Мақалалар Фиқһ

МЕДИЦИНАЛЫҚ БЕТПЕРДЕМЕН НАМАЗ ОҚУҒА БОЛАДЫ МА?

Жалпы ауызды жауып намаз оқу мәкруһ саналады[1]. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл іске тыйым салған. Себебі ауызды жауып намаз оқу қырағат етуге, бекітілген зікір-тәсбихтарды айуға кедергі болады. Егер ауызын қолымен жапса, қолға байланысты бекітілген сүннетті тастаған болады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

كُفُّوا أَيْدِيَكُمْ فِي الصَّلَاةِ

«Намазда қолдарыңды (көтере бермей) тыйыңдар», – деген.

Егер аузын киімімен жабатын болса, онда мәжусилерге (отқа табынатындарға) ұқсап қалады. Өйткені олар отқа табынатын кезде беттерін орап, жауып алатын болған.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бетін орап намаз оқуға тыйым салды. Тек есінеген кезде ауызды жабудың оқасы жоқ деген[2].

Дегенмен белгілі бір себептерге байланысты, яғни жұқпалы індет таралған уақытта «зәрулік жағдайларда тыйым салынған істерге рұқсат беріледі» деген қағидаға орай, ауызды жауып намаз оқуға болады.

Себебі Алла Тағала Құранда:

وَلَا تُلۡقُواْ بِأَيۡدِيكُمۡ إِلَى ٱلتَّهۡلُكَةِ

«Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар»[3], – деп бұйырған.

Оған қоса бұны Омардың (р.а) Шам еліне барып, онда оба ауруы тарағанын естіп, сақтық шарасы ретінде кері қайтқаны құптайды[4].

Қорыта айтқанда, ауызды жауып намаз оқу мәкруһ. Алайда коронавирус т.б. жұқпалы індет таралған жағдайда намазды медициналық бетпердемен оқуға рұқсат етіледі.

 

Нұрсұлтан Маметбай – Жамбыл облысы бойынша пәтуаға жауапты маман

 

[1] Имам Тахтауи, Хашияту ат-Тахауй ғәлә Марақил Фалах, 350. Әл-Фатауа әл-Хиндия, 1/107.

[2] Бадайғ санайғ, 1/ 216.

[3] «Бақара» сүресі, 195-аят. [4] Муслим, №2219.

Пікір жазу