42.3 C
Turkestan
Жексенбі / 21 Шілде 2019 / 18 Зул-Қағда 1440
Таң:
Күн:
Бесін:
Екінті:
Шам:
Құптан:
Жексенбі / 21 Шілде 2019 / 18 Зул-Қағда 1440
Yassi.kz – Діни-танымдық порталы
Әр түрлі Мақалалар

«Бөлінбеңдер» десе де бөлінеді

Дәстүрлі мен дәстүрлі емес діндердің аражігін ажырата алмайтын жандар қоғамда әлі де көптеп кезігеді.  Соңғы кездері бұрын-соңды атын естімеген ағымдардың көбеюі осының дәлелі. Бақытты өмір қандай болатынын айтып, түрлі-түсті етіп безендірілген кітаптарды жазып, тегін таратып талай сананы улады. Тіпті, тыңдауға уақытыңның жоқтығын айтсаң да, артыңнан қалмай  брошюраларын тықпалап, өмір туралы өз қағидаларын судырата жөнелетін келімсектер діни ахуалға кері əсерін тигізбей қоймады.

Жат ағымдардың құрығына жастар жағы жылдам түсіп жатыр. Олар жас сананы уландырып қоймай, сонымен бірге өз қатарларына адам жинауда. Арам пиғылдарына адал ойлы жастарды пайдалануда.

Жалпы ағымдардың көздеген мақсаты – халықты айтқанға көнетін ойсыз топқа айналдырып, оларды жанды қуыршақ сияқты басқару, өміріне әмір жүргізу екені анық. Кез-келген адамды халықтың, не болмаса қандай да бір ұйымның құрамдас бөлігі ретінде қарастырсақ, тұлға ұйымның ортасына түскен кезде сол ұйымның ықпалына бейімделгіш келетіні белгілі. Тұлға ұйымның арасында қалған сәттен бастап бұрынғы табиғи қалпынан өзгеріп, мүлде басқаша ойлай бастайды, сол ұйымға тән әрекет ететін болады.

Мәселен, жігерсіз жандар сыртқы күштердің еркіне еріп кете береді. Күйзеліске ұшыраған адамға ақша ұсынатын ағымдар тығырықтан шығатын жол боп көрінеді. Деструктивті ұйым мүшелеріне ой қорыту қабілеті мүлде тән емес десек, артық айтпаймыз. Сондай ортаға топ етіп түскен аңғал адамды «қаһарман боласың» деп алдап, қатыгездікке оңай айдап салады. «Аңқау елге – арамза молда» деп, осы кейбіреулердің діннен бейхабарлығын пұшайман пиғылдарына пайдаланатын арамза ағымдарға айтылса керек-ті.

 

Сондықтан олардың соңынан ілескендер ерлікке емес, «қолжаулық» үшін бара жатқан қолбала екенін ұмытпаса игі екен. Ал, олай болмас үшін алданбау керек. Алданбау үшін алданып қалмайтындай дəрежеде білім керек.

Əйтпегенде, олардың шырмауына шырмалып қалу қиын емес. Адасуға əртүрлі жағдайлар жеткізеді. Содырлардың соңынан ілесіп кеткендердің дені тұрмысы төмен отбасылардан шыққанын байқап жүрміз. Тіршіліктен шаршаған адамдар шындық пен өтіріктің арасындағы алшақтықты айыра алмайтындықтан, жылы сөз сөйлегеннің соңынан кетуі кəдік. Сондықтан да олардың көсемдерінің сөзі өтімді болып тұр. Белгілі бір тұлғалардың айдап салуымен ызаланған мұндай топқа қарсы тұру, оларды жолынан қайтарам деу өте қауіпті екені түсінікті.

Қазіргі таңда экстремистік ағымдар қоғамды іштен ірітіп жатқандығы туралы жиі айтылуда. Алайда, жастар теріс пиғылды ұйымның өз жұмысын нақты қандай әрекеттер арқылы жүргізетінінен бейхабар. Олар ағымдардың дәстүрлі діндермен сорпасы қосылмайтынын білмейді, алайда белгілі бір діни мақсатты көздейтінін біледі. Сөйтеді де адасып кетеді. Олар өздерін адамның рухани қажеттіліктерін өтейтін, өмірдің мәнін ұғынуға көмектесетін, рухтың мәңгілік екендігін түсіндіретін, уайымнан құтқарып, өзін-өзі жетілдіруге ықпал ететін адам ретінде көрсетуді шебер меңгеріп алған. Олар діни сауаты жетіле қоймаған, өмірлік бағыт – бағдары жаңа қалыптасып келе жатқан жастарды алдау – арбау арқылы өз қатарларына тартады.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Барлығың бірдей Аллаһтың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ Аллаһтың сендерге нәсіп еткен нығметін еске алыңдар. Сендер бір-бірлеріңе дұшпан жандар едіңдер.   Аллаһ жүректеріңді біріктіріп, соның саясында бір-бірлеріңе бауыр болдыңдар», (Ал-Имран сүресі – 103 аят). «Бөлінбеңдер»,- деп ескертілсе де, кей бауырларымыздың бөлежарылып жүргені өкінішті-ақ. «Бөлінгенді бөрі жейді». Ол содырлар жиһадқа жұмсап көксегеніне жеткен соң, көгенкөздерімізді аяп жатқан жоқ емес пе? Ендеше адаспай тұрып, адаспайтын жол табайық. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді», –  деп дана халқымыз текке айтпаған.

Дін – мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды факторлардың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Еліміздегі ортақ ауызбіршілік, елжандылық, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық – дәстүрлі діндердің басты ұстанымы, ал ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтылмасымыз анық. Өйткені, бірлікте мейірімділік пен береке бар. Сондықтан, өзара бөлінушілікке жол бермейік құрметті ағайын.

 

Ерболат Сариев – Шардара ауданы «Жаушықұм» мешітінің бас имамы

Ұқсас жазбалар

НАМАЗДЫҢ ПАЙДАСЫ

Yassi.kz

Асқар Сабдин: – «Жүндүл халифат» – таза террористерді өсіретін жылыжай

Yassi.kz

ӨЗІҢЕ КҮЙЕ ЖАҚҚАНЫҢ…

Yassi.kz

Пікір қалдыру