Әр түрлі Мақалалар

Имам Матуридидің өмірбаянына қысқаша шолу және ислам дініне қалдырған еңбектерінің артықшылығы

Барлық мадақ пен мақтау бүкіл әлемдердің жаратушысы Алла Тағалаға тән. Елшілердің мырзасы, екі дүниенің нұры Хазіреті Мұхаммедке (с.а.с.) Ұлы жаратушының сәлемі мен салауаты болсын. Оның отбасына, қадірлі сахабаларына күллі мұсылман қауымына Алла Тағаланың рахымы болғай!

Адамзаттың жаратылу мақсаты – бір Алланы Хақ Тағала деп танып, «Таухид» сенімінде өмір сүру. Таухид- Ислам дінінің өзегі. Негізі (тірегі) мықты болмаған кез-келген нәрсенің ғұмыры баянды болмайды. Сол сияқты Таухид сенімін және оның негіздерін дұрыс түсінбеген адамның құлшылық-ғибадаттары да пайдасыз болмақ. Тарихи деректерге сүйенсек, ислам діні VIII ғасырдың ортасында қазақ халқының дүниетанымы мен тыныс-тіршілігі ретінде түркі даласында кеңінен тарады. Содан бері қазақ халқының сан ғасырлық тарихы мұсылмандық ұстанымынан ауытқымай келе жатқандығы күмән келтірмес ақиқат. Оған ұлт болмысына сіңісіп, өмірінің өзегіне айналған руханияты мен әдет-ғұрпы дәлел.

Әлем мұсылмандарының 90% имам Матуриди мен имам Әшғари негізін қалаған «Әһлү сүннә уәл-жәмәға» ақидалық мәзһабын ұстанады. Соның ішінде Орта Азия, әсіресе қазақ халқы ежелден Матуридилік мәзһабты ұстанып келеді.
Әбу Мансур әл-Матуриди – Ханафи мектебінің білім бұлағынан сусындап, оны терең меңгеріп ары қарай дамытқан «Әһлү сунна уәл-жамағаның» көрнекті имамдарының бірі. Ол тарихта әртүрлі діни сенім, түрлі идеологиялар мен сан алуан мәдениеттің орталығы болған Мауераннахр аумағында өмір сүрді.

Өмір сүрген кезеңі:
Ислам әлемінде тың дамулардың негізі қаланған уақытқа сай келді. Бұл Ислам дінінің негіздеріне іштен және сырттан шабуылдар күшейген, қиын-қыстау кезең болатын.
Имам Матуриди осындай қым-қуыт заманда еңбектер жазып, Ислам сеніміне қарсы шыққан діни ағымдар мен философиялық көзқарастың пікірлерін зерттеп, оған ауызша да, жазбаша да тұшымды жауаптар қайтарған. Ислам дінінің негіздерін дұрыс түсіндіру мақсатында ақидалық мәселелерді бір жүйеге келтіріп, дұрыс сенімнің сақталып қалуына үлкен үлес қосты.

Имам Матуриди ақылды нақылдан (Құран мен сүннеттен) жоғары қойып, “Дінді ақыл негізінде ғана түсінеміз, нақыл ақылға қайшы келсе, жорамалдаймыз”– дейтін. Мұғтазилә ағымына да, “Тек нақылды негізге аламыз, дінді түсінуге ақылдың керегі жоқ” – деген ағымдармен де келіспей, ақылды нақылдың аясында қолдану арқылы орта жолды ұстанды.

Дүниеге келуі: көптеген тарихи деректерде имам Матуридидің Самарқанд қаласында 945 ж. дүниеден өткені айтылады. Оның қай жылы дүниеге келгеніне нақты бір дерек жоқтың қасы деуге болады. Әйтсе де, тарихшылар имам Матуридидің ұстаздарының өмір сүрген уақытына қарай отырып:“Алғашқы ұстаздарының бірі Нусайр ибн Яхия әл-Балхи 882 жылы дүниеден өткен. Ал имам Матуриди одан шамамен 20 жасында білім алған болса, 863 ж. дүниеге келген” деген болжам айтады (ибн Әби әл-Уафа, «әл-Жауаһир мудия», 2-том, 130-б.).

Кіндік қаны тамған жері: Имам “Матуриди” деген атпен танымал. Ол қазіргі Өзбекстан мемлекетінің Самарқанд қаласының “Матуриди” деген ауылында туып-өскендіктен, “әл-Матуриди” деген атпен танылды. Матуриди өмірінің көбін Самарқанд қаласында өткізген себепті, кейде “әс-Самарқанди”
(Самарқандтық) деп те аталады.
Имам матуридидің шәкірттері оны түрлі лақаптармен атаған:”Имаму Һуда”(Һидаят имамы), “Аламу Һуда”(Һидаят шырағы), “Имаму Мутакаллимин”(Ақида саласының ұлы имамы), ”Мусаххиху ақайд муслимин”(Мұсылмандардың ақидасына енген қателерді түзетуші) және т.б.

Тегі: Имам Матуридидің тегі туралы екі түрлі көзқарас бар.

1) Толық аты-жөні:

Мухаммад ибн Мухаммад ибн Махмуд әл-Ансари, әл-Матуриди әл-Самарқанди. Танымал болған лақап аты Әбу Мансур әл-Матуриди. Бұл көзқарас бойынша имам Матуридидің түпкі атасы Әбу Аюб Халид ибн Зайд әл-Ансари деген сахабадан тараған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) Мадинаға хижрет етіп барғанда, осы сахабаның үйіне жайғасқан.

2) Түрік ғалымы Бекир Топалоғлы өз зерттеулерінде:

“Имам Матуридидің түбі түрік болған. Ал, есімінің қосылып жазылған “әл-Ансари”сөзі, Матуридің “Китабу таухид” атты еңбегінің бір бұрышына белгісіз біреу тарапынан жазылған сөз. Бұл сөзге негізделу нақты дерекке жатпайды. ”Әл-Ансари (көмектесуші) сөзі “Ақида саласында “Әһлу суннә уәл-жамаға” ерен еңбек еткені үшін берілген атақ”- дейді (Бекир Топалоғлы, Әбу Мансур әл-Матуриди «Китабу таухид» түсіндірмесі, 19-бет).
Өскен ортасы: Аббаси халифалығының шығысы, Мауереннахр төңірегінде білім алып ер жеткен. Бұл өңір шариғат ілімдерімен бірге өзге ілімдердің де ошағы саналады. Соған қарамастан, теріс пиғылды ағымдар да бұл жерде бар болатын. Ескі пәлсапаның әсерінен шыға алмаған философтармен қатар, базбір ағымдардың адамдары да өз пікірлерімен танылып, қолдаушылары бар еді. Сөйтіп, Ислам ғұламалары мен философтар және түрлі ағым өкілдері арасында пікір-талас жиі болып тұратын. Міне, осындай ортада ер жеткен имам Матуриди Құран мен хадис ілімін меңгерумен қоса, заманының алпауыт ағымы саналған “Мұғтазилит”, “Шийттік” және басқа да ағымдардың пікірлеріне де қанық болды. Бұл оның сол ағымдардың қате көзқарастарын ашып, нақты дәлелдермен еңбектер жазуына итермеледі. Әрі Ислам ақидасының бұрмаланып кетпеуі үшін тер төкті. Кейбір деректерде оның “Мұғтазилә” ағымының орталығы болған Бағдатқа бірнеше рет оларды сенімдік негіздерін қанығырақ білуі үшін арнайы барғаны айтылады (Мухаммед әбу Захра, Тариху мазахиб исламия, 164-бет).
Ұстаздары: Имам Матуридидің ұстаздары “Ханафи” мектебінің көрнекті тұлғалары Әбу Ханифа, Әбу Юсуф және Мухаммедтен тікелей білім алған шәкірттері. Олар: Әбу Бәкір Ахмад ибн Исхақ әл-Жузжәни. Имам Матуридидың ұстазы Әбу Бәкір әл-Жузжәни өте ілімді болған. “Фуруқ”, “Тамиз”, “Тауба” сынды еңбектердің авторы. Ол кісінің ұстазы Әбу Суләймән әл-Жузжәни имам Әбу Юсуф және Мухаммедтен тікелей дәріс алған.

Әбу Насыр Ахмад ибн Ияди. Ол Самарқанд қаласының фақиһы. Ілімі және тақуалығымен аты шыққан. Артында имам Матуриди сияқты қырық шақты озық шәкірт қалдырған ұлы тұлға.

Мухаммад ибн Муқатил Рази. Ол Рей қаласының қазысы, Әбу Ханифаның шәкірті Әбу Муқатил Хафс Самарқандиден тікелей білім алған ғалым.

Нусайр ибн Яхия әл-Балхи. Имам Матуридидің алғашқы ұстазы болған. 882 ж. дүниеден өткен (Имам Матуриди Тауиләлул әһлу сунн, 1-том. 81-82 бет.).
Шәкірттері: Имам Матуридиден тәлім алған әрі тарихта аты қалған танымал шәкірттері өте көп. Олардың бірқатарын атап өтер болсақ, Исхақ ибн Мухаммад ибн Исмайыл ибн Ибрахим ибн Зайд. Ол кісі Қади Хакім әс-Самарқанди атымен танылған. Өйткені, ол ұзақ уақыт Самарқанд қаласының қазысы болған. Әрі хикметке толы насихаттар көп айтатындықтан да “Хәкім” деген лақап аты берілген. 952ж. дүние салған.

Әбу Абдурахман ибн Әбу Лайс әл-Бухари. Бұл кісі Қады Хакім Самарқандидің досы болған.

Әбу Ахмад Ияди Х-ғасырдың басында өмір сүрген. Сол ғсаырдың ең танымал болған “Дару Жузжание” деген мектепте имам Матуридиден ақида, фиқһ және мәзхабтар тарихынан терең білім алған. Имам Ияди имам Матуридидің ұстазы Әбу Насыр Ахмад ибн Иядидың ұлы.

Абдулкарим ибн Муса ибн Иса Әбу Мухаммад Фақиһ әл-Баздауи ән-Насафи. ”Усул әд-дин” кітабының авторы Мухаммад ибн Мухаммад ибн Хусейн Абдукарим Баздауидің атасы (Имам Матуриди, Тауилатул әһли суннә, 1-том.84 -бет).
Білімдегі орны: Имам Матуриди ғылымда ерекше орынға ие. Ол туралы ғалымдардың пікірлері өте көп. Жоғарыда аталған (Имаму Һуда, Имаму мутакаллим) сынды имам матуридиге берілген лақап есімдері соның дәлелі. Сол ғалымдардың бірнешеуін келтірер болсақ, имам әт-Тәфтәзәни:“Әһлу суннә ғалымдарының Ақида ұстанатын екі жолы бар. Ирак, Шам (Дамаск)және Хорасан аймағы имам Әбу Хасан әл-Әшғаридың жолын негізге алған Әшғари мазһабы. Ал, Мауараннаһ төңірегі “Имаму Һуда” деген атпен танылған Әбу Мансур әл-Матуридидың жолын негіз еткен Матуриди мазхабы ”(Раудату баһия, 403-бет.) деген.

Имам Кафауи бір сөзінде: “Имам матуриди – Кәләм ілімінің имамы, мұсылмандардың ақидасына енген қателерді түзетуші. Оған Алла тағала тура жолда қызмет етуді нәсіп еткен, құнды еңбектердің авторы. Әрі адасқан ағымдардың кертартпа пікірлерін жоққа шығарушы ғалым”(Тауилатул аһли сунна, 1-том. 92-бет.) – дейді.

Имам Забиди “Ихья улумуд-динге” жазған шархында (түсіндірмесінде) имам Матуриди туралы:“Дінде үлкен орны бар, ақида саласындағы еңбегі ерекше. Мұғтазилә және сол сияқты адасқан ағымдардың жасырған жаман ойларын әшкере еткен ғалым” деген (Имам әз-Зәбиди, Итхафус сатадил муттақин, 2-том. 5-бет.).

Қалдырған еңбектері және артықшылығы:

Имам Матуридидің қалдырған еңбектерін үш түрге бөліп қарауға болады. Олар:

I.Ақида және мәзһабтар тарихы;

II. Тәпсір және Құран ілімі;

III. Усулу фиқһ.

I.Ақида және мәзһабтар тарихы

1. “Китабу таухид”. Бұл кітап имам Матуридидің “Ақида” саласында қалдырған құнды дүниесі болып саналады. Бұл“Матуриди ақидасы” немесе “Матуриди мазхабының” негізгі кітабы. Имам Матуриди “Китабу таухид” еңбегін Әбу Ханифаның “Ақида” іліміне байланысты жазған еңбектері негізінде қолға алған. Кітапта түрлі ағымдардың қате пікіріне жауаптар берген. Кітаптың толық аты: “Китабу таухид уа исбату сифат”(Алла тағаланың даралығын сипаттары негізінде мойындау). Қазіргі таңда “Китабу таухидтың’ жалғыз қолжазба нұсқасы [3651] нөмірмен Кембридж университетінің кітапханасында сақтаулы (Бекир Топалоғлы , Әбу мансур әл-Матуриди «Китабу таухид» түсіндірмесі, 26-бет.).

2. “Китабу мақалат”. М.Әбу Заһра бұл кітаптың толық атын:“Китабу мақалат фи кәләм” – деп берген. Кітапта түрлі ағымдарға жауап ретінде мақалалар жазылған.

3. “Китабу усул”. Ақида кітабы. Берлин кітапханасында түпнұсқасы бар (Әбу Заһра, Тариху мазахиб исламия, 291-бет).

4. ”Радд ала усул Қарамия”. “Қарамия” ағымына жауап ретінде жазылған.

5. “Радду усулу хамса ли Әбу Мухаммад әл-бахили”;

6. ”Радду махзиби жадал ли Кағби”;

7. “Раддау китаби имама ли бағд Рауафид”;

8. “Баян уаһми Мұғтазила”;

9. “Радду уаъид фуссақ ли Каъби”;

10. “Радду ауаил адилла ли Каъби”;

II. Тәпсір және Құран ілімі

1. ”Тауилату әһлу сунна”. “Китабу тауилат” деп те аталады.Құран Кәрімге толықтай түсіндірме жазылған тәпсір кітабы. Имам Матуриди бұл еңбекті Ақида, Усул фиқһ және Фиқһ негізінде жазған.

2. “Рисала фи ма яжузу уақфу ли алиһи фи Құран”. Жалғыз параққа жазылған жазба. Мазмұны: Құранда әдейі тоқтауға болмайтын 52 жерге байланысты.

III. Усүлу фиқһ.(Фиқһ әдіснамасы) Тарихшылар имам Матуридиге тағы екі кітапті атап көрсетеді:

1. “Китабу жадал”;

2. “Мәхазу шариға”.

“Усулу фиқһ ” кітабы бүгінгі күнге жетпеген. Алайда, Ханафи мазхабының Усул ғалымдары бұл кітаптан пайдаланғандарын өз еңбектерінде айта кеткен.

Дүниеден өтуі: Имам Матуриди зерттеу бойынша 945 ж. қазіргі Өзбекстан мемелекетінің Самарқанд қаласында дүниеден өткен. Қазіргі таңда қабір басында күмбезделіп қойылған кесенесі бар.

Иман туралы түсінік

«Иман» сөзі тілдік мағынасында сену, растау дегенді білдіреді. Қаситтті Құранда: «… бірақ қанша жерден шынымызды айтсақ та, бізге сенбейсіз» (Юсуф сүресі, 17-аят) деген. Имам Әбу Ханифа көзқарасы бойынша, иман – жүрекпен мақұлдап, растау. Ал тілмен «кәлима шаһаданы» (Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі) айту иманның шарты.

Имам Матуриди «Әһлу тауил ғалымдары Құранда келетін «آمَنُوا» сөзіне бірауыздан «олар растады» деген мағынаны берді.» Басқа бір жерде: «Иман – тілмен айту, жүрекпен бекіту. Егер бір адам «кәлимә шахаданы» тілмен айтуға мүмкіндігі бола тұра еш айтпаса, ол мүмін болмайды» деп, «кәлимә шаһада» тілмен айтуды иманның шарты деп қарастырады.

Имам ән-Нәсәфи: «Иманның – жүрекпен растау екендігін айтқандардың бірі имам Матуриди. Оның бұл көзқарасы Әбу Ханифадан риуаят етілген» деп, ұстазының иман туралы түсінігін Әбу Ханифадан жеткен бір риуаятпен қуаттайды.

Сондай-ақ, үзір жоқ адам өмірінде бір рет болса да тілімен куәлік сөзін айтуы керек. Зәрулік болған жағдайда мүмін адам шынайы сенімін көңілінде жасырып, тілімен күпірлік сөзін айтудың иманға кері әсері болмайды. Бұл мәселе туралы имам Матуриди қасиетті Құранда: «Жүрегінде иманы орныққаннан кейін зорлық көрген біреудің (тілімен күпірлік сөзін айту) ісі басқа» (Нахыл сүресі, 106-аят) аятында, мүшріктердің азабынан құтылу үшін күпірлік сөзін айтқан Аммар ибн Ясырға Алла елшісі (с.а.с.) «Жүрегіңді қалай сезіндің?» Аммар ибн Ясир: «Жүрегімнің иманға толы екенін сезіп тұрмын» деген сөзін де дәлел қылады (Имам Матуриди, Китабу таухид, 473-бет).

Әбу Мансур әл-Матуриди – Ханафи мектебінің білім бұлағынан сусындап, оны терең меңгеріп, ары қарай дамытқан «әһлу сунна уәл жамағатының» көрнекті имамдарының бірі. Ол тарихта әр-түрлі діни сенім, түрлі идеологиялар мен сан алуан мәдениеттің орталығы болған Мауереннахр аймағында өмір сүрген.

 

Тәңірберген Ергешов,
«Тура жол» мешітінің имамы, ЖАНТ мүшесі

Пікір жазу