Мақалалар Фиқһ

Отбасын сақтап қалу үшін не істеу керек?

Бүкіл мақтау мадақтау Әлемдердің Раббысы болған Алла  Тағалаға тән. Алла Тағаланың сүйікті елшісі, адамзаттың ардақтысы, соңғы пайғамбары  Мұхаммедке (ﷺ)  Алланың сәлемі және мейірімі  болсын!

 

Ибн Омардан (р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз ﷺ: «Барлығың да бақташы секілдісіңдер және барлықтарың қоластыңдағылар үшін жауап бересіңдер. Басшы – бақташы. Ер адам – отбасының бақташысы. Әйел – ерінің шаңырағы мен балаларының бақташысы. Қысқасы, әрбірің бақташысыңдар және өздеріңе бағынышты жандар үшін жауаптысыңдар», – деген (Бухари, Муслим).

 

Қоғамда жас отбасылардың ажырасуының саны күн өткен сайын көбейіп жатыр. Өкініштісі сол бұл проблемаға да ет үйреніп барады. Өйткені біздің қоғам өзгеге еліктегіш қасиеттен арыла алмауда және білімсіздікті салдары осыған жетелеуде.

Діни сауатты адам отбасын құрарда ақылға жүгінеді, әрі жанұяда болған келеңсіз нәрселерді болдырмауға тырысады. Қандай да бір қиын жағдай орын алып, шаңырақ шайқалар болса оны сақтап қалуға барынша тырысады. Өйткені ол Жаратушысының алдындағы жауапкершілікті сезінеді. Осы ретте біз дінді негізге ала отырып, ажырасудың себептері және оған жол бермеу жəне отбасын сақтау жолдарын көрсетуге тырысамыз. Ол үшін төменде келтіретін қағидаларды білу маңызды.

Ажырасудың салдары:

Отбасының бұзылуы ердің де, әйелдің де психикасына үлкен әсерін тигізеді. Егер ол жанұяда перзент болса, ол тіпті қауіпті. Балалы болған шаңырақта екі жұптың бірі болмаса, ондай отбасы қанаты қырқылған құсқа тең, көгінде еркін самғай алмайды. Нәтижесінде баланың бойында көптеген психологиялық ақаулар пайда болады (жасқаншақтық, өзіне деген сенімсіздік, қомағайлық т.б.).

Суицидтің орын алуы мүмкін. Ажырасқан отбасыларда ер мен әйелдің екеулеп көтеретін ауыр жүгі бір адамның мойнына жүктеліп, әбден титықтатып жіберері анық. Мұндай ауыртпашылыққа төзімі шыдамай, кейбірі өмірден түңіліп түрлі жаманшылықтарға бой алдырса, енді біреулері өз-өзіне қол жұмсап та жатады.

Ерінен ажырасып келген қыз бала қайта тұрмыс құра алмауы немесе екінші рет құрған отбасыны да осылай жеңіл ажырасуға бой үйренуі мүмкін. Ер азаматтың бойында да осындай жеңіл көзқарас қалыптасуы ғажап емес. Нәтижесінде қоғам азып, өмірге шекесі торсықтай, бірақ некесіз балалар келіп, ұрпақ сабақтастығы үзіледі.

Үлкен қасірет ата-анада қалады. Аялап өсірген ұл-қызының қоғам өміріне сыйысып кете алмауы, кез-келген әке мен ананың жүрегіне ауыр тиеді. Бұл айықпас дертке, мезгілсіз өлімге әкелуі де мүмкін.

 

Ажырасуға себеп болатын жайлар:

  • Отбасылық өмірге дайындықсыз бару (рухани және материалдық);
  • Әлеуметтік жағдай (отбасындағы жанжал, қаражаттың жеткіліксіздігі, денсаулықтың сыр беруі және т.с.с.);
  • Өзара түсініспеушілік (перзенттің болмауы, ата-ананы ортаға салу, бір-біріне тиісінше көңіл аудармауы, өмірге деген көзқарастың айырмашылығы және т.б.);
  • Сенім (қызғаныш, зина, ішімдік, құмар ойындарына бой бұру және т.б.);
  • Иманның əлсіздігі (тағдырға бойұсынбау, көмекті Алладан емес адамнан сұрау, сабырсыздық және т.б.).

Осы секілді көптеген мәселелер отбасының бұзылуына әсер етеді. Оның алдын-алу тәрбиеден басталады. Отбасы тыныштығын сақтау ердің де, әйелдің де міндеті. Осы жауапкершілікті сезіне отырып, ерлі-зайыптылар әрдайым бір-біріне рухани және материалдық жағынан қолдау көрсетулері тиіс. Қиындықтарға тап болған жағдайда сезім жетегінде кетіп қалмай, салқынқандылық танытып, сабырмен, намазға тұру арқылы Алладан жәрдем тілегендері жөн.

Жастардың көбі ажырасу арқылы проблемалар шешіледі деп ойлайды. Бұл қате пікір. Ажырасу – әбден тығырыққа тіреліп, басқа шығар жол қалмаған жағдайда ғана іске асырылады. Әйтпесе, қылт етіп бой көрсеткен әрбір қиыншылық үшін ажыраса салатындай отбасы еріккеннің ермегі емес. Отбасылық өмірге аяқ басқан  әрбір азамат пен азаматша Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына хадисін ұмытпай, үнемі жадында ұстаса екен дейміз. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Рұқсат етілген істердің ішіндегі Аллаға ең ұнамсызы – ажырасу», – деген.

Жастардың ажырасу ұғымын, оған қандай жағдайда дініміз рұқсат беретінін біліп алуы тиіс! Шариғатта некені бұзатын сөздер екі түрлі болып келеді:

  • Ашық мағыналы. Бұл категорияға кіретін сөз «талақ» сөзі. Әр елдің ана тіліндегі «талақ» мағынасына келетін сөздерді де осы топқа кіргіземіз.
  • Ауыспалы (әл-киная). Ажырасу мағынасына да, өзге мағынада да қолданылуы мүмкін сөздер осы топқа жатады. Мысалы «үйіңе кет», «көргім келмейді», «киіміңді жина» сияқты астарында нені мақсат етіп тұрғаны белгісіз сөздерді айтқан адамның ниеті қарастырылады (Әл-Кәсәни, әл-Бадайғ, «Китабут Талақ» – 4/225 бет).

Шариғатта үш түрлі талақ ету жолы бар. Екеуі – шариғатқа сай құптарлық, үшіншісі – шариғатқа теріс. Олар мынадай:

  1. Әхсан талақ (ажырасудың ең абзал жолы):

Бұл тәсілде ері әйеліне ашық талақ ету сөзімен бір «рижғи талақ» айтып, үш етеккір келу уақыты бойы оған жақындаспайды. Мұндағы мақсат – ері өз қарарына сенімді ме, әлде асығыс қабылданған шешім бе, соған көзін жеткізуге мұрсат береді. Осы уақыт аралығында райынан қайтып, әйелімен татуласып, әлі де отбасын сақтап қалу жолын таңдар деген үміт.

  1. Хасан талақ: Шариғатта көрсетілген талақ ету жолының екіншісі – хасан талақ. Мұны «сүннет талақ» деп те атайды. Мұнда да жоғарыда айтып өткен шарттар қарастырылады (хасан талағының шарттары). Тек бір айырмашылығы бар, бұл ажырасу тәсілінде ер кісі өзіне берілген үш талақ ету құқын,  үш хайыздан кейінгі үш тазалық уақытына  бөліп-бөліп айтады. Мысалы, ері әйелінің етеккірден тазарған уақытында, онымен жыныстық қатынасқа түспей «мен сені талақ еттім» деп бір рет ашық талақ сөзін айтады да, келесі хайызды күтеді. Хайыз келіп, сол хайыздан тазарғаннан кейін жыныстық қатынасқа түспестен тағы солай екінші рет талақ етеді де, екінші хайызды (қатынасқа түспестен) күтеді. Екінші хайыздан тазарғаннан кейін үшінші талағын айтады.  Бұдан кейін әйелі иддет мерзімі ретінде бір ғана хайыз уақытын күтеді. Себебі алдында екі хайыз уақыты өтті (Бадаиғ – 4/189 бет). Бұл жайында Алла Тағала Құранда: «…Талақ екі рет (болса), онда не туралықпен ұстау немесе (үшінші талақ айтып) жақсылықпен ажырасу керек» (Бақара сүресі, 228-229 аят), – дей келе бөліп айтуды меңзесе, Талақ сүресінде: «Әй Пайғамбар! Қашан әйелдеріңді талақ қылсаңдар, онда оларды белгілі мерзімінде ажыратыңдар және сол мерзімді есептеңдер» (Талақ сүресі, 1-аят), – делінген.
  2. Бидғи талақ: Бұл – дініміздің үйреткен ажырасу тәсіліне кереғар. Ханафи мәзһабында талақтың осы түрін қолданған кісі күнә істеген болып есептеледі, бірақ талағы іс жүзіне асады (Абдур Рахман әл-Хәлләф, Әхкәмуль әхуәлиш шахсия – 143 бет.).

Бидғи талаққа мыналар жатады:

  • Әйелін хайыз кезінде талақ ету. Хайыз кезінде талақ ету – күнә. Бұл кезде талақ еткен кісі, еткен талағын қайтарып, келесі хайыздан тазарған уақытын күткені абзал. Содан кейін қаласа талақ етеді, қаламаса етпейді (Әл-Ихтияр – 3/144 бет.). Бұл Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің тұжырымдары. Себебі, Муслимнің хадис жинағында келтірілген хадисте, әйелін хайыз кезінде талақ еткен сахаба Абдулла ибн Омарға, Алла елшісі былай деп бұйырады: «Еткен талағын қайта алсын (әйелін қайтарсын)! Осы хайызы тоқтап, келесі хайызынан тазарған уақытына дейін күтсін. Сол кезде қаласа некесінде ұстайды, қаламаса талақ етер» (Сахих Муслим: Китабут Талақ «Бәбу тахрими талақил хаиз», №1471 хадис).
  • Хайыздан тазарған уақытта, әйелімен жыныстық қатынасқа түсіп, сол тазалық ішінде оны талақ ету.
  • Бір сәтте үш талақпен талақ ету. Бір мезетте үш талақпен талақ етудің күнә екеніне қатысты Сахих Муслимде көрсетілген риуаятта былай делінген Абдулла ибн Омар: «…бір мезетте үш талақпен талақ еткен болсан арадағы некелерін бұзылды деген сөз. Ол басқа біреуге тұрмысқа шықпайынша (және одан ажырамайынша) онымен некелесе алмайсың. Бұл әрекетің Раббыңның бұйрығына қарсы. (Оның көрсеткен) Әйеліңді талақ ету жолына теріс» (Сахих Муслим: Китабут Талақ «Бәбу тахрими талақил хаиз», №1471)
  • Бір тазылық уақытында бірнеше рет талақ айту (Бадаиғ – 4/201-202 бет).

 

Әйел ерінен қандай Жағдайда ажырасуға құқылы?

ҚМДБ 2015 жылғы 29 қазанда талақ бойынша пәтуә шығарған:

  1. Күйеуі белсіздік, СПИД секілді айықпас қатерлі дертке шалдыққанда;
  2. Ері әйеліне нәпақа тауып бере алмаған жағдайда;
  3. Күйеуі отбасын себепсіз ұзақ мерзімге тастап кеткен жағдайда;
  4. Ері әйелін ұдайы денесіне із қалдыратындай ұрып-соғатын болса;
  5. Ері төрт ай немесе одан да көп уақыт әйеліне жақындамауға ант ішіп, сол уақыт аралығында мүлдем жақындамайтын болса;
  6. Ері әйелін «зина жасады» деп немесе «мынау менің балам емес» деп айыптап, іс қазидың құзырында қаралып, қази бір-біріне лағынет айтқызғанда;
  7. Ері әйелін қараусыз қалдырып, әйеліне талақ берместен себепсіз ұзақ уақыт әурелесе. Міне осындай жағдайлар негізінде қазиға әйел немесе туыстары шағымданған кезде қази ерлі-зайыптылардың арасына араласып, мәселенің анық-қанығына көз жеткізген соң шешім шығарады», – делінген Ғұламалар кеңесі шығарған пәтуада (http://www.inform.kz/kz/ayel-erinen-kanday-zhagdayda-azhyrasuga-kukyly-kmdb_a2833782).

 

Қазақстанда ажырасу көрсеткіші:

2017 жылдың І жартыжылдығында ҚР бойынша 59007 отбасы некеге тұрып, сол аралықта осы тізімінің 729-жұп ажырасып кетсе, осы жылдың 1-ші тамызына дейін 75501 отбасы некеге тұрып,  оның 31469 ажырасуға шешім қабылдаған.

2016 жылы Қазақстанда 140 840 неке тіркелген. Дегенмен, осы бір жыл ішінде 51 775 отбасы ажырасқандығы туралы мәлімет тіркелген.

 

Не істейміз?

Әрбір игі істің бастамасы тәрбиеден өрбиді: Алла елшісі « Әкенің балаға қалдырған ең үлкен мұрасы – дұрыс тәрбие», – деп үмбетіне тәрбиенің маңыздылығын түсіндіреді.

Имани ілімге баулу: «Отбасыңа намаз оқуды бұйыр. Өзің де намаз оқуда табандылық таныт»,- десе (Таһа, 132), енді бір аятта: «Уа, иман еткендер! Өздеріңді және жанұяларыңды тозақ отынан сақтаңдар»,- дейді (Тахрим, 6).

Ердің әйелі және отбасы алдындағы міндетін дұрыс орындауы: Аллаһ Тағала Құранда: «Әйелдеріңмен жақсы тұрып, жақсы қарым – қатынаста болыңдар»,- дейді (Ниса, 19). «Әйелдерді лайықты түрде ас-ауқат және киім-кешекпен қамтамасыз етуге баланың әкесі міндетті»,- делінген (Бақара, 233).

Әйелдің ері алдындағы міндетін дұрыс атқаруы: Құранда Аллаһ тағала: «Ал, салиқалы әйелдер Аллаһқа және ерлеріне басыбүтін бойсұнады. (Ерлері жоқ кезде) Аллаһ олардың құқығын қалай қорғаса, олар да ерлерінің хақысын қорғап, абыройларын әрі ерлері тапқан дүние-мүлікті сақтайды һәм  сырға берік болады»,- дейді (Ниса, 34). Умму Сәләмәдан (р.а) жеткен хадисте пайғамбарымыз ﷺ: «Күйеуі өзінен разы болған күйде дүниеден өткен әйелдің барар жері жәннәт»,- деген.

Себепсіз талақ сұрамау: Алла Елшісі (ﷺ): «Егер қандайда бір ә йел күйеуінен ешбір себепсіз (маңызды қиындықтарсыз) талақ сұраса, жәннаттың иісі оған харам болады» деген болатын (Тирмизи). Мұндайда әйел кісі Алладан қорқып, күйеуімен дұрыс қарым-қатынас орнатуға талпынса игі. Өсек-аяң, шайтанның уәсуасы – оның жауы. Себебі, нәтижесі өзіне, күйеуіне, балаларына зиян келтіруге алып келеді. Бұл Пайғамбардың ﷺ: «Өзіне де, өзгеге де зиян келтіру деген жоқ нәрсе» деген сөзіне қарама-қайшы келіп тұр (Хакім). Әйтпегенде, әйел қияметте сұралатын болады.

 

Ислам дініндегі ең маңызды құндылықтардың бірі – адал неке. Неке адамдардың өмірлік тағдыры болғандықтан, онда міндетті түрде Алла тағаланың қалауы бар деген сөз. Ендеше, отбасын құрған адам ең алдымен оның Алла тағалаға, Ислам дініне қарайтын жағын еске алуы керек. Бұл жағын ескерген жан өз некелі жарын бір жыл, екі жыл немесе жиырма жылдық деп емес, қайтыс болған күніне дейін бұл өмірде, одан соң арғы өмірде серігім болады деп қабылдауы керек. Олай болса, үйлене салып ажырасу деген түсінік дұрыс емес.

Алла Тағала бізді және сіздерді жақсы білімге дұрыс амал жасауымызды нәсіп етсіт!

Берік Дəриев  – «Яссы» мешітінің Бас имамы

Пікір жазу