11.9 C
Turkestan
Сәрсенбі / 24 Сәуір 2019 / 19 Шағбан 1440
Таң:
Күн:
Бесін:
Екінті:
Шам:
Құптан:
Сәрсенбі / 24 Сәуір 2019 / 19 Шағбан 1440
Yassi.kz – Діни-танымдық порталы
Әр түрлі Мақалалар

ДӘСТҮР МЕН ДІННІҢ САБАҚТАСТЫҒЫ

Дін мен дәстүрдің сабақтастығы ауқымы аса кең тақырып. Халық арасында қалыптасқан дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, егер шариғатқа қайшы келмесе, дін тарапынан қолдауға ие болады. Ал шариғат үкімдерінің қайнарлары мыналар: Құран, Сүннет, Ижма, Қияс; истихсан, масалих мурсала, әдет-ғұрып. Кейбір фиқһ кітаптарында жазылғандай әдет-ғұрып жетінші қайнар көзі болып табылады. Халық ұстанған дұрыс әдет-ғұрыптар Ислам заңнамасындағы құқықтық нормалардың бастауларының бірі болып саналады. Оған төмендегі аят, хадистер дәлел.

خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ

Алла Тағала: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал[1]», – деп бұйырған.

وَعَلَى الْمَوْلُودِ لَهُ رِزْقُهُنَّ وَكِسْوَتُهُنَّ بِالْمَعْرُوفِ

Алла Тағала былай дейді: «Баланың әкесі анасының нәпақасы мен киімін әдеттегі жолмен берсін[2]».

وَمَنْ كَانَ غَنِيًّا فَلْيَسْتَعْفِفْ وَمَنْ كَانَ فَقِيرًا فَلْيَأْكُلْ بِالْمَعْرُوفِ

Алла Тағала былай дейді: «Кім бай болса (жетімнің ақысын жеуден) тартынсын, кім кедей болса, игілікпен (ғұрыппен) жесін[3]».

Әдет-ғұрып мұсылман заңнамасында кейбір мәселелерді шешуде айғақ ретінде қолданылады әрі шариғат ғалымдары арасында мақұлданған. Ханафи мазһабының кейбір өкілдері шариғат ережесіне сай келген ғұрып нақтылы шарғи дәлел ретінде қарастырылатындығын айтқан. Бұл тұрғыда фиқһ негіздерін зерттеуші ғұламалар жоғарыдағы «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал» деген аятты, сондай-ақ, Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен мына риуаятты дәлелге келтіреді.

مَا رَآهُ الْمُسْلِمُونَ حَسَنًا فَهُوَ عِنْدَ اللَّهِ حَسَنٌ وَمَا رَآهُ الْمُسْلِمُونَ سَيِّئًا فَهُوَ عِنْدَ اللهِ سَيِّءٌ

«Мұсылмандар жақсы деп есептеген нәрсе Алланың алдында жақсы, мұсылмандар жаман деп көрген нәрсе Алланың алдында жаман».

Ханафи мәзһабының ғалымы Ибн Абидин «Уқуд рәсм әл-муфти» кітабында былай дейді:

وَالْعُرْفُ فِي الشَّرْعِ لَهُ اعْتِبَارْ لِذَا عَلَيْهِ الشَّرْعُ قَدْ يُدَارْ

Ғұрыптың шариғатта орны бар,

Кейде үкім соған орай орнығар.

Малики мәзһабының өкілі Ибн Асим әл-Андалусий өзінің «Муқтада әл-усул илә илм әл-усул» атты кітабында былай дейді:

العُرْفُ مَا يُعْرَفُ بَيْنَ النَّاسِ وَمِثْلُهُ الْعَادَةُ دُونَ بَاسِ

وَمُقْتَضَاهُمَا مَعاً مَشْرُوعُ فِي غَيْرِ مَا خَالَفَهُ الْمَشْرُوعُ

Ғұрып – іс қой адамдарға танымал,

Әдеттің оған ұқсастығын танып ал.

Екеуі де шариғатқа енер ендеше,

Мәні қиғаш болып егер келмесе.

Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) пайғамбарлық түскен кезде арабтардың арасында да алуан түрлі әдет-ғұрыптар, дағдылар бар болатын. Пайғамбар (с.ғ.с.) олардың Құдай Тағаланың әмір-тыйымына керағар келмейтінін қабылдап, қарсы келетініне тыйым салды.

Шариғатта халыққа үйреншікті болған жақсы дағдылар мен әдет-ғұрыптарды дәлел ретінде келтіруді барлық мәзһабтардың имамдары қолдайды.

Ғұрыптың шариғаттағы шарттары

Фиқһ білгірлері әдет-ғұрыптың шариғатта қабыл алынуының бірнеше шартын белгілеген. Олардың бастылары төмендегідей:

  1. Құран Кәрім мен Сүннетке және мұсылман ғұламаларының ортақ ұйғарымдарына керағар келмеуі тиіс.
  2. Үкім шығарылған уақытта халық арасында кең қолданылатын болуы тиіс. Негізінде, әдет-ғұрыптар әр заманда өзгеріске ұшырап отырады. Тарихта болып, кейіннен жойылған әдет-дағдылар шариғатта есепке алынбайды.
  3. Әдет-ғұрып бұқара халықтың арасында кең таралған, үйреншікті дағды болуы тиіс. Жекелей адамдар арасындағы әдеттердің заңдылық күші жоқ.

Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар

Шариғатқа қабыл алынуына байланысты әдет-ғұрып екіге бөлінеді:

  1. Әл-урф ас-Сахих, дұрыс ғұрып шариғатқа, мұсылман танымына қайшы келмейтін әдет-ғұрыптар. Анықтамадағы шарттарына сай әдет-ғұрыптар. Мысалы, қоғамдық қозғалыс ережелері, білім-ғылым беру ережелері. Сауда-саттықтағы ғұрыптар. Мамандығына орай киім кию үлгілері. Үйлену, қалыңмал жөн-жосықтары.
  2. Әл-урф әл-Фасид, шариғатқа, мұсылман танымына қайшы келетін әдет-ғұрыптар. Пара, өсімқорлық, жемқорлық, әуретті ашып жүру. Құмар ойындары, ысырапшылық, арам істерге қол салу. Әлсіздердің, әйелдердің құқығын таптау. Бақсылық, балгерлік ғайыпты білемін деу, уахи, аян келеді деу т.б.

Халық арасында қалыптасқан, тамыры тереңде жатқан салт-дәстүрлермен бірге шариғат құптамайтын ырымдар, қалыптасып қалған әдеттер де бар. Мысалы, болашақты болжау, балгерлікпен айналысу, құмалақ ашу, өлілерге табынып, олардан қажетін сұрау, әр нәрсені киелі тұтып сиыну, табыну үрдістері мұсылманшылыққа жат қылықтар.

 Әдет-ғұрып – төреші

Мұсылман тіршілігіне қатысты сан алуан салалардағы іс-әрекеттердің заңдылық сипатын анықтайтын фиқһ ілімінің негіздерінде العادة محَكَّمة «әл-ъаада мухаккама» деген заңнамалық қағида бар. Мағынасы «әдет-ғұрып – төреші», яғни нақтылы дәлелдер келмеген кейбір мәселелерде адамдар арасында қалыптасқан әдет-ғұрыпқа жүгініп, солардың негізінде үкім шығарылады дегенді білдіреді. Демек, кейбір кезде салт-дәстүр, ғұрыптар заңды дәлел ретінде қарастырылады. Бұл ереже фиқһ ілімі ғұламалары түзген, мақұлдаған аса маңызды қағидалардың бірі болып саналады.

Әдет-ғұрыптың өзгеруіне байланысты пәтуаның өзгеруі

Әдет-ғұрып заман ауысқан сайын өзгеріске ұшырап, дамып отыратын құбылыс. Сондықтан да фиқһ ғұламалары әр заманға және қалыптасқан әдет-ғұрыпқа сай кейбір тармақты үкімдердің өзгеріп отыратындығын айтқан. Осы себепке байланысты түрлі мәселелерге пәтуа беретін шариғат ғалымынан өзі отырған аймақтың әдет-ғұрпы мен мәдениетінен толыққанды хабардар болуы талап етіледі. Мысалы, қалыптасқан жағдайға қарай мешіттегі қызметкерлердің, имамдар мен азаншылардың, ұстаздардың жалақысын садақадан түскен қаржыдан бөлуге болады. Мұндай шешім қазіргі заманымызда қалыптасқан жағдайға байланысты шығарылған. Өйткені бұрынғы замандарда мұсылман елдеріндегі мешіт қызметкерлеріне бәйтул-малдан, яғни мемлекет қазынасынан жалақы белгіленетін. Ал қазіргі кезде ондай тәртіп жойылғандықтан дін қызметкерлері айлық нәпақасын садақадан түскен қаржыдан айыруға мәжбүр. Сонымен қатар, ақша түрлерінің, атауларының, өлшем бірліктерінің өзгеруімен де пәтуалар қайта жазылады. Яғни бұрынғыдай дирхам, динарды халық түсінбейтін болғандықтан, олардың орнына теңге өлшемі қолданылады, қадақ, сағ, пұт, муд, батпанның орнына грамм, килограмм өлшемдері қолданылады.

Заманға қарай шешімдердің де өзгеруі Ислам шариғатының қатып қалған дүние еместігін, уақыт өткен сайын дамып, жетіліп отыратын әмбебап заңнамалық жүйе екендігін дәлелдейді.

Терминдерге түсініктеме

Асылында, біз қарастырып отырған қазақ тіліндегі ғұрып, әдет сөздерінің түп-негізі шариғат терминдері. Мұның өзі халқымыздың шариғатпен сонау ықылым замандардан таныс болғандығын білдіреді. Енді осы сөздердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып анықтамасын айқындап алайық.

Ғұрып. Қазақша «ғұрып» сөзі العرف «әл-ъурф» сөзінен шыққан. Араб тілінде адамдарға үйреншікті болған, әдеттегі іс-әрекет, үрдіс деген мағыналарды білдіреді.

الْعُرْفُ اصْطِلاَحًا: مَا اسْتَقَرَّتِ النُّفُوسُ عَلَيْهِ بِشَهَادَةِ الْعُقُولِ، وَتَلَقَّتْهُ الطَّبَائِعُ بِالْقُبُولِ

«Әл-урф» сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасы мынадай: «Ол ақыл-ойдың, логиканың құптауымен көңілдерге орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер»[4].

«Әдет» сөзі арабтың «әл-ъаада» العادة сөзінен шыққан. Мағынасы адамдар арасында көп қайталанатындықтан дағдыға айналған істер дегенді білдіреді.

Әдет және ғұрып сөздерінің мағынасы бір десе болады. Кейбір шариғат кітаптарында «урф» сөзін қолданса, енді біреулері «әдәт» сөзіне басымдық берілген.

«Дәстүр» сөзі де арабша دستور «дустур» деген сөздің қазақша баламасы. Арабша мағынасы іс-әрекет жасалатын ереже, заң дегенді білдіреді. Қазіргі араб тілінде бұл, негізінен, бір елдің конституциясы деген мағынада қолданылады[5]. Бұл сөздің осынау терең мағынасын, этимологиялық түп-төркінін зерделеп мынадай ой түюге болады. Сірә, қазақ даласында Ислам шариғаты мен дала заңдарының қосындысынан шыққан заңнамалық жүйе дәстүр деп аталса керек. Содан соң ата-баба дәстүрі, салт-дәстүр деген ұғымдар пайда болған. Жоғарыда аталған шариғат терминдерінің тілімізге ежелден еніп, кейіннен ауыспалы мағыналарда қолданылуы осындай пікірге жетелейді.

Бұл жерде айқындап алуға тиісті бір мәселе бар. Әдетте, қазақ тілінде салт-дәстүр, әдет-ғұрып деген сөз тіркестерінің мағынасы бір, негізінен, халық арасында қалыптасқан, күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қолданатын мәдени ерекшеліктер ретінде қарастырылады. Ал шариғаттағы әдет, ғұрып сөздері салт-дәстүрмен бірге адамдар арасында сіңісті болып қалыптасқан әдеттерді, үйреншікті дағдыларды, ұғымдар мен сөздерді де қамтиды. Осы тұрғыдан алғанда мұсылман заңнамасындағы әдет, ғұрып терминдерінің мағыналық аясы кең, жалпылық мәнге ие. Қазіргі араб тілінде халық арасында қалыптасқан салт-дәстүрлер, ұлттық құндылықтар туралы «адат уа тақалид» عادات وتقاليد «турас шағби» تراث شعبي деген сөздер де қолданылады.

Адамдар арасында дағдыға айналған шариғат шартына қайшы келмейтін істер шарғи үкімдерді белгілеуде мұсылмандық заңнаманың екінші дәрежедегі қайнар көзі ретінде қарастырылады. Шариғат үкімдері алынатын басты қайнарлар Құран Кәрім мен Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеті екендігі белгілі. Аталмыш мәндегі ғұрыптар фиқһ ілімінде тармақты үкімдерді белгілеуде заңды дәлел ретінде алынады. Пайғамбар (с.ғ.с.) мен сахабалары белгілі бір мәселеге үкім шығарғанда кейде халық арасында қалыптасқан ғұрыптарға да сүйенген.

Шариғат саласында сондай маңызға ие болған әдет-ғұрыпқа фиқһ негіздері ілімінде арнайы терминдік анықтама берілген.

Абдулла ибн Ахмад ән-Нәсәфи өзінің әл-Мустасфа атты еңбегінде былай дейді: «Ғұрып пен әдет дегеніміз адамдардың көңілдерінде ақылға қонымды болып орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер».

Ханафи мәзһабының ғұламасы Ибн Абидин әдетке мынадай анықтама берген: «Әдет деген сөздің негізі көп қайталанғандықтан үйреншікті іске айналған, адамдар арасында ешбір түсіндіруді қажет етпейтін танымал болған, шынайы ғұрыпқа айналған істер дегенді білдіреді»[6]. Демек, шариғат қабыл алатын ғұрып, әдет дегеніміз адамның табиғатына танымал, ақыл да, заң да, адамгершілік таразысы да құптайтын оң істер.

Әдет-ғұрып العرف жалпы және жалқы болып екіге бөлінеді. Жалпы әдет-ғұрыптарға әртүрлі аймақтарда өмір сүретін мұсылман халықтары арасында белгілі бір уақытта қалыптасқан ортақ танымал әдет-ғұрыптар жатады. Мысалы, үйлену, талақ, сауда, қолөнерге қатысты әдет-ғұрыптар. Ал жалқы әдет-ғұрыптар дегеніміз белгілі бір қаланың не аймақтың адамдарына ғана таныс әдет-ғұрыптар. Мысалы, қалыңдық мәһрін белгілеудегі аймақтық ерекшеліктер, ақша бірлігі, салмақ, ұзындық өлшемдеріндегі айырмашылықтар.

Әдет-ғұрып сипаты жағынан іс-әрекет һәм сөз түріндегі болып екіге бөлінеді. Әрқайсысының анықтамасы төмендегідей.

الْعُرْفُ الْعَمَلِيُّ: هُوَ مَا جَرَى عَلَيْهِ النَّاسُ وَتَعَارَفُوهُ فِي مُعَامَلَتِهِمْ وَتصَرُّفَاتِهِمْ، كَتَعَارُفِ النَّاسِ الْبَيْعَ بِالتَّعَاطِي.

«Іс-әрекет түріндегі ғұрып, дағды дегеніміз адамдардың өзара қарым-қатынастары мен іс-әрекеттерінде дағдыға айналған танымал істер. Мысалы, адамдардың «сатып алдым», «саттым» деген сөздерді айтпай-ақ, сауданы қолма-қол жасауды әдет етуі[7]».

الْعُرْفُ الْقَوْلِيُّ: أَنْ يَتَعَارَفَ قوْمٌ إِطْلاَقَ لَفْظٍ عَلَى مَعْنَى، بِحَيْثُ لاَ يَتَبَادَرُ عِنْدَ سِمَاعِهِ إِلاَّ ذَلِكَ الْمَعْنَى، كَالدِّرْهَمِ عَلَى النَّقْدِ الْغَالِبِ.

«Сөз түріндегі ғұрып немесе үрдіс дегеніміз белгілі бір адамдар тобының бір сөзді белгілі бір мағынада айтуға дағдылануы. Сол сөзді естіген кезде ойға аталмыш мағына ғана түсуі керек. Мысалы, дирхамды ақша мағынасында қолдану»[8].

Сол сияқты қазақ тілінде намаз дегенде құлшылықтың еске түсуі, Алла, Құдай, Тәңірі дегенде жалғыз Жаратушы Хақтың еске түсуі, теңге дегенде ақшаның еске түсуі, палау дегенде күріштен жасалған тағамның еске түсуі сияқты. Ал оларды осы қалпынан өзгертудің еш қисыны жоқ.

Ислам діні мәдени революцияға қарсы

Ислам діні өзінен бұрынғы игі дәстүрлерді, адамгершілік құндылықтарын, адамдар арасындағы қарым-қатынастарды теріске шығарған жоқ. Сондай-ақ, ұлттардың бір-бірінен артық еместігін баса айтты. Олардың бұлтартпас дәлелдерін біз қасиетті аят-хадистерден таба аламыз.

قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لاَ فَرْقَ بَيْنَ عَرَبِيٍّ وَلاَ أَعْجَمِيٍّ وَلاَ أَبْيَضَ وَلاَ أَسْوَدَ إِلاَّ بِالتَّقْوَى».

Пайғамбар (с.ғ.с.): «Араб пен ажамның, ақ пен қараның айырмасы тек тақуалығында ғана», деген.

Адамзаттың әр ұлтқа бөлініп, түрлері мен түстерінің, нәсілі мен тегінің һәм тілі мен диалектісінің әркелкі болуы Алла Тағаланың айнымас аяттары. Оларды мойындамау, белден басу, теріске шығару Жаратушының хикметпен жарату заңына қарсы шыққанмен тең.

قَالَ اللهُ تَعَالَى: وَمِنْ آيَاتِهِ خَلْقُ السَّمَاوَاتِ وَالأرْضِ وَاخْتِلافُ أَلْسِنَتِكُمْ وَأَلْوَانِكُمْ إِنَّ فِي ذَلِكَ لآيَاتٍ لِلْعَالِمِينَ

Алла Тағала былай дейді: «Көктер мен жердің жаратылысы және тілдерің мен түстеріңнің әр алуандығы Оның (Алланың) белгілерінен. Шындығында, осында білушілер үшін, сөзсіз, белгілер бар[9]».

قَالَ اللهُ تَعَالَى: يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُمْ مِنْ ذَكَرٍ وَأُنْثَى وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِنْدَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ

Алла Тағала былай дейді: «Уа, адамдар! Шындығында, Біз сендерді бір ер мен әйелден жаратттық. Сендерді халықтарға, тайпаларға бөлдік. Бір-бірлеріңді тануларың үшін. Шын мәнінде Алланың алдындағы артықтарың ол ең тақуаларың. Алла бәрін білуші, хабардар[10]».

أَفَتُؤْمِنُونَ بِبَعْضِ الْكِتَابِ وَتَكْفُرُونَ بِبَعْضٍ

Алла Тағала былай дейді: «Кітаптың кейбіріне сеніп, кейбіріне сенбейсіңдер ме сонда? [11]».

Әдет-ғұрып шынайы өмірдің көрінісі

Ағымдардың көпшілігі халық өмір сүріп жатқан реалды өмірден алыс. Олардың ұғымында таза Ислам тек араб жерінде ғана болады. Ал басқа жерде таза Ислам, шынайы мұсылмандар болуы мүмкін. Сондықтан оларды қияли бір әлемде ғұмыр кешіп жатыр десек теріс емес.

Олар қазақты таза Исламнан, шариғаттан, имани құндылықтардан ажыратып көруге тырысатын сияқты. Олардың ойынша қазақ пен шынайы ислам бір-бірімен қабыспайтын екі дүние. Бұл олардың нигилистік, менсінбеушілік пиғылдарынан шыққан.

Ал қазақтың қалыптасқан әдет-ғұрпы, салт-санасы Исламмен өрілген. Сол шариғатта айтылған нәрселер қазақ халқының бойында бар. Яғни, шариғатта айтылған, әдет-ғұрып, салт-дәстүр қазаққа да қатысты.

Сондай-ақ, қазірде қалыптасқан әдеттер, қағидаттар, адамгершілік принциптерін имани құндылықтармен сай келмейді деп айтуға болмайды.

Әдет-ғұрыпты дінге қарсы қою – вандализм

Әдет-ғұрыпты теріске шығару, ұлттық қалыпты, болмысты мойындамау Алланың жаратылыстық белгілеріне қарсы шыққанмен тең. Бұл бұрынғы мәдениетті жоққа шығаратын, өзіне ұнамағанның бәрін қирататын қиратқыш күштер, вандализм. Ислам діні ондай пікірлерден ада.

 Дәстүрлі мәзһабымыз

Сонымен қатар, кең мағынасындағы төл дәстүрімізге халқымыздың сан ғасырлардан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі діни-танымдық жолы да кіреді. Ол – санамызға сіңісті, тілімізге жеңіл, оралымды, үйреншікті діни танымымыз, ұстанымымыз. Біз Қазақстанда қалыптасқан мұсылманшылық дәстүрі, дәстүрлі діни танымымыз, ұстанымымыз дегенде осы аймақта тамыр жайған бүкіл мұсылман әлемінде мойындалған шарғи және сенімдік мектептерімізді айтамыз. Шарғи тұрғыдан Имам Ағзам Әбу Ханифаның мәзһабы, ал діни-танымдық тұрғыдан Әбу Мансұр Матуридидің танымдық мектебі. Бұл мәзһабтарды Ислам әлеміндегі ең беделді білім ордасы саналатын Мысырдағы әл-Азһар университетінен бастаған барлық шынайы ғалым-ғұламалар, күллі ғалымдар ижмағы мойындап мақұлдаған. Бұл мектептер тек қазаққа, не Орталық Азияға ғана емес, исі мұсылманға ортақ діни мектептер. Сондықтан бұл мәзһабтарды діни білімі таяз, не ақыл-есіне ақауы бар адамдар ғана теріске шығарады.

Сабит ИБАДУЛЛАЕВ

«Иман» журналы редакторының орынбасары

[1] «Ағраф» сүресі, 199-аят.

[2] «Бақара» сүресі, 233-аят.

[3] «Ниса» сүресі, 6-аят.

[4] Әл-Маусуа әл-фиқһия әл-куәйтия, 30-том, 53-бет; Әл-Журжанидің әт-Тағрифат кітабы.

[5] Әл-Муғжамул-уасит.

[6] Ар-Расаил, 2-том.

[7] Әл-Маусуа әл-фиқһия әл-куәйтия, 30-том, 55-бет.

[8] Әл-Маусуа әл-фиқһия әл-куәйтия, 30-том, 54-бет; Әт-Тақрир уат-тахбир, 1/282.

[9] «Рум» сүресі, 22-аят.

[10] «Хужурат» сүресі, 13-аят.

[11] «Бақара» сүресі, 85-аят.

Ұқсас жазбалар

КҮҢ ҚЫЗ ОҚИҒАСЫ ЖӘНЕ «НУЗУЛ» ХАДИСІ

Yassi.kz

БҮГІН БӘРААТ ТҮНІ

Yassi.kz

ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ – МҰСЫЛМАННЫҢ МІНДЕТІ

Yassi.kz

Пікір қалдыру