Мақалалар Саңлақ сахабалар

САҢЛАҚ САХАБА: Әбу Һурәйра

«Аллаһым, Әбу Һурәйра мен анасын бүкіл мүминдерге сүйікті ет!».
(Хадис)

Әбу Һурәйра – Йеменнің Дәус тайпасынан шыққан, исламды алғашқылардың бірі болып қабылдап Аллаһ Елшісінің (с.а.у.) жанында төрт жыл тұрған қадірлі сахабалардың бірі. Діни үкімдердің жартысына жуығы мен көптеген хадистердің кейінгі ұрпаққа жетуіне сүбелі үлес қосқан.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қонақжайлылығы мен жомарттығының арқасында Аллаһ Елшісінің мешітінде тек қана ғибадат етіп, ілім үйренген, Исламның негізгі қағидаларын сақтап қалу жолында үлкен ыждағат көрсеткен сахаба.

Тайпа басшысы Туфәйл ибн Амр мұсылмандықты қабылдар-қабылдамас бұрын өз руластарының арасында Исламды құлшына таратқан. Әбу Һурәйра да Туфәйл ибн ‘Амрдың себепкерлігімен жүрегіне иман ұялаған.

Әбу Һурәйра Мәдинаға табан тірегенде, Аллаһ Елшісі Хайбар жорығында болатын. Расулаллаһтың нұрлы дидарын көруге асыққан ол кідірместен Хайбарға тартты. Діттеген жеріне де жетіп, Аллаһтың Сүйікті Елшісімен (с.а.у.) жүздеседі. Пайғамбарымыз оның атын сұрағанда “Әбдушшәмс” деп жауап қатады. Аллаһ Елшісі “Адам баласы айдың, күннің құлы бола алмайды: сен – Әбдуррахмансың” деп, оған Аллаһтың құлы мағынасына саятын осы атты еншілейді.
Алайда ол «Әбу Һурәйра» деген атпен танымал болды. Күндердің бір күнінде Аллаһ Елшісі оның мысықтарға айрықша мейірімділігін көріп, “Уа, Әбә Һирр” (мысықтың әкесі, иесі) деп оны бұдан былай осы атпен шақыратын болды. Содан бастап Әбу Һурәйра деп аталып кетті. Қарапайым да кішіпейіл ол өзі де Аллаһ Расулының қойған атын өзіне лайық деп тауып, осылайша шақырылуын ұнататын. Бұл оның Аллаһтың Елшісіне деген сүйіспеншілігінің белгісі еді.
Әбу Һурәйра ең алдымен Аллаһқа иман келтіруді өз жақынынан бастағанды жөн көреді. Ол Ислам уызының ләззатынан анасының да мақұрым қалмауын қалап, қабылдауы үшін қолынан келгенін аямады. Алғашында анасы қасарысып бақты. Әбу Һурәйра Исламның әсемдігін айтқан сайын, ол Пайғамбарымыздың мүбарак атына тіл тигізіп, ауыр сөздерді қарша борататын. Жанындай жақсы көретін анасының қараңғылықтың тар қапасында қалуы арқасына аяздай батты. Қалай айтса да, анасын көндіре алмады. Амалы таусылған Әбу Һурәйра тілектері сөзсіз қабыл болатын Аллаһтың сүйіктісіне мұңын шағып: “Расулаллаһ, анамды қаншама рет Исламға шақырдым, иілетін түрі жоқ. Онысымен де қоймай, сіздің қасиетті атыңызға ауыр сөздер айтады. Бұдан былай шыдай алар емеспін. Анамның тура жолға түсуі үшін Аллаһқа дұға етуіңізді өтінемін”, – деді.

Адамзаттың Ардақтысы (с.а.у.) оның өтінішіне құлақ асып, дұға жасады. Оның дұғасын Аллаһ Тағала аяқасты етпейтініне сенген Әбу Һурәйра үйіне құстай ұшып жетіп, есікті қағады. Іштен анасының “күте тұр” деген жарқын даусын естіп, бөгеліп қалады. Иман келтіргеннен кейін бой дәрет алу керектігін де үйренген анасы осыларды орындап болған соң, ұлына есік ашып “Балам, мен де сенің айтқандарыңды қабылдаймын; Лә иләһә илләллаһ, Мухаммадур-Расулуллаһ” деп тілін кәлимаға келтіреді. Мұны естіген Әбу Һурәйраның төбесі көкке жетті. Бір сағат бұрын Аллаһ Расулына (с.а.у.) мұңын төгіп жыласа, енді сүйінші сұрау үшін Оған қарай тұра жүгірді. Пайғамбарымыздың дұғасының қабыл болғанын айтып, толқыған күйі тағы өтініш қылады:
– Уа, Расулаллаһ, бүкіл мүминдер мені және анамды жақсы көрсін деп дұға етсеңіз, – дегенде, Аллаһ Елшісі алақандарын көкке жайып:
– Аллаһым, Әбу Һурәйра мен анасын бүкіл мүминдерге сүйікті ет!”, – деді.
Әбу Һурәйраның айтуы бойынша, осыдан кейін оны жақсы көрмеген ешкім қалмаған еді. Қазір де оны таныған адамның сүйері сөзсіз.
Ол керемет ақылды әрі алғырлығымен ерекшеленді. Хадис үйренуге деген құштарлығы шексіз еді. Бұл мәселеде оған ешкім тең келмеді. Бұл ерекшелігін Пайғамбарымыз жиі-жиі айтып отыратын. Бір жолы Пайғамбарымыздан:
– Қиямет күні сіздің шапағатыңызға аса лайық болатын кім? – дегенде, Пайғамбарымыз:
– Ей, Әбу Һурәйра, сенің хадис үйренуге деген құштарлығыңның шексіз екенін білгендіктен, мұны сенен бұрын ешкімнің сұрамайтынын, шынында да, сезген едім. Қияметте шапағатыма аса лайық болатын шын жүректен “лә иләһә илләллаһ” деген адам” – деп жауап берген еді.
Ол: “Расулаллаһтан әдемі, одан нұрлы ешкімді көрмедім. Жүзі атқан таңдай арайланып, күндей жарқырайтын”,– деп, Пайғамбарымызға (с.а.у.) деген сүйіспеншілігін осылайша білдірген еді.
Пайғамбарымызды қаншалықты жақсы көрсе, ілімге деген құштарлығы да сондай-ды. Оның ең асқақ арманы – ілім еді.
Түннің үштен бірінде ұйықтап, үштен бірінде құлшылық етіп, дұға оқитын. Қалған үштен бөлігін жаттаған хадистерін санасына сіңіріп, ұмытпас үшін үнемі қайталайтын. Ол үлкен ғалым, фақиһ және хадис хафызы (хадистерді жатқа білуші) болды. Бір күні мешітте оның: “Аллаһым, маған еш ұмытылмайтын ілім нәсіп ет” деп дұға етіп жатқанын естіген Пайғамбарымыз зор даусымен ауаны жаңғыртып “Аллаһым, әмин!”, – деді.
Оның хадисті көп риуаят еткеніне тәнті болып, “хадисті көп риуаят етесің” дегендерге, адал да пәк көңілмен “муһажир бауырларым базарда саудамен, ансарлар бау-бақшада шаруашылықпен айналысқанда, мен қарным тоқ болып Пайғамбарға қызмет ететінмін” деп жауап беретін еді. Әбу Һурәйра Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көлеңкесі сияқты үнемі қасынан табылатын.
Ілім үйрену үшін қанша күн аш қалып ораза ұстайтын. Тіпті үш-төрт тәулік қатарынан ауыз ашарға дәтке қуат қылар нәр таппай, ертеңіне де Аллаға тәуекелмен ниет етіп ораза тұтқан күндері де көп болды. Аштықтан жатқан жерінен қарны қабысып тұра алмай қалатын, тіпті тас байлап та жүретін. Өткен-кеткенге аштығын білдіріп, біреу-міреу “маған Құран оқып берер адам бар ма?” деп айтса, үйіне шақырар деп те үміттенетін. Алайда, бәрі оны жөнді түсіне бермейтін. Жафар ат-Тайяр оның бұл халін жақсы білгендіктен, көбінесе сол үйіне апарып тамақтандыратын. Кейде Пайғамбарымыздың өзі үйіне апарып қарнын тойғызатын.

Сахабалар өмірбаяны ғалым Алау Әділбаевтың «Саңлақ сахабалар» кітабынан алынды. Жалғасы бар.

Пікір жазу