Әр түрлі Мақалалар

Бір адамға 1 доллар жеткілікті…

Рамазан айында қайырымдылық шаралар көбірек қолға алынып жатады. Исламтанушы, дінтанушы, Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбәрак» университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев мырза да бірнеше жылдан бері Африка еліне ауызашар беруді қолға алыпты. Бұл туралы ол кісінің өзінен сұраған едік.

– Африка құрлығындағы көпшілік елдер дамымаған, енді бірі – дамушы мемлекеттер. Кезінде ағылшындардың, француздардың отарында болғандықтан халқының жағдайы нашар елдер өте көп. Өзім Солтүстік Африкада оқыдым, бес жыл өмір сүрдім, көптеген африкалықтармен дос болдым. Ондағы жағдаймен жақсы таныспын. Әлі де Бенинде, Танзанияда, Сомалиде, тағы да басқа бірқатар елдердегі африкалық достарыммен жақсы байланыстамын. Осыдан үш жыл бұрын сол елдердегі әлеуметтік, тұрмыстық жағдайдың тө­мендігіне байланысты өзімнің, кейбір бауырларымның, туыстарымның атынан қаржы жіберіп, ең алғаш Бенин елінің мұсылмандар көп шоғырлан­ған Параку аймағында 200-300 адамға ауызашар берген болатынбыз. Оның фото және бейнетүсірілімдерін әлеуметтік желідегі парақшама жүктеген соң, көптеген адамдар қызығушылық танытып, ауызашарға атсалыса бастады. Сөйтіп, сол жылы біз күн­делікті 300-500 адамға ас беріп, Рамазан айы бойы үзбей сондағы мұ­сыл­мандарға ауыз аштырдық. Онда бір адамға бір доллар толық жеткілікті екен.  Сөйтіп, бұл үрдіс келесі жылы да жалғасын тапты.

Осыдан кейін сондағы көпшілік аймақтарда су тапшылығы бар екені айтылды. Онда 1000 долларға бір құдық қазу мүмкіндігі бар екен. Бұл іске де қаржы қосқысы келетіндер елімізден табылды. Олардың ақшасын да қоса аудардық. Сөйтіп, сол жылдан бері құдық қазу ісін жолға қойдық. Бүгінге дейін онда 30-40 шақты құдық қазылды. Негізі бұл туралы көп жарнама жасамаймын. Себебі кей адамдар мұны дұрыс тү­сінбейді. «Өзімізде де жағдайы төмен адамдар бар емес пе?» – деп қарсы шыққандар да болды.

Мен жыл он екі ай Африкаға қаржы жібермеймін. Тек Рамазан айында ғана ауызашар мен құдық қазуға қаржы аударылады. Әр істің басы-қасында өте сенімді,  еш уақытта ешкімнің алажібін аттамайтын достарым жүреді. Олар осы іс-шараны заңдастыру мақсатында қайырымдылық қорын ашқан. Міне, төртінші жыл, Бенин елінде күнде үзбей 500-1000 адамға дейін ауызашар беріп келеміз, – дейді Қайрат мырза.

Аш адамның аузын аштырып, шөліркеген жанға су ұсыну – сауапты істердің қатарына жатады. Игі шараны қолға алып, сауапты іс жасаумен айналысып жүрген осындай азаматтарымыз арамызда көп болса екен.

 

М. ИБРАЕВА.

Дереккөз: Замана

Пікір жазу