Бір аят тәпсірі Мақалалар

Бақара сүресінің 26, 27-аяттары

إِنَّ اللَّهَ لا يَسْتَحْيِي أَنْ يَضْرِبَ مَثَلاً ما بَعُوضَةً فَما فَوْقَها فَأَمَّا الَّذِينَ آمَنُوا فَيَعْلَمُونَ أَنَّهُ الْحَقُّ مِنْ رَبِّهِمْ وَأَمَّا الَّذِينَ كَفَرُوا فَيَقُولُونَ ماذا أَرادَ اللَّهُ بِهذا مَثَلاً يُضِلُّ بِهِ كَثِيراً وَيَهْدِي بِهِ كَثِيراً وَما يُضِلُّ بِهِ إِلاَّ الْفاسِقِينَ (26) الَّذِينَ يَنْقُضُونَ عَهْدَ اللَّهِ مِنْ بَعْدِ مِيثاقِهِ وَيَقْطَعُونَ ما أَمَرَ اللَّهُ بِهِ أَنْ يُوصَلَ وَيُفْسِدُونَ فِي الْأَرْضِ أُولئِكَ هُمُ الْخاسِرُونَ (27)

 

  1. Алла (ақиқатты жеткізіп, құлдарының жүрегіне иман нұрын ұялату үшін) масаны, тіпті одан да кіші немесе үлкен жаратылысты мысал етіп беруді ар көрмейді. Иман еткендер (осы мысалдың хикметін түсінгендіктен) оны Раббыларынан жеткен ақиқат деп біледі. Ал кәпірлер болса: «Алла бұл мысалмен не айтпақшы һәм не істемекші?», − деседі. Алла онымен талайларды адастырып, талайларды тура жолға салады. Негізі, Алла сол мысал арқылы (Өзіне қарсы келіп, асы болған) азғындарды ғана тура жолдан тайдыруда.

 

27.Ол азғындар (Аллаға иман етіп, пайғамбарға толық бойсұнуға қатысты) Аллаға берген уәделерінде тұрмай серттерін бұзады. Сонымен қоса, Алланың «жалғастыр» деп бұйырғанын үзіп, азғындыққа бастап, жер бетінде бүлік шығарып, бұзғыншылық жасайды. (Екі дүниеде де) зардап шегетіндер, міне, солар.

 

Аяттың түсу себебі:

Алла Тағала «Бақара» сүресінің 17, 19-аяттарында мұнафықтардың мысалын келтірген болатын: «Олардың мысалы (қараңғы түнде) от жаққан кісіге ұқсайды…..»[i], « Немесе олар түнек қаптап, күн күркіреп, найзағай ойнаған аспаннан құйған дауылды нөсерге тап болған адамдарға ұқсайды». Осы екі аятты естіген мұнафықтар: «Алла мұндай түкке тұрмайтын мысал беруден пәк»- дейді. Осы кезде Алла Тағала Елшісіне (с.а.с) жоғарыдағы екі аятты түсіреді: «Алла масаны, тіпті одан да кіші немесе үлкен жаратылысты мысал етіп беруді ар көрмейді….».[ii]

 

Тәпсірі:

Алла Тағала масамен не болмаса одан да кіші жаратылыспен мысал келтіруге арланбайды. Себебі, мақсат ақиқатты түсіндіру болғандықтан мысал келтіретін заттың үлкен-кішілігінде тұрған ештеңе жоқ. Себебі олардың барлығы Алла Тағаланың ұлылығымен, құдіретімен жаралады.

Жаратылыстың үлкенін де кішісінде Алла ғана жаратқандығына иланған мұсылмандар: «Бұл – Алланың сөзі, хақ сөз. Ол не айтса да хақты айтады. Ол үшін жаратылыстың бәрі бірдей. Олай болса берілген бұл мысалдың артында бір даналық бар» дейді.

 

Ал, берілген мысалды менсінбеген кәпірлер болса: «Алла Тағала мұндай төмен мысал беру арқылы не дегісі келді?»- дейді. Бұлардың бұл сөзі өздерін адастырып, соңында өздеріне таяқ болып тиеді. Егер олар иман етіп, берілген ол мысалдан даналық іздеген болса, әлбетте іздегенін табар еді. Алайда олар аяттарға ол көзбен қарамайды.

Мұндай мысалдардың мақсаты жайында Алла Тағала тағы бір аятында былай дейді:

«Сондағы мақсатымыз кітап иелері шәк-шүбәсіз кәміл илансын, мүміндердің иманы одан сайын арта түссін һәм кітап иелері мен мүміндердің титтей де күмәні қалмасын дедік. Сондай-ақ жүректерінде кесел болғандар мен кәпірлер: «Сонда Алла осы мысал арқылы не айтқысы келді?», – десін, деген едік»[iii]

 

Осыдан кейін Алла Тағала олардың бұл сұрақтарына жауап ретінде: «бұл мысалдардың Аллаға күпірлік қылғандардың адасу үстіне адасуына, ал, Оған иман еткендердің иманының артуына себеп болғанын, сондай-ақ мұндай мысалдардан тек Аллаға бойсұнбайтын, хақты көргісі келмей ақылдарын бекітіп тастаған азғындардың ғана адасатынын айтады.

Яғни адасуларының себебі: Алланың ғибадат үшін жаратқан тіршілік заңдарынан олардың дұрыс нәтиже шығармаулары. Ал, аяттың «Алла онымен (бұл мысалмен) талайларды адастырып, талайларды тура жолға салады»-дегенінен мақсат – етістікті себепке байлағаны. Алла мысал беру арқылы тек себеп істейді. Сол себептің арқасында біреулер тура жол тапса, енді біреулер дәл сол мысалмен адасады. Алла Тағала зұлымдықпен ешкімді адастырмайды.

 

Келесі аятта Алла Тағала әлгі азғындардың сипаттарын айтады: Олар серттерін бұзады. Ақылдарын, сезімдерін тура жол табулары үшін қолданбайды. Аллаға берген «жаратылыс серттерін»[iv] бұзады. Яғни пайғамбардарға сенбейді, шариғатпен жүрмейді. Олар жайлы Алла Тағала: «Олардың жүректері бар, алайда, онымен терең ойланбайды, ақиқатты түсінейік демейді. Көздері бар, алайда, онымен негізгі көретін нәрсені, ақиқатты көрмейді. Құлақтары бар, алайда, онымен естулері керек нәрсені естімейді. Сондықтан да олар мал сияқты, тіпті, одан да бетер. Олар (ақиқаттан бейхабар) ғапылдардың нақ өзі[v]»,-дейді.

Осылайша мүшрік арабтар Пайғамбарымызға сенбеу арқылы аталмыш «жаратылыс серттерін»бұзса, кітап иелері[vi] екі серт бұзған болады. Біріншісі: «жаратылыс серті». Ал, екіншісі: «дін серті» яғни олар өз кітаптарына сену арқылы ішіндегі соңғы пайғамбар Мұхаммедтің сипаттарына де сенген болатын. Алайда, аталмыш пайғамбар келгенде біле тұра иман етпей тағы бір серттерін бұзды. Олар жайлы Алла Тағала былай дейді: «Біз кітап түсірген қауым (дін басылары мен ғұламалары) ақырғы пайғамбарды (құбыласы һәм бүкіл ерекшеліктерімен қоса) өз балаларын танығандай таниды. Сөйте тұра, олардың бір бөлігі осынау ақиқатты біліп тұрып жасырады[vii]».

 

 «Алланың «жалғастыр» бұйырғанын үзіп, азғындыққа бастап, жер бетінде бүлік шығарып, бұзғыншылық жасайды…..» яғни Алла Тағаланың бар екеніне анық дәлелдер келгеннен кейін ақылдары жеткен нәрсені сеніммен (иманмен) жалғастырмайды. Яғни дәлел мен дәлелденген нәрсенің ортасын үзеді. Ал Аллаға иман еткендері бір пайғамбарға сенсе, басқаларына сенбей, олардың орталарын бөліп жарады. Ал, Алла Тағала бәріне бірдей иман келтіруді бұйырады. Алла Тағала сондай-ақ туысқандық қарым-қатынасты қалыптастырыңдар десе, олар керісінше байланыстарын үзеді.

 

 

 

 

[i] Бақара сүресінің 17-аяты

[ii] Ибн Жәрир әт-Табари

[iii] Мүддәсир сүресінің 31-аяты

[iv] «жаратылыс серті» дегеніміз: бұл Алла Тағаланың әрбір адамның жүрегіне Өзін (Алланы)табу үшін салып қойған сезімдері. Ол жайлы құранда былай дейді: «Раббың Адамның бүкіл ұрім-бұтағының белідегі ұрпақтарын шығарып алып, оларды өз-өздеріне куә етіп: «Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?», – дегенде, барлығы бірауыздан: «Әлбетте, біз бұған куәлік етеміз!», – деп жауап берді. Біз мұны қиямет күні: «Расында, біз бұдан бейхабар едік», – деп сылтау айтпауларың үшін істедік». (Ағраф сүресі 172)

[v] Ағраф сүресі 179

[vi] Яһудилер мен христиандар

[vii] Бақара сүресі 146

Пікір жазу