Әр түрлі Мақалалар

НАУРЫЗБАЙ ТАҒАНҰЛЫ: – ОҢЫНАН КЕЛСІН…

Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның с.а.у кәпірлерден көрмеген қорлығы қалмаған. Сонда да ол дұшпанның дұшпанын да кешірген. Алла Тағала кешірім сұраушылар мен кеңшілік етушілерді жақсы көреді. Себебі ақыретте араздасқандардан сұрау қатты болады. Сол үшін де Раббымыз Өзінің алдына кешірім алмай және кешірім бермей келмеуімізді бұйырған.

Қамшының сабындай қысқа ғұмырда сыйласқан сіз-біздік қана есте қалады. Адам баласының өмірі бір сыдырғы өтуі мүмкін емес. Періште көкте ғана, ал, пенде қателеседі. Тірі жанның сірі қандай екенін байқау үшін Алла Тағала әркімге әрқандай сынақтар жіберіп тұрады. Десе де көтере алатын деңгейімізге қарай жүк арқалаймыз.

Арыстағы жарылыс талайдың үрейін ұшырғаны ақиқат. Одан қауіпті қатерге душар болмағанымызға шүкіршілік еттік. Қаланы снаряд қалдықтарынан тазартуға сапёрлар, отты ауыздықтауға өрт сөндірушілер, ұрымтал сәтті мүлт жібермейтін ұрылардан қоруға тәртіп сақшылары, жарақаттанған жандарды емдеуге қаншама медицина мамандары тартылды. Бұдан бөлек күн-түн демей, аяқтарынан тік тұрған еріктілер тобы мен мемлекеттік қызметкерлер де қанша ма?

Әлбетте, әркім өз күнәсін өзі көтереді десек те, біреу-біреуді жәбірлеп жатса “Сен де анадан туған емессің бе?”,- деп адамгершілікке шақыратынымыз бар емес пе? Бұл да болса, кеудедегі бір кесек еттің мейірімнен мақұрым еместігін білдіреді.

Шәкәрім Құдайбердіұлы былай дейді:

Біреудің мінін кешірсең,
Құдай да сені кешеді.
Бірін де қылмай есірсең,
Төбеңді әлі-ақ теседі.
Көңілі жұмсақ адамның,
Күрмеуін тағдыр шешеді.
Пейілі жаман адамның,
Орыны дайын деседі.

Бұл өлең жолдарынан алдыңа келсе, атаңның құнын кешуге, таспен ұрғанды аспен сыйлауға, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге тиіс екенімізді түсінеміз. “Ол да адам баласы” деген кең тараған мейірімді сөз, осыған қаратып айтылған.

Арыстағы апатта зақым тиген мешіттердің біріне барғанда, бастырма астында отырған бір топ жігіттерді көзіміз шалды. Адамның үстінен аттап өтпейтін қазақпыз ғой, сәлемдесіп жөн сұрастық. Сөйтсек, шіліңгір шілдеде көз шырымын алып жатқан тәртіп сақшылары екен. Бір аптадан бері отбасын көрмей, қаланың тыныштығын торып, екі ауысымда қызмет етіп жүргендерін айтты.

Арысқа арнайы сапармен келген ҚМДБ Төрағасының бірінші орынбасары Наурызбай Тағанұлы полиция қызметкерлерімен сұхбаттасып, Алла Тағаладан күш-қуат тілеп батасын берді. Жігіттер жігерленіп қалды…

Бір ауыз жылы сөз – жан-дүниеңді жылытады. Бізге жан семіртетін, жарым ырысты әңгімелер жетіңкіремей жатады. Бауырмалдық қасиет те бара-бара ыдырап барады. Алла Елшісі с.а.у былай деп айтқан: «Адамдарға мейірімді бола білмеген кісіге, Алла Тағала да мейірімділік танытпайды». Көпшілік мейірбандылыққа шөліркеп тұр.

Мешітке кірген соң, НаурызбайТағанұлы ой саларлық әңгіменің тиегін босатты:

“- Абай бабамыз айтқандай “Жерортасы жасқа жеттім, не істедім, не бітірдім?”- дегендейін сұрақ күнде мазалайды. Адам жасы ұлғайған сайын дос іздейді, амалдарын түгелдейді. Ажал да, апат та айтып келмейді. Осылай бейқам жүргенде… “Амалым қанша?” демес үшін осы бастан қамданғанымыз жөн.

Көп әрі жақсы дос жию керек. Ерте ме, кеш пе, жалғаннан озғанда, жаназаңа қанша адам келеді, келе ме, келмей ме? Осы сұрақтар мазалауы тиіс.

Кімге ренжісеңіз де, оны кешіріңіз. Өкпе өрши берсе, адамды күйзеліске душар қылады. Нала ұлғайған сайын, өмір қиындайды. Ауыртпалықты арқалап жүре береді. Ал, кешірсе, жеңілдеп қалады.

Ақыретте періштелер амал дәптерлерімізді алдымызға алып келеді. Алла Тағала: “Оқы!”- деп, өз істегендерімізді өзімізге оқуға бұйырады. Ол дәптерде не барын, өзіміз де ұмытып кетуіміз мүмкін. Алайда, екі иықтағы періште тал бесіктен, жер бесікке дейінгі өмірдеректің әр сәтін жазып отыратынын ұмытпауымыз қажет. Сондықтан да аталарымыз “кітабың оңыңнан келсін” деп қияметтегі ахуалымызды меңзеп айтқан.

Кімнің қай уақытта, қай жерде, қай елде дүниеге келетінін және қанша жаста, қандай жағдайда өтетінін ешкім білмейді. Ол жағы да бір Аллаға аян. Мәлімдісі, бір-бірімізге мейіріммен қарап, қиналғанда кәдеге жарап, ағайын-туыспен суыспай, дос жиып өмір сүруіміз керек. Керісіп қалсақ та кешіруіміз керек. Себебі, ол да адам баласы.

«Рақымдылық жасамағанға рақымдылық көрсетілмейді”, «Рақымдылық жасағандарға Алла тағала да рақымдылық жасайды» деген, хадистерде. Ақыреттің жақсылығын ойласақ, бәріне кешіріммен қарауға міндеттіміз”,– деді.

Иә! Қияметте адамдар бір-бірінің ақысы мен қақысын даулайды екен. Сонда ақысына бүкіл сауабын сарқып алғысы келіп тұратындар табылады. Алла Тағала мейіріміне бөлегісі келіп, ренжіткен адамды кешіруін сұрайды. Оның сыйы ретінде жәннаты көрсетеді. Сонда жұмақтың кереметін көрген талапшыл жан ақысын даулап тұрған адамын кешіріп, жәннатқа жетелеп кете барады екен. Кешіре білейік! Кешірім сұрай жүрейік! Ішінде болса да аласы, бәріміз де бір адамның баласы…

Түркістан облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Пікір жазу