Мақалалар Саңлақ сахабалар

САҢЛАҚ САХАБА: Абдуллаһ ибн Мәс′уд

 

“Кімде-кім Құранды жаңа түсіп жатқандай оқығысы келсе, оны Ибн Умми ′Абдтың қырағатымен оқысын”.

(Хадис)

     

Әбу Әбдуррахман Абдуллаһ ибн Мәс′уд – алғаш иман келтіргендердің бірі. Ол бала кезінде Әбу Жәһил, Ұқба ибн Муайт сияқты азулы мүшріктердің қойларын бағатын.

Пайғамбарымызбен (с.а.у.) танысқаннан кейін, жанынан екі елі ажырамай еріп жүретін еді. Суффалық асхабтың бірі Абдуллаһтың Аллаһ Елшісіне жақындығы сондай, Пайғамбарымыздың нұрлы шаңырағына еркін кіріп-шығатын. Оны көргендер әһли бәйттен (Пайғамбарымыздың туысқаны) деп ойлайтын[1].  Аллаһ Елшісіне (с.а.у.) қызмет жасап, Одан көп нәрсе үйренді.

Адамзаттың ардақтысы (с.а.у.) оны «Ибн Умми ‘Абд» дейтін. Пайғамбарымыз ол жайлы: “Кімде-кім Құранды жаңа түсіп жатқан кезіндегідей оқығысы келсе, оны Ибн Умми ‘Абдтің қырағатымен оқысын”[2] деп, Құран оқудағы қасиетін жоғары бағалайтын. Пайғамбарымыз бір күні оған:

  • Маған Құран оқышы, тыңдайын, – дегенде, ибн Мәс‘уд:
  • Уа, Расулаллаһ! Құран саған түсті. Мен оны саған қалайша оқимын,– деп таңданысын жасыра алмайды. Аллаһ Елшісі (с.а.у.) :

– Құранды өзгеден тыңдауды ұнатамын, – деген еді.  Пайғамбарымыздың өтінішін жерге тастай алмаған ибн Мәс′уд “Ниса” сүресін оқиды. “Ниса” сүресінің: “Әр үмбетті куәларымен (қайта тірілткенде) әкеліп, сені де солардың алдында куә ретінде тартқанда қандай күн болмақ?!” деген қырқыншы аятына келген кезде, Пайғамбарымыздың қос жанары манаурап, жүрегі толқып:

–Жә, жетер, – деп қолын көтеріп, тоқтатқан-ды[3].

Хазіреті Абдуллаһ қоңыр даусымен Құранды мүшріктерге жария етуден қорықпайтын. Бар әлемге жалғыз өзі төтеп беретіндей иман күшіне ие Абдуллаһ Мекке мүшріктерінің алдына шығып дауыстап Құран оқыды. Оның бұл қылығы шымбайына батқан мүшріктер оны сол мезет соққыға жықты. Алайда олардың таяғын шыбын шаққан құрлы көрмеген ол тағы да қайталамақ болғанда, қасындағы басқа сахабалар оның етегінен басып, жеңінен тартқылап, жібермей ұстап қалды[4].

Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларына Құранды төрт кісіден үйренуді ескертсе, сол төрт кісінің бірі осы – Абдуллаһ ибн Мәсуд[5].

Мүшріктердің қорлықтары мен азаптарына төзе алмай Эфиопияға көшкендердің арасында Абдуллаһ ибн Мәсуд та бар. Бірақ Пайғамбарымызға деген сағынышы жібермей, Меккеге қайта оралды. Ол жерден кейінірек Мәдинаға һижрет етті. Ибн Мәсуд Пайғамбарымызбен бірге бүкіл соғыстарға қатысып, үлкен ерлік танытты. Бәдір шайқасында Аллаһтың дұшпаны Әбу Жәһилді өлтірген –осы Абдуллаһ.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Ибн Мәсудқа деген ілтипаты айрықша  еді. Бірде Ол: “Менен кейін Әбу Бәкір мен Омарға бағыныңдар. Аммардың жолымен жүріп, ибн Мәсудтың айтқандарын бұлжытпай орындаңдар”, – деген еді[6].

Абдуллаһ ибн Мәсуд Пайғамбарымыздың үйінде тәрбиеленді. Аллаһ Елшісі арқылы ақиқатқа көзі ашылып, оның қасиеттерін бойына сіңірген еді. Хазіреті Әбу Хузәйфа оның жүріс-тұрысы, өмір сүруі, жол көрсетіп, адамдарға ақиқатты үйрету тұрғысынан және мінезі жағынан Аллаһ Расулына (с.а.у.) ең қатты ұқсайтын сахаба екенін айтады[7].

Алла Елшісін жақыннан танып, оның ұшан-теңіз білімінен сусындап, бүкіл өмірін Құранды үйренуге арнаған суффа асхабының бақыттыларының бірі – ибн Мәсудтың білімі шалқар болатын. Әсіресе, тәпсір ілімінде оның орны бір төбе. Бұл жайлы ол өзі былай деген:

Жалғыз тәңір Аллаһқа ант етейін! Аллаһтың Кітабында қай аяттың қай жерде, не үшін түскенін менен жақсы білетін ешкім жоқ. Егер менен жақсы меңгерген адам бар болса және оған жету мүмкін болса, міндетті түрде оған барар едім”[8].

Хазіреті Абдуллаһ – Құран ілімдері (улумуль-Қуран) мен фиқһ саласының аса білімдар ғалымы. Хазіреті Омар оны Куфаға мұғалім етіп жіберді. Куфалықтар одан хадис пен фиқһ саласы бойынша тәлім алды. Ол бір мәселенің шешімі бойынша нақты дәлел (Құран аяты немесе хадис) насс болмаған жағдайда рәй (ақылды қолдану арқылы дәлел келтіру) арқылы шешу жолын таңдаған. Міне сондықтан куфалықтар мен басралықтар «рәй», «фиқһ» мектебінің қағидаларын ұстанды. Әбу Ханифа да осы мектепке қарайды.

Хазіреті Әли Куфаға келгенде, сол жердің тұрғындары Абдуллаһты: “Ол сияқты көркем мінезді, жылы сөзді, білікті ұстаз, Аллаһтан қорқатын адам көрмедік”, – деп мақтайды. Әли олардың сөзін растап, оның бойында одан да жақсы басқа да қасиеттердің бар екенін айтқан еді. Құранды әуеніне салып, мақамдап оқитын. Харамды –харам, адалды – адал деп білетін. Фақиһ әрі үлкен хадис ғалымы болды.

Хазіреті Абдуллаһ қайтыс болар кезде төсек тартып жатып қалды. Халифа Осман оның көңілін сұрап, қандай шағымының бар екенін білгісі келгенде ибн Мәсуд :

  • Бір ғана шағымым бар, ол күнәларым, – дейді. Хазіреті Осман:
  • Не қалайсың? – деп сұрағанда, көкейінде көптен күткен үмітін айтып:
  • Аллаһтың рақымын, – деген еді. Хазіреті Осман:
  • Жылдар бойы алмай тартынған мемлекет тағайындаған айлығыңның берілуін әмір етейін бе? – дегенде, ибн Мәсуд:
  • Бұдан кейін оның еш пайдасы бола қоймас, – дейді. Осман:
  • Артыңдағы балаларыңа қалар.
  • Балаларым кедей болып қалады деп қорқамысың? Мен оларға әр түні “Уақиға” сүресін оқыңдар деймін. Өйткені Аллаһ Расулының: “Кімде кім әр күні жатарда “Уақиға” сүресін оқитын болса, дүниеде таршылық көрмейді” дегенін естіген едім,[9] – деп жауап берген еді Аллаһ Елшісінің (с.а.у.) жол серігі бақытты сахаба.

Хазіреті Омар мен Османның дәуірінде Куфада әкім болып, хижраның 32-ші жыл санауында Мәдинада қайтыс болды[10].

 

 

 

Ескерту: Теолог, ғалым-ұстаз Алау Әділбаевтың «Саңлақ сахабалар» кітабынан алынды. Барлық авторлық құқықтары қорғалған. Рұқсатсыз көшіріп-басуға қатаң тиым салынады.

 

 

 

 

 

[1] Бухари, фадаилус-сахаба, 27; Табақат, 3:153.

[2] Мустәдрәк, 2:318; әл-Исәбә, 2:369.

[3] Тирмизи, Тафсируль-Қур’ан, 5.

[4] Усдульғаба, 3:257.

[5] Тирмизи, манақыб: 38.

[6] Тирмизи, манақыб:38.

[7] Сахабилер ансиклопедиси, 1, 180.

[8] Муслим, фадфилус-сахаба:115.

[9] Усдул-ғаба, 2:259.

[10] Кескиоглу, 69.

Пікір жазу