олай болса неге бейнеттеніп жатырсың?, – дейді. Сонда қария:
  • Бізден бұрынғылар ағаш отырғызды, жемісін біз жедік. Енді біз де ағаш отырғызайық, ал жемісін бізден кейінгілер жесін, – деп жауап беріпті.

Бұл жауап Һарун Рашидке ұнап, қартқа бір уыс алтын береді. Қарт: «Көрдің бе, балам. Отырғызып жатқан көшеттің (тал шыбықтың) жемісін міне, мен де көрдім», – депті. Бұл сөзге Һарун Рашид одан сайын риза болып тағы да алтын береді. Басқа ағаштар жылына бір рет жеміс берсе, менің еккен ағашым жылына екі рет жеміс береді, – деген екен ақсақал. Қазақтың «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деп талды малдан да артық көргені осыдан болар.

Тіпті еккен ағашымыздан адамды қойып жануар-жәндіктердің өзі пайдаланып жатса оларға біздің берген садақамыз болатындығын Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан. Онда:

مَا مِنْ مُسْلِمٍ يَغْرِسُ غَرْسًا أَوْ يَزْرَعُ زَرْعًا فَيَأْكُلُ مِنْهُ طَيْرٌ أَوْ إِنْسَانٌ أَوْ بَهِيمَةٌ إِلَّا كَانَ لَهُ بِهِ صَدَقَةٌ 

 «Бір мұсылман бір ағаш отырғызса немесе бір нәрсе ексе және одан бір құс, бір адам немесе жануар жесе, ол адам үшін садақа болып есептеледі[3]», – деген.

Сондай-ақ табиғатты аялап, қоршаған ортаны таза ұстау да адам баласына жүктелген міндет. Өйткені, Ислам діні тазалыққа үндейтін дін. Құранда және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көптеген хадистерінде тазалықтың маңыздылығы жайында айтылған.

الطُّهُورُ شَطْرُ الْإِيمَانِ

«Тазалық иманның жартысы[4]» деген хадис осының бір айғағы. Және Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамдар жүретін жолдың үстіне, тынығатын көлеңкелерде, әсіресе жемісті ағаштардың түбінде дәрет сындыруға болмайтындығы жөнінде сахабаларға:

اِتَّقُوا اللعَّانَينْ. قَالُوا: وَمَا اللَّعَّانَانِ يَا رَسُولَ اللهِ؟ قَالَ: ” الَّذِي يَتَخَلَّى فِي طَرِيقِ النَّاسِ أَوْ فِي ظِلِّهِمْ

«Екі түрлі қарғыс арқалаудан сақ болыңдар!» дегенде, олар: «Әй, Алланың елшісі! Екі қарғыс алушы дегеніңіз кім?», – деп сұрайды. Ол: «Адамдар жүретін жолға немесе тынығатын көлеңкеге дәрет сындырушы[5]», – деген екен.

Негізінде мұсылман бүлдіруші емес, бүтіндеуші, қиратушы емес дұрыстаушы, зиян келтіруші емес пайда әкелуші. Өкінішке қарай, кейде керісінше орын алып жатады. Мәселен, көктем кездерінде табиғат аясына сейілдеуге шыққанда, қоқыстарды шашып, ағаштарды сындырып, темекінің қалдықтарын қалдырып, тіпті оны өшірместен тастап кеткеннің кесірінен бір орман алқаптары өртеніп осылайша табиғатқа кері әсерін тигізіп жататындар да кездеседі. Алла Тағала адамзатқа көптеген нығметтерді аманат етіп берген. Сол аманатқа қиянат жасамау да мұсылманның бір сипаты болып саналады. Бұл нығметтердің бірі осы біз сөз етіп отырған табиғат. Табиғатты исі мұсылман баласы жанындай қорғаштай білу керек. Бір хадисте:

آيَةُ الْمُنَافِقِ ثَلاَث‏:‏ إِذَا حَدَثَ كَذِبَ، وَإِذَا وَعَدَ أَخْلَفَ، وَإِذَا ُاؤْتُمِنَ خَانَ‏

«Екіжүздінің үш белгісі бар: Әңгімелессе өтірік айтады, уәделессе уәдесінде тұрмайды және аманатқа қиянат жасайды[6]», – деп мұнафиқ яғни екі жүзді адамның үш сипатының қатарына аманатқа қиянат жасайтынын да айтып өткен. Сондай-ақ, Алла Тағала құранда осы берілген шексіз нығметтердің о дүниеде сұрауы бар екенін ескертеді. Онда:

ثُمَّ لَتُسْأَلُنَّ يَوْمَئِذٍ عَنِ النَّعِيمِ

«Ырыс-дәулеттеріңнен (берілген нығметтерден) әлбетте сұраққа тартыласыңдар[7]», – деген. Ал даналарымыздың «судың да сұрауы бар» деуі осыған саяды. Олай болса табиғатты аялау, оған көңіл бөлу, таза ұстау, зиян келтірмеу, аманатқа қиянат жасамау әрбір адамзаттың міндеті болып саналады.

Ендеше табиғатты аялап, оны таза ұстау өз қолымызда. Алла Тағала әрбір жасаған амалдарымызды қабыл алып, еккен ағаштарымыздың жемісін екі дүниеде жеуді нәсіп етсін. Әмин!

Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ

ҚМДБ-ның «Насихат және қоғаммен байланыс бөлімі» бөлімінің меңгерушісі

 

[1] Бұхари, Әдеп кітабы, 163-бет №479.

[2] «Жас қазақ үні» газеті

[3] Бұхари, 2152.

[4] Муслим.

[5] Муслим.

[6] Бұхари.

[7] «Тәкәсүр» сүресі, 8-аят.

Ұқсас жазбалар

Бір адамға 1 доллар жеткілікті…

Yassi.kz

БАС МҮФТИ: ОРАЗА АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Yassi.kz

ОРАЗА АЙТ КҮНІ МҰСЫЛМАН ЖАСАУЫ ТИІС АМАЛДАР

Yassi.kz

Пікір қалдыру