Әр түрлі Мақалалар

ОТАН ҚОРҒАУ – ИМАННАН…

Әркімнің де өсіп, өнетін, ұрпақ жалғастырып, қанат жаятын жері – Отан. Отан деп отбасы мен ошақ қасын, ауасын жұтып, суын ішіп жүрген, байлығы мол кең-байтақ жерді, қазыналы қарттар мен ақ жаулықты әжелеріміз, тай-құлындай бірге өскен құрбы-құрдастарымыз бар ауылды, қадірлі ата-ана, жарымыз бен баламыз жүрген елді айтамыз.

Әркімге өз Отаны қымбат. Отансыз бақыт жоқ. Сол себепті, әрбір адам туған жерін, Отанын қас¬тер¬леуі керек. Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз «Отанды сүю иманнан» деп тектен тек айтпаса керек. Өйткені, иманды адам өз Отанын сыйлап, қастерлейді. Имансыз адамға Отанның қадір-қасиеті де жоқ десек, сөзіміз жалған болмас.

Отан – адамның түп тұқиянынан бері қарай кіндік қаны тамып, өсіп-өніп келе жатқан жері. Сондықтан қай елдің адамы болсын, өз Отанын дүниедегі ең қымбаты, ең қасиеттісі, ең аяулысы – Анасына балайды. Оған дәлел ретінде ойланып көрейікші. Ауыл шетіне күйбең тіршіліктен босап шықсаң, бірден кең далаға қарап демалғың келеді. Сол кезде лезде ойыңа «Жер-Ана», «Отан-Ана» сөздері келе қояды. Міне, бұл Отанға деген сүйіспеншілік. Ұлыңдай болып еркелеп, анаңдай көріп ардақтайсың. Қымбатын сезінесің. Анасының алдында еркелеп жатқан баладай, сен де көк шалғынында шалқалай жатып мазасыз ойлардан әп-сәтте тазарғандай күй кешесің. Демек, «Отан» – Ана екені ақиқат! Оны сүйе білу, құрметтеу, қадірлеу, қауіптен қорғау – әрбір адамның міндеті. Мұндай сезімдер, әрине, иманнан болады. Өйткені, Адам баласын Алла Тағала «махаббатпен» жаратты.

Мәдинаға һижрет жасаған уақытында адамзаттың ардақты елшісі хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) те Хазрауа деген жерге жет¬кенде түйесін тоқтатып, кіндік қаны тамған Меккеге жабырқаған көңілмен қимай ұзақ қарап тұрып: «Уаллаһи, сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағ¬дыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзің¬нен бір сәтке де алыстамас едім», – деген екен.

Иә, туған жер, отан деген бір адам үшін оның ғасырлар бойы ғұмыр кешіп және солай болып қалуы үшін, жанын пида қып күресіп келе жатқан байтақ өңір, өлке ғана емес, туған шаңырағы, ата-ана, бала-шағасы, жар-қосағы, дос-жаран, ағайын-туысы, солармен бірге жалғаннан көретін қызығы мен бақытының тұрағы. Батырлар жырындағы:

Атам күйеу болған жер,
Анам келін болған жер,
Кіндік қаным тамған жер, –

деген қарапайым жолдарда адамның туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігі мен терең де, ыстық сезімі тамаша бейнеленген.
Біздің халқымыздың атамекенді ардақтау сезімі өте терең, олар үшін туған жерді қасиет тұту – қанға сіңген мінез, ежелгі дәстүр. Бұл таным біздің жанымызға ана сүтімен тараған, ана тілімен дарыған, ақ нанымен бекіген. Біздің ұшан-теңіз ертегі-аңыздарымыз, ұзақ дастандарымыз бен жырларымыз, мақалдар мен мәтелдеріміз, ұлы жырауларымыздың толғаулары мен жез таңдай ділмарларымыздың шешендік нақылдары туған жерді, Отанды ардақтауға толы. Және олардың өзі қандай терең мәнді, керемет көркем сөз маржандары десеңізші! Ата-бабалардың арттағы ұрпаққа мәңгілік аманатындай: «Отаның – алтын бесігің», «Туған жердің тасы да болысады», «Ер – елінде, гүл жерінде», «Опасызда – Отан жоқ», сияқты мақалдар қаншама? Отаны – отбасына қатер төнген заманда туған, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталатын ғасырды бастан өткерген халықтың қайғылы тарихын айлап айтса, таусылмайтын шерлі жырларын былай қойғанда, туған жерге деген ұлы сүйіспеншілік пен қасірет жәдігерлері болып табылатын:

Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,
Ел-жұртынан айрылған жаман екен,
Қара көзден мөлтілдеп жас келеді, –

деп басталатын «Елім-ай» ән-өлеңінің өзі неге тұрады?

Бір хадисте: «Екі көз ақыретте то¬заққа күймейді: біріншісі, күнәсіне өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі, Отанды қорғап шекара күзеткен көз», – делінген. Халқымыздың ата дәстүрі, ана сүтімен қанына сіңген осы отаншылдық, ерлік, намыскерлік дәстүрі кешегі сұрапыл соғыста ерекше көзге түспеді ме? Сол ерлерді туған жерінен мыңдаған шақырым алыста арыстанша алыстырып, қандарын қайнатқан, алдымен «Отан» деген қасиеттің өзі болса, екінші жағынан, туған елінің абыройын, ата салтын ардақтаған намыскерлік қасиеттер еді. Ал сол қасиеттерді бойда оята білген, сезіндірген – «иман» екендігіне дауымыз жоқ. Ендеше, сол бабалардың мәңгілік тұрағы жұмақ болып, көздері ешқашан тамұқ отын көрмесе екен деп тілейміз.

Жат жерде жүрген қандастарымыз туған жерге келгенде беттерін қуаныш жасы жуып, жата қап топырағын сүйген кемпір-шалдарды көргенде, «Атамекен» дегеннің қандай құдіретті, қандай қасиетті екеніне тағы да көз жеткізесің! Бұдан: «Ерінен айырылған – көмгенше жылайды, елінен айрылған – өлгенше жылайды» – деген халық мақалының шындығын танимыз.
Ислам дінінде бес нәрсені: Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді қызғыштай қорғау міндеттеледі. Осы құндылықтарды қорғау жолында қайтыс болғандар шейіт саналады. Ал шейіттердің ақыретте есепсіз жәннатқа барары мәлім. Құранда бұл жөнінде: «Шейіттерді өлдіге санамаңдар. Олар тірі, Алла біледі, сендер білмейсіңдер», – делінген (“Бақара” сүресі, 154-аят). Сондықтан сөз соңында Отанды қорғау жолында, ұлтымыздың жарқын болашағы үшін басын бәйгеге тіккендерді шейіттер қатарына қосып, Жаратушы Иемізден жәннаттан жай бұйыртуын тілейміз. Ал бүгінгі тірілерге өз отанын құрметтеп, қастерлеп, керек болса жанын қиып болса да қорғау нәсіп болса екен деп тілейміз.

Самат Анарбаев- Төлеби ауданының Бас имамы

Пікір жазу