Әр түрлі Мақалалар

СОРПА САДАҚА ЕТКЕН ӘЙЕЛДІҢ ӘҢГІМЕСІ

“- Өткенде қой сойылған күні бір келіншек келді.

– Ішек-қарынды алайыншы,- деп сұрады.
– Алыңыз, алыңыз ,-деп беріп жібердім.

Бірнеше сағат өткен соң тағы келді. Қолында бес литрлік екі бакалажкасы бар.

– Сіңілім сорпа құйып бересің бе?- деді.

– Келіңіз, келіңіз,- деп құйып бердім.

Екінші қазанда біраз палау болған. Ыстық болғандықтан тағы бір бес литрлік бакалажканы кесіп, палау салып бердім. Қымсынып, ұялып жатыр.

– Жұмысшыларыңызға жетсін, маған сорпа да жетеді,- деді.

Сұйық майдан босаған тағы бір бес литрлік баклажкаға көзі түсті.

– Сіңілім ренжімесең мынағанда сорпа құйып берші,- деді.

– Әрине құямын,- деп жүгіріп кеттім.

Сорпа құйып жатқанда өзі сөз бастады.

– Үйде балаларым бар. Осы 15 литр сорпаны тоңазытқышқа салып қойып, бес күн тамақ қыламын. Өзім еден жуушы болып жұмыс істеймін. Күнде аз-аздан қайнатып, бір уыс макарон салып, балаларыма беремін,- деп күрсінді.

Көзінде мұңды көрдім. Жүрегім ауырып, жаным ашыды. Кетіп бара жатып рақметін тоқтамай жаудырды. Қуанғанын көріп, риза болдым.

Қазандарды жуып. Айналаны жинап, тазалап жұмысқа келдім. Бағанағы келіншек көз алдымнан кетпей қойды.

Өзімді оның орнына қойып, шүкір еттім. Кеше түскі астың уақытында бастығым келді. Жұмысшылармен бірге отырып шай ішті. Шай ішіп отырып, сол әйелдің айтқандарын айтып бердім…

– Бес күн азық қылады екен,- дедім.

– Қойыңызшы.Бізге неге айтпадыңыз? Нан, сусын және т.б да заттарды беретін-едік қой,- деді.

Айтайын дегенім, тамақ таппай, айлығы шайлығына жетпей отырған қаншама отбасылар бар? Осындай жағдайда қалай ауырмасын, уақтылы тойып тамақ ішпесе, дәрі-дәрмек жоқ. Бар болғанымен де алуға ақшасы жоқ болса, қалай емделеді. Жүрек ауырады. “Біреуді көріп, пікір етесің. Біреуді көріп, шүкір етесің”! Осылай өмір жалғаса береді. “Жүре берсең көре бересің”- деген рас екен.
Жүрек тілім-тілім болады”.

Біреуде кем, біреуде артық дүние бар. Барды бөлісе білсек, жыртыққа жамау болар жақсылық жасасақ, қайырын өзіміз көреміз. Жілік-жілік ет жегенде, ет түсіне кіріп жүрген жандарға бір асым берсек, аш қалмаймыз. Жүрек жылуын аямай, мейірім төгіп жүрейікші. Сіз бен біздің титтей көмекке зәру қанша адам бар. Қол ұшын созып, сауап алайық.

Бақыт Досжанның фейсбуктағы парақшасынан алынды

Пікір жазу