Бір аят тәпсірі Мақалалар

Бақара сүресінің 31,32-аяттары

وَعَلَّمَ آدَمَ الْأَسْمَاءَ كُلَّهَا ثُمَّ عَرَضَهُمْ عَلَى الْمَلَائِكَةِ فَقَالَ أَنبِئُونِي بِأَسْمَاءِ هَٰؤُلَاءِ إِن كُنتُمْ صَادِقِينَ(31) قَالُوا سُبْحَانَكَ لَا عِلْمَ لَنَا إِلَّا مَا عَلَّمْتَنَا ۖ إِنَّكَ أَنتَ الْعَلِيمُ الْحَكِيمُ (32)

«Әрі Адамға барлық нәрсенің атауын үйретті. Артынша оларды періштелерге көрсетіп: «Қане, айтқандарың рас болса, Маған мыналардың атауларын айтып (мән-мағынасын түсіндіріп) беріңдерші», – деді.» «(Сонда періштелер): «Сен мінсізсің, ұлысың! Біз Өзің үйреткеннен басқаны білмейміз. Шүбәсіз, Сен Алимсің де Хакимсің», – деді.»

Осы сүренің 30-аятында Алла Тағала адам баласы жаратылмай тұрып, олардың жаратылуын алдымен өзінің күнәсіз құлдары аспан тұрғындарының (періштелердің) талқысына салып, сол арқылы адамға көрсеткен құрметін білдірген болса, бұл аятта адамға періштелерге беймәлім нәрселерді үйретіп, осылайша оның дәрежесін періштелерден де үстем еткенін айтады.

Судди Ибн Аббастың былай деп айтқанын жеткізеді: «Әрі Адамға барлық нәрсенің атауын үйретті» «Үрім-бұтағының әрқайсысының аттарын жеке-жеке сондай-ақ жан-жануарлардың аттарын «мынау жылқы, мынау түйе, мынау есек» деп үйреткен» дейді. Ал, Ибн Аббастың Даххәктан келген риуаятында: «кәдімгі адамдардың білетін: «адам, жануар, жер, аспан, көл, т.б аттары үйретілген» дейді.

Бұл тұрғыда айтылған көзқарастар өте көп. Ішінде ең дұрысырағы: оған әрбір нәрсенің аты, болмысы, сипаты, және қызметінің үйретілгені. Себебі бұл аяттың тәпсіріне байланысты келген Пайғамбар (с.а.с) хадисінде былай делінген: «Мұсылмандар қиямет күні жиналып Раббымыздың алдында шапағат ететін біреу болса»,-деп, Адамға (а.с) келеді. Оған: «(Уа, Адам!) Сен адамзаттың әкесісің, сені Алла өз қолымен жаратты, саған періштелерін сәжде еткізді, сондай-ақ саған бүкіл нәрсенің атын үйретті (яғни сенің Алла Тағаланың алдында орның бар ғой) олай болса Алла біздің бүгінгі жағдайымызға жеңілдік беруі үшін Оның алдында бізге шапағат етші»,-дейді ». Хадисте және жоғарыдағы аятта Алла Тағаланың Адамға бүкіл жаратылыстың атын үйреткендігі ғана айтылғанымен одан терең мағына түсінуге болады. Себебі әрбір нәрсенің аты оның хақиқатына, болмысына, сипатына, қызметіне байланысты қойылады. Демек, Адамға бүкіл заттың тек аты ғана емес, сол аты арқылы жалпы тіршіліктегі алатын орны мен маңыздылығы да үйретілген. Аятқа осы мағынада қаралса Адамның (а.с) ілімінің маңыздылығы ортаға шығатын сияқты.

Аяттың жалғасында Алла Тағала былай дейді: «Артынша оларды періштелерге көрсетіп(яғни, періштелерге беймәлім, тек Адамға ғана үйретілген жаратылыстырды): «Қане, айтқандарың рас болса, (адамзат сендер айтқандай бұзақы әрі қан төгуші болса, ал сендер одан білімді болсаңдар) Маған мыналардың атауларын айтып (мән-мағынасын түсіндіріп) беріңдерші», – деді»
(Сонда періштелер өздерінің шарасыздығын мойындап): «Сен мінсізсің, ұлысың! Біз Өзің үйреткеннен басқаны білмейміз. Шүбәсіз, Алим (Сен барлық нәрсені толық білетін шексіз ілім иесісің), Хаким (әр ісің мен әрбір үкіміңде талай хикмет болған асқан даналық иесісің)», – деді.

  •   Әнәстан келген хадис (Бухари)

Пікір жазу