Бір аят тәпсірі Мақалалар

Бақара сүресінің 20-аяты

»يَكَادُ الْبَرْقُ يَخْطَفُ أَبْصَارَهُمْ ۖ كُلَّمَا أَضَاءَ لَهُم مَّشَوْا فِيهِ وَإِذَا أَظْلَمَ عَلَيْهِمْ قَامُوا ۚ وَلَوْ شَاءَ اللَّهُ لَذَهَبَ بِسَمْعِهِمْ

وَأَبْصَارِهِمْ ۚ إِنَّ اللَّهَ عَلَىٰ كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ«

 

 

«Жарқ-жұрқ еткен найзағай олардың көздерін көр ете жаздайды. Олар найзағай жарқ етіп, жарығын түсірген сайын жүреді де, жарық сөнгенде, тоқтай қалады. Егер Алла қаласа, олардың құлағын керең, көзін көр етер еді. Шүбәсіз, Алланың құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді. (Міне, мүміндердің, кәпірлердің және екіжүзділердің жағдайы осындай)»

 

Мұнафықтарға (екіжүзділерге) Алла Тағала сан рет тура жол көрсеткен еді. Алайда олар бас тартты. Олардың бұл кейпі қараңғы түнде найзағайдан жүректері шайлығып, қорқыныштан қалшылдаған адамдарға ұқсайды. Олар ол қараңғылықтан (Алланың әмірлерінен) найзағайдың жарығы арқылы ғана жол тапқысы келеді. Яғни, Алла Тағаланың аяттарынан, дінінен өздеріне тиімді көрінген жерлерін ғана алғысы келеді. Алайда, найзағай сөніп қараңғылық қайта келгенде, яғни, Алла Тағаланың намаз, қажылық, зекет немесе дін жолындағы күрестері сынды әмірлері келгенде қаз қалыптарына қайта оралады.

 

Сахабалардың сөздерінде мұнафықтардың жағдайлары былайша баяндалады: егер олардың мал-жандары артып, ұлдары көбейсе немесе соғыста жеңіп, мол олжаға кенелсе Мұхаммедтің діні дұрыс дін дейді. Ал, егер малдары қырылып, балалары өлсе немесе бастарына қандай да бір бәле-жала келсе «Не де болса, бұл Мұхаммедтің дінінің кесірінен келді» – дейді.

 

«Егер Алла қаласа, олардың құлағын керең, көзін көр етер еді». Ибн Аббастың айтуынша: аят құлақ пен көздің тура мағынасын меңзеп тұр. Яғни, туралықты көре тұра, ести тұра қабылдамағандары үшін бұл екі сезім мүшесін алып қоюына да болатын еді. (Алайда Алла Тағала мейірімімен, даналығымен жер бетіндегілерді күнә үсті жазаламай тәубе етіп, тура жолға түсулеріне мүмкіншілік беріп қойған.) Әйтпесе Алланың құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді.

 

Тəпсірді қазақшаға тəржімалаған: Еркебұлан Сейітжанұлы

Пікір жазу