Әр түрлі Мақалалар

Асқар Сабдин: – «Жүндүл халифат» – таза террористерді өсіретін жылыжай

Әлемде террористерді өсіретін жылыжай бар. Біреулер қияр, қызанақ өсіріп жатса, террорист шығаратын да «теплица» бар, — дейді, белгілі теолог Асқар Сабдин ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

 

Асқар, сіз үнемі сұхбаттарыңызда «рухани отарлау» деген тақырыпты тілге тиек етесіз. Бұл Қазақстан болашағына қандай ықпал етеді? Жастардың қазіргі рухани ахуалы қандай?

Рухани отарлауды саяси субьектілер көп қолданады. Әсіресе дінді отарлау құралы ретінде қолданатындар көп. Басқа елге тікелей әскер кіргізбесе де, діни тұрғыдан жастарды отарлап жатқан әлемдік халықаралық ұйымдар, жамағаттар көп. Мұсылман жастарымыздың барлығы болмаса да жартысы деп есептесек, діндар жастарымыздың кем дегенде 50 пайызы отарланған. Олар өз елінің көсемдеріне құлақ аспайды. Басқа елдің ұстаздарына үкіметіне, дін көсемдеріне бағынышты. Жастарымыздың бір бөлігі Сауд Арабиясына бағынышты. Ол жақтан пәтуа келсе, сол пәтуаны тыңдайды. Сәләфи ағымында жүрген жастар жан-жақтан ақпараттық қысым көріп, өз дінімізге қайтамыз ба деп жүргенде Сауд Арабиясының Мадхали деген көсемі Қазақстан салафиттеріне үндеу жасады. «Ақидаларыңызға берік болыңыздар. Осы бағыттан таймаңыздар, қиыншылық келеді, кетеді» деген. Олар денесі Қазақстанда болғанмен, санасы, жүрегі, махабаты, құндылықтары сол жақта жүр. Екіншілері денесі Қазақстанда болғанмен, басы Түркияда жүр. Бізге бағынбайды. Түрік ұстаздары, пірлерінен патуа келсе, бізді тыңдамайды. Өз мүддесін, отбасын тастап рухани көсемдерін тыңдайды. Тағы бір бөлігі Пәкістан діни қызметкерлерін тыңдайды. Біздің имам емес, Ресей имамын тыңдайды. Діндар жастарымыздың орта есеппен 50 пайызы рухани отарлықта жүр. Санасы отарланған. 2011 жылы Ақтөбе облысы Кеңқияқ ауылында болған оқиға есіңізде ме? Атырауда, Таразда теракт болды. Мотиві неде? Мотиві иорданиялық дін адамы Абу Мунзир Шанқитидің «Қазақстанда полицияны өлтіруге болады» деген патуа шығаруында еді. Осы сияқты сырттан келген патуа Қазақстанда біраз терактіге себеп болды. Сосын 5 маусымда Ақтөбеде теракт болды. Оған не түрткі болды? Сол кезде түрмеде отырған жігіттер «бізді жинады да ДАИШ+тің ресми баспасөз қызметкері үндеу жасады. Сіздер, біздің бауырларымыз. ДАИШ-ке келе алмасаңдар, өздеріңіз тұрған елде теракт жасаңыздар. Біздің жүрекке қуаныш сыйлайсыңдар», – деді.

 

Бұл құбылыс Қазақстанның тұтастығына, дербестігіне қаншалықты қауіп төндіреді? Рухани тұрғыдан отарлауды қалай тоқтатуға болады? Бұл бізде идеологиялық кеңістіктің бостығын білдіре ме?

Теологиялық тұрғыдан жастарымыздың санасын, махаббатын, құндылықтарын елге қайтару үшін пәтуа деген құрал бар. Пәтуа, діни қарар, баяғы Аристотельдің категорияларына байланысты. Пәтуалар да уақыт заманына қарай жарамсыз болады. Бір ғасырда берілген пәтуа қазір жарамайды. Пәтуа мекенге де қарайды. Басқа ел үшін берілген пәтуа біз үшін жарамсыз. Биыл мұсылман елдері Ораза айтты 2 күнде тойлады. Бұл әр елдің пәтуасы бөлек болатынын білдіреді. Мысал үшін, шариғатта есірткі үшін өлім жазасы жоқ, қазір көптеген мұсылман елдері есірткі қолданған адамға өлім жазасын қолданады. Ол жердегі пәтуа сондай, бізде ондай емес. Үшіншіден, пәтуа адамдардың білім, ғылым деңгейіне, жасқа да қарайды.Біз осы фактілердің барлығын радикалдарға түсіндіреміз. Сауд Аарабиясында отырған кісі қанша ғалым болса да біздің Қазақстанда өмір сүрмейді. Танымайды. Осыдан 5-6 жыл бұрын жастар мешітке келгенде құлаққап тағып келетін. Бұл имамның айтқан уағызын тыңдамаймын деген протестті білдіреді. Имамдар ұрысып жүріп, бұл үрдісті тоқтатты. Олар 1-2 минут қамат айтылғанда кіреді, сәлем бере бастағанда қашып кетеді. Неге? Себебі оларға әсер етіп отырған субьектілері отарланған жастарды жоғалтқысы келмейді. – Бұл зұлымдықтың түп тамыры қайдан шығады? Мұндай адамдарды жоюға мүмкіндік жоқ па? – Әлемде террористерді өсіретін жылыжай бар. Біреулер қияр, қызанақ өсіріп жатса, террорист шығаратын да «теплица» бар. – Неге оны «теплица» деп атайсыздар? – Себебі, онда террористі өсіріп шығаруға барлық жағдай жасалған. Олардың бірсыпырасы Пәкістан елінде. Мен сонда барып келген жігіттермен кездскенмін. Терроризм – үлкен бизнес. Ол жекелеген тұлғалар емес, бүкіл елді шантаж жасау, мемлекеттерге қоқан-лоққы көрсету үшін керек. Мәселен, бір елдің радикалды уағызшылары интернетте отырып алып уағыз айтады. Жастардың кейбірі соған сенеді. Барады, 1 ай немесе 1 жыл өңдеуден өтеді. Рухани ұстаздары «енді еліңе барып теракт жаса» дейді. Мәселен, бізде «Жүндүл халифаттың» адамдары теракт жасады. «Жүндүл халифат» – таза террористерді өсіретін жылыжай. Операция жасалған соң түрмеден әр ел өз азаматын сатып алады. Бұл – ұсақ-түйекке жұмсалған ақша деп аталады. Жылыжай иелеріне екі есе пайда түседі. Ол жақта құлдық бар. Сол адамды сатып, қалтаға ақша түсіруге болады. Болмаса, органдарын сатуға болады. Терроризм – үлкен бизнес.

– Сіз айтып отырған мемлекеттің тұтастығына үлкен қауіп төндіретін рухани отарлануға қалай тосқауыл қоюға болады?

Рухани отарлау процесін тоқтату – заман талабы. Біз діни тұрғыдан дұрыс емес екенін түсіндіреміз. Пәтуаны басқа елден алуға болмайды, жергілікті муфтияттан аласыз. Сол мүфтиат діни саланы реттеп отырады…

Пікір жазу