Ғибратнама Мақалалар Фиқһ

Зекет – парыз, өтемесең – қарыз…  

Адам етіп жаратып, сансыз нығметтерге бөлеген Жаратушы Иемізге шүкір айтамыз. Шүкіршілік еткен сайын, берекеміздің артары сөзсіз.

Асыл  дініміздегі бес парыздың бірі – зекет. Шамасы жеткен мұсылманға зекет өтеу шарты шариғатта бекітілген. Яғни, тапқан табысы нисап мөлшеріне жеткен, шариғаттың үкіміндегі дәулетті деп есептелінетін жандар үшін орындауы Жаратушы Иеміздің бұйрығы.

Алла Тағала Құран Кәрімде «Муззәммил» сүресінде:«… әрі намазды толық орындаңдар және зекет беріңдер және Аллаға көркем қарыз беріңдер. Өздерің үшін алдын ала қандай жақсылық істеген болсаңдар, оны Алланың алдында содан да қайырлы әрі ұлы сый күйінде табасыңдар…….» – делінеді.

Ал, Пайғамбарымыз Мұхаммед(с.а.у):«Мал–мүліктеріңді зекетпен қорғаңдар, ауруларыңды садақамен емдеңдер және бәлеге қарсы дұға әзірлеңдер» – деген хадисі көп нәрсені аңғартса керек.

Зекеттің парыз болуы үшін күнделікті тіршілікте қолданылатын негізгі қажеттіліктер мен қарыздардан тыс, нисап көлеміне жететін байлыққа ие болуы керек.

Нисап дегеніміз – зекетті парыз ететін белгілі байлық мөлшері. 

Зекеті берілетін байлықтың түрлері: Алтында – 85 грамнан, күмісте – 595 грамнан, түйеде бестен, сиырда отыздан, қой мен ешкіде қырықтан басталады.

Сауда заттарында 85 грамм алтын немесе 595 грамм күмістің құнына тең болса, ақшамен 85 грамм алтын немесе 595 грамм күмістің құнына тең болса, бау-бақша және егіс өнімдері (өнім алған сәттен оннан бірі немесе жиырмадан бірі беріледі. Егістікке кеткен шығынның көп болуы немесе аз болуына байланысты).

Зекет берілмейтін күнделікті тіршілікте қолданылатын негізгі қажеттіліктерге: тұратын үйі, үй жиһаздары мен аспаптары, ғылым адамдарының кітаптары мен өнер адамдарының аспаптары, өзі және әйелі, балаларына жететен бір айлық (басқа бір риуаятта бір жылдық) азық-түліктері, өзі және отбасының киетін киімдері жатады.

Сондай-ақ егістікпен, шаруашылықпен айналысатын адамдардың трактор, комбайн сияқты құралдары мен аспаптарынан зекет алынбайды. Бірақ бұл құралдармен басқаларға жұмыс істеп, ақша табатын болса, тапқан ақшадан зекет алынады.

Зекеттің парыз болуы үшін малға бір жыл толуы керек. Зекетті жылына бір рет, яғни бір мезетте немесе бөліп беруге болады.

Бір жыл немесе бірнеше жыл үшін берілмеген зекеттің есесі қарыз болып тұрады. Берілмеген жылдағы зекетті міндетті түрде өтеуі қажет.

Зекет берген адам өзіне жақсылық жасайды. Бірінші Алланың бұйрығын орындайды, екінші тапқан табысы, малымен егіншілігіне береке болады, үшіншіден қоғамның, елдің дамуына қосқан өзіндік үлкен қайырлы үлесі болады.

Дана халқымыздың «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», «Аз қайырымдылық жасаудан ұялма, өйткені, құр алақан қайтару одан да аз» деген ұлағатты сөздері қайырымды болу, жомарттық танытудың жақсылығы өзімізге болатындығын және аз болса да қайырымды іске үлес қосуды жеткізген.

Зекет – парыз, өтемесеңіз қарыз боп амал дәптерлеріңізге жазыла береді… 

Жаратушы Иеміз біздерді нығметке бөлеп, нәсіп еткен байлыққа жомарттық танытып зекетімізді өтейік ағайын.

 

Еркін Полатов – ҚМДБ-ының «Зекет» корпоративтік қорының  Түркістан облысы бойынша жауапты өкілі

Пікір жазу