Әр түрлі Мақалалар

ҚҰРАН ТҮСКЕН ҚАСИЕТТІ АЙ

Алла Тағала “Бақара” сүресі 185- інші аятында:

«شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذ۪ٓي اُنْزِلَ ف۪يهِ الْقُرْاٰنُ هُدًى لِلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِنَ الْهُدٰى وَالْفُرْقَانِۚ».

«Рамазан айы – сондай ай, онда адамдар үшін басшылық әрі тура жол мен фурқанның анық дәлелдері ретінде Құран түсірілген». Аятта айтылғандай, бұл – қасиетті Құран түскен ай. Ғалымдар бұл аяттың тәпсірінде «Құранның барлығы емес бастапқы аяттары түсе бастаған»- деп айтқан.

Рамазан айының басқа айлардан жоғары болуының себебі Құран Кәрімнің Қадір түнінде түскені.

Ханафи ғалымдарының бірі Ибн Абидин «Раддул-Мұхтар» атты кітабында қадір түнінің қай түні екеніне байланысты ғалымдар пікір-таластарып, көбісі Рамазан айының соңғы он түннің бірінде дегендігін жеткізген. Ал, Жаратқан Иеміз “Қадр” сүресінің 1,2,3 – інші аяттарында:

«اِنَّٓا اَنْزَلْنَاهُ ف۪ي لَيْلَةِ الْقَدْرِۚ وَمَٓا اَدْرٰيكَ مَا لَيْلَةُ الْقَدْرِ لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِنْ اَلْفِ شَهْرٍۜ ۜ »

«Ақиқатында, біз оны (құранды) Қадр түнінде түсірдік. (Ей, Мұхаммед) Қадр түнінің не екенін саған не білдірді? Қадр түні – мың айдан қайырлы » – деп, өзі Қадір түнінің дәрежесін баяндап берді.

Бұл айдың қасиеттілігі соншалық, Әбу Хурайра жеткізген хадисте Алла елшісі с.а.у:

” لاَ تَقُولُوا : رَمَضَانُ ؛ فإنَّ رَمَضَانَ اسْمٌ منْ أسماءِ اللَّهِ _ تعالى _ ، ولكنْ قُولُوا : شَهْرُ رَمَضَانَ”.

«Рамазан Алланың аттарынан біреуі болғандықтан, тек Рамазан демеңдер. Рамазан айы деп айтыңдар»- деген. Алла Елшісі с.а.у Рамазан айында Жәбірейіл періштемен бір араға келіп Құран оқитын еді. Бұл сүннет амал әлі күнге дейін мешіттерде жалғасып келеді.

Рамазан айында жасалатын Исламның бес парызынан бірі ораза ғибадаты екені даусыз. Оразаның Рамазан айының қасиетті болуында үлкен үлесі бар. Себебі, Алла Тағала жоғарыдағы аяттың жалғасында:
« فَمَنْ شَهِدَ مِنْكُمُ الشَّهْرَ فَلْيَصُمْهُۜ »

“Сендерден кім бұл айда болса ораза ұстасын» деген. Ал, Пайғамбарымыз с.а.у Бухари хадисінде:

« مَنْ صَامَ رَمَضَانَ إِيمَانًا وَ احْتِسَابًا غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ »

«Кім Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, оның бұрын істеген күнәлары кешіріледі »- деп айтты.

Ораза – ішіп-жеу және шаһуаттан тыйылу арқылы орындалатын құлшылық. Ал, тамақ пен жыныстық сезім адамзатты азғыратын, жолдан тайдыратын нәпсі нөкерлері десек болады. Нәпсі – адамның ішкі жан дүниесі, рухына азық болатын нәрселерден гөрі тәнге азық болатын нәрселерге үгіттейді. Оразаның пайдасы осы нәпсінің екі нөкерін тізгіндеуіне септігін тигізеді.

Шафиғи ғалымы Имам Ғаззали оразаны үш түрге бөліп түсіндіреді:

1) “Ауам” ( қарапайым халық ) оразасы – нәпсінің азығы болған тамақ және шаһуаттан өзін тыю;

2) “Хауас” ( салиқалы адамдар ) оразасы – жоғарыдағы тамақ және шаһуатпен қоса құлақ, тіл және көзді күналардан тыю;

3) “Ахас” ( Алла жолында дәрежелі адамдар) оразасы – жоғарыдағы айтылып өткендермен бірге жүректі жаман ойлардан және дүние сияқты арзымайтын нәрселерді ойлаудан тыю.

Нәпсісін тізгіндеп, өз- өзін басқара алатын адамдарды “тақуа” дейді. Пенде оразаның арқасында нәпсісін толықтай ауыздықтап , өзіде Ұлы Жаратушының алдында шынайы мойынсұнған құлға айналады. Міне, осындай ғибадаттың сауабы жайында Имам Бұхари риуаят еткен хадисте Алла Елшісі с.а.у:

« قَالَ اللّٰهُ: كُلُّ عَمَلِ ابْنِ آدَمَ لَهُ إِلَّا الصِّيَامَ فإِنَّهُ ليِ وَ أَنَا أَجْزِي بِهِ »

«Ұлылығы шексіз Алла Тағала : Адам баласының ұстаған оразасынан басқа барлық амалдары өзіне. Ал, оразаның жөні бөлек. Өйткені, ораза Менің разылығым үшін ұсталады. Сондықтан да сауабын Өзім беремін » – деген. Сондай-ақ, ораза ұстаған адамға құрмет ретінде Тирмизи риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафа с.а.у:

«مَنْ فَطَّرَ صَائِمًا كَانَ لَهُ مِثْلُ أَجْرِهِ غَيْرَ أَنَّهُ لاَ يَنْقُصُ مِنْ أُجُورِهِمْ شَيْئٌ »

«Аузы берік кісіге ауыз аштырған адамға ораза ұстағанның сауабындай сауап беріледі. Бұдан ораза ұстаушының сауабы еш кемімейді».

Негізінде мұсылман адамның мақсаты бұл дүниеде Алла разылығына жету. Алла Тағала періштелерді жаратып, оларға тек ақыл, жануарлар әлемін жаратып, оларға тек нәпсі берген. Періштелерде нәпсі болмағандықтан, Алланың әмірін бұлжытпай орындайды. Жануарларда тек нәпсі ғана болғандықтан, олардың бар мақсаты қарынды тойдырып, жыныстық сезімін қандыру қамында ғана өмір сүреді. Ал, адам баласында періштедегі ақыл да, жануардағы нәпсіде бар. Адамзаттың періште мен жануардан айырмашылығы мына дүниеге сынақ үшін келгенінде. Сондықтан адам қаласа, ақылымен періштелер дәрежесін бағындырады, немесе нәпсіқұмарлыққа салынып жануарлар секілді қарын мен жыныстық сезімінің қамын ойлаумен күн кешеді. Демек адам ақылға ерсе дәрежесі артады, ал, нәпсісіне ерік берсе адамгершілігінен айырыла береді.

Рамазан айында ораза арқылы төзімділік, шыдамдылық, сабырлылық, жанашырлық, тақуалық секілді ізгі қасиеттерді өн бойымызға жинауға тырысамыз. Рамазан – қайырымдылық, мейірімділік, ізгі амалдардың еселене жасалатын уағы. Сол арқылы сауабымыз артып, күналарымыз кешіріледі. Ханафи ғалымы Имам Раббани
«Мәктубат» – атты кітабында:«Кім Рамазан айында нәпіл ғибадат жасайтын болса оған бір парыз сауабы бар, ал парыз ғибадатын орындаса оған жетпіс парыз сауабы бар»- деп жазған.

Осындай бір керемет айды күту және “Рамазан айы келді” деп қуану мұсылман құлдың сипаты. Себебі, сахабалар р.а Рамазан айын күтумен, ол ай келгенде бір-бірімен жарысып ғибадат жасағандары кітаптарда жазылған.

Осындай қасиетті айды бекер өткізіп алудан Алла сақтасын. Алла Тағала баршамызға Рамазан айында көп-көп амалдар жасауды және осы айдың құрметіне күнәларымыздың кешірілуін нәсіп етсін!

Елиярбек Еркінбаев – Түркістан облыстық мешітінің ұстазы

Пікір жазу