Бір аят тәпсірі Мақалалар

Бақара сүресінің 35-аяты

وَقُلْنَا يَا آدَمُ اسْكُنْ أَنتَ وَزَوْجُكَ الْجَنَّةَ وَكُلَا مِنْهَا رَغَدًا حَيْثُ شِئْتُمَا وَلَا تَقْرَبَا هَٰذِهِ الشَّجَرَةَ فَتَكُونَا مِنَ الظَّالِمِينَ

(Содан соң біз): «Уа, Адам! Жұбайың екеуің жəннатты мекендеңдер, әрі одан (нығметтерінен) қалағанша жеңдер, тек мына ағашқа жоламаңдар. Әйтпесе, өз-өзіне қиянат жасайтын залымдардың қатарына қосыласыңдар», – дедік.

Бұл аятта Алла Тағала періштелерді Адамға (а.с) сәжде қылдырғаннан кейін оған істеген тағы бір нығметінен сөз қозғайды. Ол Адамды өзінің жәннатына кіргізіп, оның қалаған жерін аралауға және де ол жерден қалаған нәрсесін жеуге рұқсат етеді.

Тәпсіршілердің аталмыш жəннат төңірегінде айтқан екі түрлі пікірі бар. Біреулері ол жәннаттың аспанда екенін айтса, басқалары оны жерде болған деп біледі. Алайда көпшілігі бірінші көзқарас дұрыс деп біледі.

 

«Уа, Адам! Жұбайың екеуің жаннатты мекендеңдер».

Қуртуби өз тәпсірінде былай дейді: аятқа бір қарағанда Хаууа[i] Адам (а.с) жәннатқа кірмей тұрып жаратылғандай көрінеді. Алайда Суддидің Ибн Аббастан жеткізген мына риуаятынан Хаууаның Адам (а.с) жаннатқа кіргеннен кейін бірақ жаратылғанын түсінуге болады. «Ібіліс Аллаға қарсы шыққаны үшін жәннаттан қуылды да, Адам жәннатты мекен етіп қала берген еді. Бастапқыда ол жәннатта жұбайсыз жалғыз тұратын еді. Бір күні ұйықыға жатып, кейін оянып қараса, бас жағында бір әйел отыр екен. Оны Алла Тағала Адамның (а.с) қабырғасынан жаратқан екен. «- Сен несің?»,- деп сұрайды әлгіден. Ол:«- Әйелмін»,- деп жауап береді. «- Не үшін жаратылдың?»,- дейді Адам. «- Менімен бірге тұрып, менімен өмір сүруің үшін»,- дейді. Бұны сырттан бақылап тұрған (және жуырда ғана Адамның біліміне тәнті болған) періштелер:«- Уа, Адам оның аты кім?»,- деп сұрайды. Адам:«- Хаууа»,-  дейді. Сонда періштелер:«Неге Хаууа?» дейді. Сонда адам «Тірі нәрседен жаратылғаны үшін» дейді. Себебі «Хаууа» сөзінің түбірі араб тілінің «хайи» яғни «тірі» деген сөзінен шығады.

«Иек мына ағашқа жоламаңдар». Алланың бұл пәрмені адамға берілген сынақ еді. Бұл ағаштың не ағаш болғандығы жөнінде тәпсіршілердің пікірлері өте көп. Алайда Абу Жағфар ибн Жарир былай дейді: «Ең дұрысырағы былай деуіміз: «Алла Тағала Адам мен Хаууаға жәннаттағы барлық нәрсеге рұқсат етіп, тек бір ағашқа жақындамауларын бұйырған еді. Маңызды болғаны олардың сол тыйым салынған ағаштан жегендігі. Ал біз нақты қай ағаш екенін біле алмаймыз. Себебі ол туралы не Құран аяттарында не сахих хадистерде ешқандай ақпарат берілмеген. Бұл тұрғыда тәпсіршілердің қайсыбірінің болмасын көзқарасы дұрыс болуы да, қате болуы да мүмкін. Ал негізінде бұл нәрселерді білгеннен білушіге пайда жоқ, ал, білмесе білмегенге зиян жоқ.

[i] Адамның (а.с) жұбайы

Пікір жазу