Мақалалар Саңлақ сахабалар

САҢЛАҚ САХАБА: Әбу Һурәйра

(Жалғасы. Басы өткен санда)

Ілім қазынасы Әбу Һурәйра Алланың адамзатқа рақым етіп жіберген асыл тұлғасының аузынан шыққан әрбір сөзді қағып алып кейінгі ұрпақтарға аманат етуде айрықша қызмет көрсетті. Мұның себебін ол:
“Негізінен біз Кітапта ап-ашық үкімдерді әрі тура жолды адамдарға баян еткеннен кейін оны жасырғандарды Аллаһ лағынет етеді әрі барлық лағынет етушілер оған қарғыс айтады” деген Құрандағы “Бақара” сүресінің 159-шы аяты болмағанда, мен хадис риуаят етпес едім, – деп түсіндіретін. Пайғамбарымыздың қасында төрт жыл бойы жүрудің өзі сахабалар арасында оның қадірін арттырды.
Алла Елшісінің (с.а.у.) „Ақаба” келісімінде алғаш қолын қысқандардан және Оны (с.а.у.) Мәдинада сегіз ай бойы құтты қонақ еткен қадірлі сахаба Әбу Әйюб әл-Ансаридің өзі де Әбу Һурәйрадан хадис риуаят ететін. Одан: “Сен одан бұрын мұсылман болдың және сен де Аллаһ Елшісінің сахабасысың”, – дегендерге: “Ол біз естімеген көптеген нәрселерді естіді”, – деп, Әбу Һурәйраның ерекшелігін атап кеткен еді.
Сонымен бірге сахабалар арасында Абдуллаһ ибн Омар, Хибрул-Умма Абдуллаһ ибн Аббас, Жабир ибн Абдуллаһ әл-Ансари, Әнәс ибн Мәлік және Уасилә ибн Әсләм, Табиундардың арасынан Хасан Басри, Зәйд ибн Әсләм сияқты сегіз жүзге жуық белгілі хадис ғалымдарының көбі Әбу Һурәйрадан хадис риуаят еткен.
Пайғамбарымыздың қасында төрт жыл жүріп, хазіреті Әбу Һурәйра бес мыңнан аса хадис риуаят етті. Апталап аш қалса да, Алла Расулының (с.а.у.) қасында болып, Исламның жаңа үкімдерін үйреніп, жаттау оның ең қымбатты ісіне айналған.
Әбу Һурәйра (р.а.) Пайғамбарымыздың мейірімі жайлы былай дейді:
“Бір шайқаста Пайғамбарымыздан кәпірлердің тып-типыл құруы үшін дұға етуін сұрағанда, Ол:
“Мен лағынет айтып, елге азап беру үшін емес, қайта жақсылық жасап, оларды бақытты ету үшін жіберілдім”, – деп “Әнбия” сүресінің “Сені әлемдерге рақым етіп жібердік” деген 107-аятын дәлелге келтіреді.
Бірде Әбу Һурәйра Мәруанның алдында хадис риуаят етеді. Кейбіреулер оған білдірмей айтқан хадистерін жазып алады. Мәруан келесі жылы Әбу Һурәйраға жолығып, өткен жылы айтқан хадистерін қайтадан айтуын өтінді. Әбу Һурәйра “Бисмиллаһ” деп сол хадистерді айна-қатесіз, бір сөзін де өзгертпей қайталап айтып беріпті.
Хазіреті Әбу Һурәйра Муғауия ибн Әбу Суфиянның кезінде бірнеше рет Мәдинаға әкім болып тағайындалды. Ел билеген кездің өзінде қарапайымдылығы мен кішіпейілдігін сақтап, арқанын асынып, құшақ-құшақ отын таситын.
“Әбу Һурәйра (р.а.) төсек тартып қалыпты” дегенді естігендер бұл ардақты сахабаның халін сұрауға келгенде, оның жылап жатқанын көреді. Себебін сұрағанда:
“Дүниеден өтіп бара жатқаныма жыламаймын. Сапарымның тым ұзақтығына, мұнымен қоса азығымның аздығына налимын. Бұл жолаушылықтың соңында Жәннатқа кіремін бе, Жәһаннамға кіремін бе, мұны да білмеймін. Соған жылаймын”, – деп жауап берген еді.
Бүкіл хас сахабалар осындай болатын. Дәрежелері қаншалықты жоғары болса да, ақыретте есеп бере аламын ба деп соншалықты қорқатын. Олар дүниедегі дәрежелеріне марқайып асып та, тасып та кетпей, бетегеден биік, жусаннан аласа бола білді.
Ислам дінінің көптеген қағидаларының кейінгі ұрпаққа уыз да саф күйінде жетуі үшін жанын салған бұл сахаба хижраның елу сегізінші жылы дүниеден озды.

Жалғасы бар….

Авторлық құқықтары сақталған. Көшіріп басуға тиым салынады.

Пікір жазу