Бір аят тәпсірі Мақалалар

Бақара сүресінің 25-аяты

» وَبَشِّرِ الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحاتِ أَنَّ لَهُمْ جَنَّاتٍ تَجْرِي مِنْ تَحْتِهَا الْأَنْهارُ كُلَّما رُزِقُوا مِنْها مِنْ ثَمَرَةٍ رِزْقاً قالُوا هذَا الَّذِي رُزِقْنا مِنْ قَبْلُ وَأُتُوا بِهِ مُتَشابِهاً وَلَهُمْ فِيها أَزْواجٌ مُطَهَّرَةٌ وَهُمْ فِيها خالِدُونَ «
«(Уа, Мұхаммед!) Иман етіп, игілікті істер істегендерді сүйіншіле. Шүбәсіз, олар үшін (жайқалған жасыл бауларының арасы мен зәулім сарайларының) түбінен өзендер ағатын жəннат бақшалары бар. Оларға ризық ретінде сол жердің жемісінен ұсынылған сайын: «Бұл бізге бұған дейін де (жəннатта яки дүниеде) берілген ризық қой», – деседі. Негізі, олардың дәл өзі емес ұқсасы беріледі (сырттай ұқсағанмен, ләзаты өзгеше болады). Олар үшін жəннатта пәк жұбайлар бар, олар онда мәңгі-бақи тұрақтайды»
Әй, Мұхаммед! Өзіңнің ғұлама мирасқорларыңды және Аллаға сеніп, салиқалы амалдар істеген тақуа мұсылмандарды сүйіншіле! Оларға астынан жәннаттың өзендері ағып жататын сарайлар мен іші ағашқа толы бау-бақшалар бар. Олардың ішінде жан қалауының бәрі бар. Оның ішінде көз көріп, құлақ естімеген, ешкімнің ойына кіріп-шықпаған нәрселер бар. Онда таусылмайтын тағамдар, әрдайым балауса боп тұратын түрлі жеміс-жидектер бар. Оларға ертелі-кеш қандай да бір жеміс ұсынылса, олар: «мыналар біздің дүниеде жегендеріміз ғой» деп таң қалады. Алайда, жей бастағанда барып, олардың түрі ұқсас болғанымен дәмі өмірдегіден мүлдем бөлек екенін аңғарады.
Бұған байланысты Ибн Аббас «дүниеде жәннатта бар нәрселердің атауларынан басқа ештеңе жоқ»,-дейді.
Жәннәт жайында Алла Тағаланың басқа да аяттарында былай келеді: ол жерде мұсылмандарға хор қыздарынан жұбайлар бар. Олар өздерінің шатырларынан шықпайды. Оларға не адамның, не жынның қолы тимеген. Олардың не ішкі әлемінде (қисықтық сияқты), не сыртқы әлемінде (хайыз, нифас, зәр сынды) зәредей ластық жоқ.
Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Жәннат иелері ол жерде ішіп-жейді. Алайда, олар онда түкірмейді, үлкен-кіші дәрет сындырмайды, мұрын сіңбірмейді»,-дейді. Сонда жанындағылар: «сонда жеген тамақтары қайда кетеді»,- дейді. Сонда ол: «олар кекірік боп, хош иісті тер боп шығып кетеді»,- дейді .
Алайда мұсылмандардың дүниедегі жұбайлары хор қыздарынан әлде қайда тартымды болып келді.
«35. Біз ол кезде оларды (тәні мен жан-дүниелерін жұмаққа лайық етіп) жаңадан жаратқан боламыз.
36. Оларды қыз кездеріндегі пәк қалпына қайта түсіреміз.
37. Олар жұбайларын құлай сүйетін әрі жас жағынан да түйдей құрдас болады.
38. (Бұлардың бәрі амал дәптерлерін оң жақтан алатын бақытты жандар) асхабул-ямин үшін».
Умму Сәләма анамыз айтады: Пайғамбарымызда: «Уа, Алланың Елшісі, дүниегі әйелдер абзал (әдемі) бола ма, жоқ хор қыздары ма?»,- деп сұрадым. Ол: «Дүниедегі әйелдер»,- деп жауап берді. «Несімен абзал (әдемі)?» деп едім, «Намазымен, оразасымен және Алла Тағалаға істеген ғибадаттарымен»,- деді .
Құранда тек салиқалы амалдар істеген мұсылмандарды мәңгілік жәннатпен сүйіншілейтін, жүректерді тербеп, көңілдерге медеу сыйлайтын аяттар өте көп. Аяттан алатынымыз: салиқалы амалмен бірікпесе жалғыз иман адамға жеткіліксіз екендігі.
Сондай-ақ аяттан түйетініміз: жәннаттың рахаты мен ризығының таусылмайтындығы. Алла Тағала жоғарыдағы аятта уәде еткен жəннатын біздің ақылымызға қонатындай ғана етіп суреттеді. Себебі адам табиғаты әдетте көрмеген нәрсесін өзіне белгілі материямен салыстыра отырып қабылдайды. Өйткені адамның көңілі жаратылысында дүниеге құмартып тұрады. Сол себепті Алла Тағала жəннаттые қызығын адамның бұл дүниеде жаны неге құштар болса сонымен салыстыра отырып жеткізген.

 

Тəпсірді қазақшаға тəржімалаған: Еркебұлан Сейітжанұлы

«Шын мәнінде ғұламалар пайғамбарлардың мирасқорлары» хадис (Әбу Дәуд, Тирмизи)

[1] Бухари мен Муслимде келген Әбу Һурайрадан жеткен хадис

[1] Муслим риуаят еткен

[1] Уақиға сүресі 35-38

[1] Тирмизи риуаят еткен

 

Пікір жазу