Ғибратнама Мақалалар

КӨРШІҢІЗ ЖАҚСЫ БОЛСА, ЕГЕР…

Адам баласы өзінің күнделікті өмірінде қаласын-қаламасын бәрібір, әрдайым байланыста болатын топтың бірі – көршісі. Кісінің өмірі жеңіл, бақыты, қуанышы көбінесе көршілер мен болатын мәмілеге, қарым-қатынасқа байланысты болады. Ата-бабаларымыз «Дін және дәстүр» сабақтастығымен тіршілік етіп имандылыққа бастап, халықтың тәрбиесіне қатты мән беріп, діни қағидаттарды халыққа түсіндіру үшін дәстүр қалыптастырып, нақыл сөздерімен, мақал-мәтелдері арқылы үгіттеп отырған. Осы бабаларымыздың қасиеттері біздерге ана сүтімен дарып, жалғасын тауып келеді. Осындай жақсы қасиеттердің бірі көршімен тату тұру.

Көршімен тату тұру – адамгершілік қасиет және мұсылмандық міндет. Егер Алла Тағала пендеге жақсы көрші нәсіп етсе, ол көптеген жақсылыққа себеп болады.

Көршінің ақысы туған балаңыздың қақысымен пара-пар. Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафа с.а.у Жәбірейіл а.с көршінің ақысы жайлы айтқанда, мирасқоры ма деп қалған екен. Бір хадисте 2-3 кісілік тамақ артық пісіріп, күнделікті көршілермен бөлісу керектігі де айтылған. Көршіге жақсылық жасау, ынтымақты болуға шариғат кеңес береді.

«Ниса» сүресінің 36 аятында былай деген: «Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешкімді серік қоспаңдар. Әке-шешеге, туыстарға, жетімдерге, кедей-кепшіктерге, жақын көршіге, алыс көршіге, жаныңдағы жолдасыңа, қаражаты таусылған жолаушыларға, қолдарыңа қарағандарға (қызметшілерге) жақсылық жасаңдар. Алла даңдайсыған тәкаппарларды жақсы көрмейді»- делінген. Бұл аяттың мағынасында алыс және жақын көршіге жақсылық жасауымызды бұйырып тұр. Яғни, көршінің ұлтына немесе дініне қарай емес, адамдыққа салынып қолымыздан келгенше жақсылық жасауға міндеттіміз.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) қой сойғанда, тіпті яхудий көршісіне де бір бөлегін алып шығуды бұйырған. Ал мына хадисте:«Кім көршісін төмен етсе, дәрежесіне зияны тиеді»- деген.

Исламның дәстүрімізге сіңіп кеткені соншалықты, көптеген мақалдар Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) хадисімен ұштасады. Дана халқымыз: «Көршің қолайлы болса, қораң кең», «Жақсы көрші тапқаның, мол олжаға батқаның», «Туыс – атадан, көрші – Алладан» деп айтады. Көршінің жақсы немесе жаман болуы да біздер үшін сынақ. «Көршіні ешкім таңдамайды, Құдай қосады» деуі де бекер емес.

Алланың сүйікті Елшісі (Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) көршілермен қандай қатынаста болу керектігі турасында: «Егер көршің өзге дін өкілдерінен болса, онда сенің мойныңда бір ақысы бар. Ол сенің көршің болғаны үшін. Егер көршің мұсылман болса, екі міндетің бар. Ол – бірінші көршің, екінші мұсылман болғаны үшін. Ал, егер көршің мұсылман-туысқаның болса, үш міндетің бар. Ол – көршің, мұсылман әрі туысқаның болғаны үшін», – деген. Тағы бір хадисте: «Көрші көршінің дуалына шеге қағуға тиым салмасын» деді.

Айша анамыз: «Мен Алланың Елшісі (Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) естідім: – Менің екі көршім бар, сыйлықты қайсы біріне беруім керек – деп сұрадым. Алла Елшісі (Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) : – Қайсы бірінің есігі саған жақынырақ болса, соған бересің», – деді. Дана халқымыз “Қиямет күні қоңсыдан»- деген. Бұ дүниеде көршімен қандай қатынаста болсақ та сұраламыз.

Асыл дініміздегі көршілер бір-бірінің ақылары жайлы міндеттеуінің мақсаты мұсылмандар, бәлкім жер жүзіндегі барша халықтар өзара тыныш әрі тату-тәтті, бір-бірін құрметтеп өмір сүру керектігіне үндеуінде болар. Көршінің көрші алдындағы ақысы зор. Көршімен көрші тату болса, еліміздің амандығы, біздің келешек ұрпақтарымызға қалдырған ғибратты жол болмақ.

Абу Хурайра сахаба: «Жақындағы көршің қалып, ұзақтағы көршіге жүгірмейді, көршілік ұзақтағымен емес, жақындағысымен басталады» деген. «Алыстағы ағайыннан, қасыңдағы көрші артық», «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын»- деген аталар нақыл сөзі тектен тек айтылмаған.

Көрші дегенде тек бір шарбақ бөліп тұратын немесе қарама-қарсы тұрған үй деп ойлауымыз мүмкін. Хасан Басрий р.а осы жайлы сұрағанда: «Аулаңның (үйіңнің) алды жағынан қырық аула, арқа жақтан қырық аула, оң жағынан қырық аула, сол жағынан қырық ауланың барлығы көрші болып есептеледі»- деп жауап берген.

Ал, енді өзімізде көршілікке лайықты жан болайық. Сондай-ақ көрші-көлем арасында келіспеушіліктерді байқасақ, жарастыру қажет. Бұл жайында Құран аяттарында өте көп айтылады. Мәселен: «… Алладан қорқыңыз және араларыңызды түзетіңіз…»- деген бұйрығын жадымызда ұстап, жанжалдасып қалған көршілерді бір себеп тауып болса да жарастыру керек.

Абдулла ибн Амр ибн Астан риуаят етілген. Алланыңың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «… Алланың алдында көршілердің ең жақсысы – көршісінің жақсысы», – деген (Термизи риуаяты).

Жақсы көрші бола білген Имам Ағзам Әбу Ханифаның маскүнем бір көршісі бар еді. Күнде дабырлап сөйлеп, жанұясында жанжал шығарып, имамның мазасын алатын. Сол жігіт бірде абақтыға қамалады. Имам мән-жайды біліп, қаланың әкіміне жолығып, көршісін босатыпты. Екеуі бірге қайтып келе жатқанда, қылығына ұялған жігіт: «Өзіңізге жамандығы болмаса, жақсылығы жоқ адамды неге босатып әурелендіңіз?» – деп сұрапты. Сонда үлкен парасат иесі имам: «Жігітім, сен қандай адам болсаң да, менің көршімсің. Көршіге жақсылық жасау – мұсылмандардың міндеті. Мен өз міндетімді ғана орындадым. Қайта кешірек естіп, кештеу қамдандым ба деп өкініп келемін», – деп жауап беріпті.Кейіннен жігіт тәубеге келіп, имамға шәкірт болған делінеді.

Иә, біз жақсылардың қатарында болғымыз келеді. Біздің қандай екенімізді көршіміз көбірек біледі деп ойлаймыз. Көршімен жақсы мәміледе болу және зәбір көрсетпей тілеулес болу керек. Өйткені көршінің біз туралы жақсы пікір білдірсе, бұл да бақыттың бір кілті.

Бірде бір кісі көршісінен қарызға ақша сұрайды. Және пәлен күні қайтаратындығын айтады. Себептер болып, айтылған күннен 3-4 кешігіп апарған уақытта, кешіккендігіне үзір сұрап қарызын бермекші болады. Алайда ол, бергенін қарыз ретінде емес, “көршім болған соң қолдау білдірейін деп бердім. Атам, егер көршің көмек сұрап келсе, мүмкіндік болса көмектес деген болатын. Сондықтан мен сізге қарызға бермедім”- деген екен.

Біз жақсылықты көршіден бастайық. Шариғатымызда белгіленген мөлшерде мал-дүниеге иеленген адам зекет парызын орындауы үшін бірінші өзінің тұрғылықты жеріне және табысты қай жерден тауып жатырмыз сонда беруді шарт ретінде бекіткен. Сондықтан зекетімізді туысқанымызға, көршілерімізге беру керектігіне мән беру керек.

Көршілер арасындағы татуластық, шыдамдылық болуымен қоғамның дамуына, өркендеуіне үлес қосайық. Алла Тағала дүниедегі барша халықтар ортасында достықпен бауырмалдық, достық дәнекерлігіне жәрдемші етсін.

Еркін Полатов – Қазығұрт ауданы «Кезеңбұлақ» мешітінің бас имамы

Пікір жазу