Әр түрлі Мақалалар

БАС МҮФТИ: -ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУДЕН АСҚАН ҒАЗИЗ НӘРСЕ ЖОҚ

Расында, халыққа қызмет етуден асқан ғазиз нәрсе жоқ. Жұрттың қарапайым талап-тілегін орындау – кез келген салаға жауапты тұлғаның асыл борышы.
Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Араларыңда ең жақсыларың – айналасына пайдалы болғандарың», – деп қоғамға шуағын шашып, жақсылығын жайып жүретін көпшіл кісінің мәртебесін ерекше атап өткен.
Осындайда халық даналығында айтылатын:
«Жаман ердің қайғысы,
Өз отының қасында.
Жақсы ердің қайғысы,
Ауылының басында», – деген орамдар ойға оралады…
Кешегі Жолдауда жекелеген азаматтардың өтініш-тілектері мен талаптары міндетті түрде орындалатыны айтылды. Бұл – құптарлық іс.
Әлем мойындаған ғұлама әл-Фарабидің 1150, хәкім Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеу мәселесі де сөз болды.
Ислам дінінің адамгершілік құндылықтарын насихаттауда әл-Фараби, Абай, Шәкәрім, т.б. тұлғаларымыздың өмірі мен өшпес мұрасы құнды құрал бола алады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірнеше жылдан бері «Дін мен дәстүр жылы» бастамасы аясында уағыз-насихат жұмыстарында қазақ халқының би-шешендері мен ақын-жырауларының, ғұлама-ғалымдарының ұлағатты сөздерін, тағылымды тұжырымдарын насихаттап келеді. Бұл игі іс әрдайым жалғасын таба бермек.
Жолдауда экономикалық әлеуетімізді арттырумен қатар, білім сапасын көтеруге айрықша мән берілді.
Иә, білім – баға жетпес қазына. Ілімсіз өркениет жоқ. Бүгінде күш пен қуат – білімде. Ғылымнан асқан қымбат дүние жоқ. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім мен хикмет мұсылмандардың жоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса да иемденіп алсын», – деген. Оқу орындарында оқып жүрген ұл-қыздарымыз, бауырларымыз ел-жұртқа пайда әкелер білім ізденсе, әлемнің ең озық технологияларын үйреніп, оны өзгеге үйретсе – елге қосқан үлесі осы болмақ.
Алла Тағала мемлекетіміздің болашағын баянды етіп, халықтың әл-ауқатын көтеру жолындағы игі істерімізге береке бергей! Әмин!

Серікбай қажы ОРАЗ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти

 

 

Әлеуметтік желідегі парақшадан алынды

Пікір жазу