Әр түрлі Мақалалар

СӘЛДЕСІН СЫЙЛАП КЕТТІ (ФОТО)

Осы жұрт Ғұбайдулла ақсақалды біле ме екен? Мырзашөлдің түпкіріндегі аядай Фердауси ауылында абыз ата тұрады.

Ол кісі кезінде Димекең Қонаев тілдескен. Жастығын колхоз бастықтың сенімді жолсерігі болып өткізген ардагер жүргізуші. Бұл кісідей тәжірибелі жүргізушіні жарық күнде шаммен іздеп таппайсыз.

Қария – нағыз қазына. Қазақ жеріне тәжік жұртының жер аударғандағы қоныстанудың шыж-быжының бәрі есінде. Қара нанды бөлісіп жеген қазақ халқына алғыстан басқа айтары жоқ.

Жуырда өзі 45 жыл қызмет еткен марқұм бастығының аманатын орындап өз арманы орындалғандай марқайып жүрген жайы бар. Әкесінен алыстап қалған қызын 45 жылдан кейін бауырларымен табыстырып берді. Алыстан іздегені жақында жүрген екен. Аманат қызды іздеп Қазақстанды шарлап шығыпты. “Сұрай-сұрай Меккеге де жетесің” дегендей, іздегеніне жеткізген Аллаға шүкіршілік етіп отыр, енді.

Фердаусиге барса болды, облыстың бас имамын өзі құрақ ұшып күтіп алады. Осымен екінші рет Ғұбайдулла қариямен дәмдес болу бұйырды. Айтқандай, ататайымыз 70 жастан асып қапты. Жүзіне қарасаңыз көңіл жас сайрап тұр, онша-мұнша жастардан тың.

Тәжіктерде қызық салт бар екен. 70-ке келген қарияға сәлде сыйлап, құрметті ақсақалдардың қатарына қосады. “Сыйға-сый” дегендей облыс имамы Мұсабек Ақтамберді ағатайын ататай жасқа жетуімен құттықтап, сәлдесін сыйлады. Дін басының қолынан сәлде бұйырғанына балаша қуанды.

Дастархан басында отырған ауыл ақсақалдары Ғұбайдулла атаның төрге шыққанына “құтты болсын” айтты. Облыс имамы Мұсабек Ақтамберді қарттардың дендеріне саулық, екі дүниеде де бақытты ғұмыр кешулеріне тілектестік білдірді. Алла Тағала ауыл ақсақалдарына разы болсын!

 

Түркістан облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Пікір жазу