Мақалалар Фиқһ

АЗАНДЫ ДҰРЫСТАП ШАҚЫРА АЛМАСАҢЫЗ…

Араб тілінде көп сөздерді дұрыстап оқи алмаса, мағынасы өзгеріп кетеді. Әсіресе, Құран оқығанда, Алла Тағаланың есімдерін атағанда, тіпті, азан шақырғанда сақ болу керек. Сөздің дұрыс дыбысталмауының салдарынан мағынасы мүлде өзгеріп кетуі бек мүмкін. Сол үшін де бұрын шәкірттерге “Алла” деген Раббымыздың ең ұлық есімін дұрыс айтып үйренбейінше, ұстаздары шыбықпен “таяқтап” қайталай берген екен.

Азанды да дұрыс айту үшін шәкірттерге қатаң талап қойылған. “Аюға намаз үйреткен таяқ” деген осындайда айтылса керек. Азанның мәтінін сауатты айтуға өте қатты көңіл бөлінген.

Азанды Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафа с.а.у Біләлға айтқызатын. Себебі, азан сөздеріндегі әріптерді дұрыс айтпаса оның мағынасы өзгеріп кетеді. Абу Даудтың сунанында және сахих Бұхариде Абдулазизден (р.а) жеткен хадисте: «Абдулазиз түсінде азанның мәтіндерін көрді және ертесіне Пайғамбарымызға с.а.у жеткізді. Сүйікті Пайғамбар с.а.у онда бұл сөздерді Біләлға үйрет, ол азан айтсын. Өйткені, Біләлдің дауысы жақсы»-деген.

Бұл жерде Пайғамбар Мұхаммед-Мұстафа с.а.у бірде төмендетіп не жоғарылату үшін емес, керісінше мұсылмандарға жағымды әрі Ислам дінінің кемелдігін көрсету үшін айтқан болатын. Сондықтан да азаншылар 7 жыл арнайы білім алған.

Адам азан айтқанда 7 түрлі жері күпірлікке алып баруы мүмкін:

1. Араб тілінде «Ә, Әнта»- «сен бе»?- деген мағынаны бергені секілді, Лафзатулладағы әлифті созса, Алла ұлыма не?- деген мағына шығады.

2. “Аллаһу Әкбар” дегенде “Әкбардың” «бә» әріпін созғанда – «Алла домбыра» және бір мағына шығады.

3. “Акбар” сөзінде «әлифті» созғанда “Ұлы, биік пе, не Алла?”- деген күмәнді мағына шығады.

4. «Әшһаду» сөзінде «ә әшһаду» деп айтса, «куәлік етейін бе?»- дегендей күмәнді мағына береді.

5. «Әннә» сөзінде «нунды» бір рет айтса: «мен де Алланың пайғамбарымын»- деген сөз шығады.

6. «Соләһ» деген сөзде: «һ» әріпін айтпаса, тозаққа шақырған болып қалады. Оған дәлел: Мәсад сүресіндегі «саяслә» сөзі.

7. «Фаләһ» сөзінде «һ» әрпін айтпаса, құрғақшылыққа шақыру болып табылады.

ҚМДБ талабына сай мешіттерде тек ресми бекітілген азаншыларға азан айтуға рұқсат бар. Кез-келген адам мешітте азан айта алмайды. Бұйрықта бар азаншылардың өзі жыл сайын сынақ тапсырып тұрады. Алланың үйіне жамағаттар жиналсын десек, азаны да сауатты шақырылуы керек.

Азаншылардың дәрежесі Алла Тағаланың алдында жоғары болады. Сауатты шақыра алсақ, сауапты амалдың бірі.

Білмегенді Хақ Тағала кешіреді! Ал, естіген соң амал қылу мұсылмандық бір міндет боп қалады.

Жаратқан Жаббар Иеміз мешіттерде азанды тоқтатпасын, жамағатқа толтыра берсін, құлшылықтарды қабыл Етсін!

Бауыржан Паташов – Мақтаарал ауданының Бас имамы

Пікір жазу