Бір аят тәпсірі Мақалалар

Бақара сүресінің 30-аяты

وَإِذْ قَالَ رَبُّكَ لِلْمَلَائِكَةِ إِنِّي جَاعِلٌ فِي الْأَرْضِ خَلِيفَةً ۖ قَالُوا أَتَجْعَلُ فِيهَا مَنْ يُفْسِدُ فِيهَا وَيَسْفِكُ الدِّمَاءَ وَنَحْنُ نُسَبِّحُ بِحَمْدِكَ وَنُقَدِّسُ لَكَ ۖ قَالَ إِنِّي أَعْلَمُ مَا لَا تَعْلَمُونَ

 

Кезінде Раббың періштелерге: «Мен жер бетінде (үкім жүргізетін) халифа[i]  жаратамын», – дегенде, періштелер (таңырқап): «Сонда, жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасайтын және нақақтан-нақақ қан төгетін біреуді жаратасың ба?! Біз бір Өзіңе үздіксіз мадақ һәм шүкіршілік айтып, мінсіз, кемшілік атаулыдан ада һәм ұлы екеніңді жар салып, бір Өзіңді ұлықтаудамыз ғой!» – деді. Сонда Алла оларға: «Расында, Мен сендер білмейтін қаншама жайттың қыр-сыры мен хикметін білемін», – деді.

 

Алла Тағала адам баласы жаратылмай тұрып, оларға көрсеткен құрметінен хабар беруде. Алла олар жайлы алдымен өзінің күнәсіз құлдары аспан тұрғындарына (періштелерге) білдірген болатын.

«Кезінде Раббың періштелерге» яғни «Уа, Мұхаммед! Мынаны біл, және қауымыңа айт: «кезінде Раббың періштелерге  «Мен жер бетінде (үкім жүргізетін) халифа  жаратамын, яғни жер бетін игеріп, оның ісін заманнан заманға, ғасырдан ғасырға буын-буын бір-біріне табыстайтын орынбасар жаратамын» деген. Аяттағы «халифа» яғни «өкіл» сөзінен мақсат кейбір тәпсіршілердің айтқанындай Адам (а.с) ғана емес, қайта бүкіл адам балалары. Себебі, Алла Тағала тек Адамды (а.с) мақсат еткен болса, періштелер «Сонда, жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасайтын және нақақтан-нақақ қан төгетін біреуді жаратасың ба?!»,-деп сұрамас еді.

Ал, періштелер әлі жер бетіне түсіп өмір сүрмеген адам баласының нақақ қан төгетінін қайдан білуі мүмкін?! Бұл тұрғыда тәпсірші ғалымдардың әр түрлі көзқарасы айтылған. Олардың кейбірінің айтуынша: «Алла Тағала оларға адамдарға қатысты жеке мәлімет берген болуы мүмкін»

Ал, басқа бір топ ғалымдар періштелер Алла Тағала адам баласының неден жаратылатынын айтқанда оның табиғатын сол арқылы есептеп біліп алған болуы мүмкіндігін алға тартады. Себебі, Алла Тағала дәл осы періштелермен болған оқиғаның барысын басқа ба аятта баяндағанда оларға адамның неден жаралатынына дейін айтқанын көрміз: «Есіңде болса, Раббың періштелерге: «Мен құрғақ, күйдірілмеген әрі кескінделген қара балшықтан адам жаратамын[ii]…..– деген еді.»

 

Періштелердің «Сонда, жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасайтын және нақақтан-нақақ қан төгетін біреуді жаратасың ба?!»- деп сұрауы олар тарапынан адамның жаратылуына деген қарсылықты білдірмейді. Себебі, періштелер тек бойсұнатын жаратылыс. Олар ешқашан Аллаға қарсы шығып, қандай да бір күнә істей алмайды. Олар жайлы Құранда былай келеді: «Олар тек Оның айтқандарын ғана қайталайды, Одан бұрын сөз бастамайды және бұйрығын ғана орындайды[iii]».

Жоғарыдағы сұрақты олар адам жаратылысының сырын, оның артындағы даналықты үйрену үшін сұраған.

Періштелердің бұл «неге?» деген сұрағына Алла Тағала кесіп жауап берместен тек ғана: «Расында, Мен сендер білмейтін қаншама жайттың қыр-сыры мен хикметін білемін» яғни «оны түсінулерің үшін сендерге басқа да көптеген нәрсенің қыр-сырын білулерің керек»,- деп жауап береді. Кейбір ғалымдардың пікірінше[iv] Алла Тағала кейбір жаратылыстың оның ішінде адамның жаратылу себебін періштелердің өзінен сыр қылып сақтаған. Өйткені оны түсінуге адамдардың да періштелердің де шектеулі ақылдары жетпеуі мүмкін. Ал, Алланың білімі шексіз. Сол үшін шексіз ақыл Иесінен (Алладан) ақылы шектеулі жаратылыстардың (періште, адам, жындардың) түсіне алмайтын әрекеттері тууы ақылға қонымды нәрсе.

Ал «Зәрият» сүресіндегі «Мен жындар мен адамзатты тек қана Маған құлшылық етсін деп жараттым[v]» деген аят жындар мен адамдардың жаратылу себебін емес тек ғана мақсатын көрсететіндей. Яғни олардың міндеттерін білдіреді. Әйтпесе адамды тек құлшылық үшін жаратса жоғарыдағы аятта періштелердің: «Біз бір Өзіңе үздіксіз мадақ һәм шүкіршілік айтып, мінсіз, кемшілік атаулыдан ада һәм ұлы екеніңді жар салып, бір Өзіңді ұлықтаудамыз ғой!» дегеніндей, адамның жаратылысы мен періштелердің жаратылысының айырмашылығы болмай қалатын еді. Алайда, Алла Тағала ешкімнің құлшылығына мұқтаж емес. Ал, адамзаттың негізгі жаратылу себебін періштелердің өзіне кесіп айтпаған. Оның сыры Алла Тағаланың құзырында, қалаған құлдарына ғана ашады. (дұрысы Аллаға мәлім!)

 

 

 

Тəпсірді қазақшаға тəржімалаған: Еркебұлан Сейітжанұлы

 

 

 

[i] «Халифа» – Жаратушының жер бетіндегі өкілі. Яғни, жер бетінде Алланың атымен үкім жүргізетін, жер бетін көркейтетін ерекше жаратылыс.

 

[ii] Хижр сүресі 28

[iii] Әнбия сүресі 27

[iv] Бакр Зәки Ауад

[v] Зәрият сүресі 56

Пікір жазу