Әр түрлі Мақалалар

ЖАН САДАҚАСЫН САДАҚА ЕТІҢІЗ…

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Келе жатқан Ораза айтымыз баршамызға құтты болсын. Ораза айындағы құлшылыққа жасаған ниеттерімізді, жасайтын амалдарымызбен тілектеріміз қабыл болсын. “Ораза, намаз тоқтықта” дегендей тоқшылық заманымыз ұзағынан болсын. Қандай қиыншылық келген болса сабырлықпен жеңуді нәсіп етсін.

Осыдан 25 жыл бұрын аудандық мешітте оқып жүрген кезімізде аталарымыз бен апаларымыз ораза айында берілетін пітір садақаны “Жан садақасы” (дененің зекеті, дененің садақасы) деп айтатындығы әлі есімізде. Тіпті үйме-үй жүріп Құран оқып жылына бір рет оразада берілетін жан садақаны (пітір садақа) беру керектігін аталармен бірге жүріп біз де айтатынбыз. Өткен бабаларына Құран бағышталып, пітірді ескертіп және ауыл тұрғындарының мұқтаждарын анықтап, тізімге ілетін. Айттан екі-үш күн бұрын сол мұқтаждарға жан садақадан жиналғанның басым көпшілігін таратып беретін. Мешітке еш жақтан түсім болмағандықтан мешіттің коммуналдық, шаруашылық басқа да шығындарға аз бөлігі жұмсаушы еді. Бұл дәстүр әлі де жалғасып келеді.

Алла Тағала қасиетті Құран-Кәрімде “Әғлә” сүресінің 14-15 аяттарында:

, قَدْ أَفْلَحَ مَن تَزَكَّى وَذَكَرَ اسْمَ رَبِّهِ فَصَلَّى
Мағынасы:«Әлде кім тазарса, ол кұтылды. Ол Раббыңның атын еске алып, намаз оқыды». Кейбір тәпсірші ғалымдардың айтуынша «Тазарса» деген сөз пітір садақаны берген адамды білдіреді. «Ол Раббының атын еске алып» деген айт намазында тәкбір айтуды білдіреді. Ибн Хузимат Касир Абдулладан риуаят етеді, ол өз әкесінен естігенін айтады, ал ол өзінің атасы айтқан хадисті келтіреді: Пайғамбарымыздан (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) “Әлде кім тазарса, ол құтылды. Ол Раббының атын еске алып, намаз оқыды” – деген аяттың мағынасын сұрады. Бұған Пайғамбарымыз (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) бұл екі аятты Алла тағала пітір садақаға қатысты түсіргенін айтты.

Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафа (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) айт мерекесінің алдында бір күн бұрын елге құтпа оқып, пітір садақа берулеріне әмір еткен.
Пайғамбарымыз (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын): «Пітір садақа-сәһу сәждесі сияқты, яғни сәһу сәжде намаздың жаңылысқан жеріне кәффарат болса, пітір садақа тұтқан оразаның кемшіліктерінің өтеуі» -деді. Ораза тұңғыш рет мұсылмандарға парыз болған жылы Пайғамбарымыз (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) пітір садақаны үмметіне уәжіп етіп, оны беруді бұйырды.

Пітір садақа уәжіп (міндетті) болу үшін:
Мұсылман болуы керек;
Азат (бостандықта) болуы керек;
Өзінің қажетінен артық мүлкі болуы керек.

Кімде-кім пітір садақаны айт намазынан кейін берсе, онда ол жай садақа болып қалады. Хазіреті Осман (Алла одан разы болсын) өз заманында пітір садақасын беруді ұмытып кетеді. Біраз уақыт өткен соң есіне түсіп, пітір садақасының кәффараты (құны) үшін деп бір құлды азат етті. Сол кезде Пайғамбарымыз (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «-Ей, Осман, сен жүз құлды азат етсең де пітір садақасының сауабын таба алмайсың»,- деді.

Егер де бір кісі пітір садақасын Рамазан айы өткеннен кейін берсе, ол оның мойнынан өмірінің соңына дейін түспейді. Пітір садақаны уақытылы бермегені үшін, ол оның мойнында өмірінің соңына дейін қарыз болып қалады. Себепсіз айт намазына дейін пітірді бермесе күнә болады, өйткені егер сол уақытта беріп үлгермесе, онда мүмкіндік туған кезде берген жөн. Мұқтаж болғандардың қажетін өтемеген болады.

Әбу Дауд және Тирмизи Әли ибн Әбу Талибтен (Алла одан разы болсын) риуаят етеді: «Аббас (Алла одан разы болсын) Пайғамбарымыздан (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) пітір садақаны тез, яғни айдың басында беруге рұқсат сұраған, Пайғамбарымыз (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) оған рұқсат еткен».

Пітір садақаны рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады.

Пітір садақасының сауабы туралы Пайғамбарымыз (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Кім пітір садақасын берсе, ол пендеге Алла тағала он жақсылық береді».

Бұған тоқталар болсақ, олар:
1.Тозақ отынан азат болар.
2. Барлық күнәларынан тазарар.
3. Тұтқан оразасы қабыл болар.
4. Ол кісіге жәннатқа кіруге уәжіп болар.
5. Алла тағала ол кісінің осы жылғы істеген істерін қабыл етер.
6. Қиямет күні Пайғамбар (с.ғ.с) шапағат етер.
7. Сират көпірден найзағайдай жарқ етіп өтер.
8. Тұтқан оразасы қор болмас.
9. Мизан таразысында сауап жағы басым болар.
10. Ол кісінің аты сауап кітабына жазылар.

Алланың разылығын ойлап, оразадан оразаға аман-есен жеткенімізге шүкіршілік етіп берген пітір садақаның сауабы мол. Жаратушы Иеміз пітір садақаны бізге, жоғарғы мақсаттарға жетуіміз үшін міндеттеген.

Пітір садақа мұқтаждың қажетін өтеу үшін және адамның ораза кезіндегі жіберген қателіктері мен кемшіліктерін толтыру үшін беріледі.
Абу Дауд ибн Мажа және хаким ибн Аббастан (Алла одан разы болсын) риуаят етеді:
«Пайғамбарымыз (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) пітір садақаны: “Адамның оразасы сөзіндегі қателіктерінен тазаруы және міскіндерге тағам ретінде көмек болуы үшін міндеттеген».

Пітір садақаны тағамның төрт түрінен ғана беру – уәжіп.(бидай, арпа, мейіз, құрма). Пітір садақаға жай бидай бергеннен оның ұнын беру абзалырақ. Егер де ақшамен берілсе, ол да одан да абзал болады. Өйткені кедейдің қажеті ақшамен тез өтеледі.

Өз қажеттілігін қоспағанда мал-мүлкі, дүниесі күміс нисабына жеткен, яғни 127 мың теңгесі бар адам Рамазан айында өзі және жанұясы үшін пітір садақасын беруі – уәжіп (міндет).

Биыл бір адам атынан берілетін пітір садақа мөлшері 370 теңге деп бекітілді. Материалдық мүмкіндігі бар адамдар пітір садақаны құрма (9400 тг) немесе мейіз (3920 тг) құнымен берген абзал.
Пайғамбарымыз (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) хадис-шарифінде: «Оларды (яғни кедейлерді) айт күні қайыр сұрамас үшін байытыңдар»- деген.

Құран кәрімнің “Тәубе” сүресі 60-ыншы аятында:

إِنَّمَا الصَّدَقَاتُ لِلْفُقَرَاء وَالْمَسَاكِينِ وَالْعَامِلِينَ عَلَيْهَا وَالْمُؤَلَّفَةِ قُلُوبُهُمْ وَفِي الرِّقَابِ وَالْغَارِمِينَ وَفِي سَبِيلِ اللّهِ وَابْنِ السَّبِيلِ فَرِيضَةً مِّنَ اللّهِ وَاللّهُ عَلِيمٌ حَكِيمٌ.
Мағынасы: «Шын мәнінде садақалар (зекеттер), Алла тарапынан бір парыз. Қолы тар пақырларға, түгі жоқ міскіндерге. Оны жинауға белгіленгендерге, көңілдері алынатын (жаңа мұсылмандарға), құлды азат етуге, борыштыларға, Алла жолына және жолда қалғандарға беріледі. Алла әр нәрсені білуші, хикмет иесі» делінген.

Пітір садақаны (және зекетті) жоғарыдағы аятта айтылған адамдарға беру керек.

Бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша пітірмен зекеттеріміз мешітке жиналу керек. Өйткені Құранда келген садақа алуға лайықты жандарға иелендіру жұмысын сіз үшін жасауға жәрдем береді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы патуа бөлімі пітірмен зекеттің және підияның құнын белгілеп берді. Және қайда аударуға болатындығын хабарлады. Әрине әр адамның беретін садақасының егесі өзі. Қайда беремін десе де қалауы өзінде.

Жылына бір рет берілетін садақаларымыз бір ортаға топталуымен қаншама мұқтаж жандардың қажетін өтеуге жол ашылады.

Алла разылығы үшін жасаған амалдарыңыз, берген садақаларыңыз, дұғаларыңыз қабыл болсын!

Еркін Полатов – Түркістан облысы бойынша зекет бөлімінің меңгерушісі

Пікір жазу