Бір аят тәпсірі Мақалалар

Бақара сүресінің 21,22-аяттары

يا أَيُّهَا النَّاسُ اعْبُدُوا رَبَّكُمُ الَّذِي خَلَقَكُمْ وَالَّذِينَ مِنْ قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ (21) الَّذِي جَعَلَ لَكُمُ الْأَرْضَ فِراشاً وَالسَّماءَ بِناءً وَأَنْزَلَ مِنَ السَّماءِ ماءً فَأَخْرَجَ بِهِ مِنَ الثَّمَراتِ رِزْقاً لَكُمْ فَلا تَجْعَلُوا لِلَّهِ أَنْداداً وَأَنْتُمْ تَعْلَمُونَ(22)”

 

«21.    Уа, адамдар! Тақуалыққа жету үшін өздеріңді және өздеріңнен бұрынғыларды жоқтан жаратқан Раббыларыңа ғибадат етіңдер.

  1. Ол сендер үшін жерді төсеніш, көкті күмбез етті. Көктен жаңбыр жаудыру арқылы сендерге ризық етіп жерден алуан түрлі өнім шығарды. Осының бәрін біле тұра, Аллаға өзгелерді тең көріп, серік етіп қоспаңдар».

 

Алла Тағала адамзатқа өткен пайғамбарлар арқылы жалғыз өзіне құлшылық етуге әмір еткені сияқты бұл аятта да Мекке мүшріктерінен бастап бүкіл адамзатты бір өзіне ғибадат етуге шақыруда.

Ғибадат «عِبَادَةٌ» сөзі  араб тілінде «бойсұну» деген мағына берсе, бұл аятта Алла Тағалаға серік қоспай дініне ұю деген мағына береді. Себебі ол тірі жанның барлығын өзі жаратқандықтан және олардың жағдайын тек өзі реттеп отырғандықтан жалғыз өзіне ғибадат етуге лайықты. Ол ғибадаттың нәтижесінде адам тақуалыққа және кемелділікке жете алады.

 

Алла Тағаланы ғибадатқа лайықты ететін тағы бір себеп: Ол жерді ондағы тіршілік иелеріне төсеніш қылып жаратты. Дөңгеленіп жаратылған ол жер үнемі айналып тұрғандықтан шашырап кетпесі үшін оны таулармен бекітті. Таулар жерге қағылған қазықтар іспетті. Ал, аспанды жердегі тіршілікке жақсылығы мен берекетін төгіп тұратын күмбез қылып жаратқан. Ондағы жүзіп жүретін көптеген галактикалық денелер бір-бірімен соқтығыспауы үшін араларын тартылыс күшімен реттеп қойған. Сондай-ақ аспаннан жердің бетін көгертетін, ауны зиянды заттардан тазартатын жаңбыр түсірген.

 

Міне, кім жоғарыдағы ерекшеліктерімен сипатталса, тек сол құлшылық етілуге лайықты болады. Ал, оған серік қосып не өзіне, не басқаға, не пайда, не зиян бере алмайтын  пұттарға табыну әбестік екендігі ақиқат. Өйткені ол өз істерінде ешқандай серікке мұқтаж емес.

 

Аяттан алатын шариғи үкім:

Қандай да бір кісі бүгіннен бастап төсеніш қолданбаймын (яғни жұмсақ жерге жатпаймын» деп Алла Тағаланың атымен ант ішсе, кейін жерге жатса, аяттағы «Ол сендер үшін жерді төсеніш етті» деген сөз үшін әлгі ант ішуші антын бұзған болып есептелмейді. Себебі аяттағы «төсеніш» тура мағынада айтылғанымен, өмір салтында жерге төсеніш деп қолданбайды.

 

Тəпсірді қазақшаға тəржімалаған: Еркебұлан Сейітжанұлы

Пікір жазу